Шымкент - жасыл желек шырайы келіскен шынайы жандардың мекені.
Шымкент – қазақ елінің сауда, мәдениет, өнеркәсіп орталықтарының бірі. Қонақжай қалада түрлі этнос өкілдері қоныстанып, қазақ, славян, өзбек, татар, неміс, еврей, корей, поляк, башқұрт, әзірбайжан сынды 19 ұлттың мәдениет орталықтары жұмыс істейді.
Қаланың көрікті мекендерінің бірі - орталық саябақтар. Үш саябақ 19-ғасырда салынған. Бір саябақ Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония аясында орналасқан.
Сондай-ақ, Абай атындағы демалыс және мәдениет саябағы, «Кең-баба» этнография саябағы, Дендро саябақ, зообақ, ипподром, «MegaCenter» және «Shymkent plaza» ойын-сауық және сауда кешені, «Nimex Land», «Бамзик» ойын-сауық орталықтары қала тұрғындары мен қонақтарының жайлы демалысы үшін үздіксіз қызмет көрсетеді.
Өнерсүйер қауым үшін Ж.Шанин атындағы қалалық драма театры мен Орыс драма театры, қалалық Әзіл-сықақ және сатира театры көрермен үшін қойылым ұсынса, балалар үшін «Қуыршақ және жасөспірімдер» театрының есігі ашық. Театр сахналарында қазақ және шетел классиктерінің шығармаларының желісімен қойылған спектакльдерді үздіксіз тамашалауға мүмкіндік зор.