Жиі қойылатын сұрақтар
Магистратурада кадрлар даярлау білім беру бағдарламалары негізінде екі бағыт бойынша жүзеге асырылады:
1) ғылыми-педагогикалық;
2) бейінді.
Ғылыми-педагогикалық бағыттағы магистратура ЖЖОКБҰ мен ғылыми ұйымдар үшін тереңдетілген ғылыми-педагогикалық және зерттеу даярлығы бар ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлау бойынша жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асырады.
Бейінді бағыт бойынша магистратура экономика, медицина, құқық, білім, өнер, қызмет көрсету және бизнес, қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік салалары, құқық қорғау қызметі үшін тереңдетілген кәсіптік даярлығы бар басқарушы кадрларды даярлау бойынша жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асырады. https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2200028916
Оқу бағдарламаларын орындау аяқталды деген негізгі критерий білім алушының:
ғылыми-педагогикалық магистратурада оқу кезеңінің барлық түрінде кемінде 120 академиялық кредит,
профильдік магистратурада кемінде 60 академиялық кредит меңгеруі болып табылады.
Мысалы, өтініш беруші Астана қаласында «Менеджмент» мамандығы бойынша магистратураға түсуді жоспарлап отыр.
Өтініш беруші https://epvo.kz/#/register/education_program сілтеме бойынша ғылыми-педагогикалық немесе профильдік бағыттар бойынша білім беру бағдарламасын таңдай алады.
Мысалы, Астана халықаралық университетінде 2 жылдық оқу мерзімімен «Менеджмент» магистратура білім беру бағдарламасы іске асырылады.
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарына сәйкес докторанттың ғылыми-зерттеу жұмысы ДҒЗЖ немесе докторанттың эксперименттік-зерттеу жұмысы (ДЭЗЖ) шеңберінде инновациялық технологиялармен және өндірістің жаңа түрлерімен танысу үшін ғылыми ұйымдарда және (немесе) тиісті салалардың немесе қызмет салаларының ұйымдарында, оның ішінде шетелде міндетті түрде тағылымдамадан өту көзделеді.
https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2200028916
Докторанттың шетелдік тағылымдамадан өту мерзімін жоғары оқу орны дербес айқындайды, тағылымдаманың ұзақтығы кемінде күнтізбелік 30 күнді құрайды.
Тағылымдама бағдарламасының мазмұны докторанттың зерттеу бейініне сәйкес келеді. Тағылымдама бағдарламасын жоғары оқу орны тағылымдама ұйымдастырылған ұйыммен бірлесіп бекітеді.
Тағылымдаманы зерттеу тақырыбы бойынша зерттеулердің және (немесе) жарияланымдардың алдын ала нәтижелері бар адамдар жүзеге асырады.
Тағылымдама нәтижелері жоғары оқу орнының ғылыми семинарында қарастырылады.
Мысалы, Докторант ғылыми ұйымдардың және (немесе) тиісті салалардағы ұйымдардың базасында, оның ішінде шетелде ғылыми тағылымдамадан өтуді жоспарлайды.
Докторантқа жоғары оқу орнының тиісті құрылымдық бөлімшелеріне жүгіну қажет.
Қазіргі уақытта «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ (бұдан әрі – Орталық) ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) желісі бойынша жүзеге асырылатын бағдарламалардың әкімшісі болып табылады.
Атап айтқанда, Қоғам «Болашақ» халықаралық стипендиясын, «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасын жүзеге асырумен қатар, Әзірбайжан Республикасы, Венгрия, Латвия Республикасы, Қытай Халық Республикасы, Қырғыз Республикасы, Моңғолия, Грузия, Корея Республикасы, Беларусь Республикасы, Польша Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Өзбекстан Республикасы, Вьетнам Социалистік Республикасы және Украинамен білім саласындағы халықаралық келісімдер аясында құжаттарды қабылдау және конкурстар өткізу жұмыстарын жүргізеді.
Аталған келісімдер аясында, шетел тілін меңгеру деңгейі мен білім туралы құжаттың орташа балына қарай (бакалавриат, магистратура, докторантура) үміткерлерге оқу гранттары ұсынылады. Айта кету керек, мамандықтар мен жоғары оқу орындарының тізімі жыл сайын қабылдаушы тараппен айқындалады.
Қазіргі уақытта министрлік тек жоғарыда аталған бағыттар шеңберінде ғана қаржы бөледі. Осыған байланысты, көрсетілген бағдарламалардан тыс қаржылық қолдау көрсету мүмкін емес.
Сонымен бірге, «Болашақ» бағдарламасы аясында, егер үміткер шетелдік беделді жоғары оқу орнынан (тізімде бар) магистратураға шартсыз қабылдау туралы (оқу ақысыз) шақыру алса және басқа шетелдік және/немесе қазақстандық ұйымдармен оқудың толық құнын жабу қарастырылса, бірлесіп қаржыландыру тетігі көзделген.
«Болашақ» халықаралық стипендиясы, «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасы және шетел мемлекеттері (университеттері) ұсынатын гранттар туралы ақпарат Орталықтың www.bolashak.gov.kz сайтында жарияланады.
Мысалы:
Студент магистратураға академиялық бағдарламаның толық құнын қамтитын, тегін оқуға шартсыз қабылдау хаттамасын алды. Бұл жағдайда ол қосымша қаржыландыруға үміткер бола ала ма?
Иә, академиялық оқудың толық қамтылған шақыруын алған жағдайда, ол стипендия төлеу, ұшу шығындары, виза қолдауы және басқа да шығындарды бөлігі бойынша бірлесіп қаржыландыруға үміткер бола алады.
Қазіргі кезде Комитет тізімі немесе Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім Ғылым және жоғғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің ғылыми қызметтің негізгі нәтижелерін жариялау үшін басылымдар тізбесі (бұдан әрі – Комитеттің басылымдар тізбесі) бірнеше тізімдерден тұрады – 1-тізім, 2-тізім, 3-тізім және әскери және арнайы органдар журналдар тізімі.
Ғылыми қызмет нәтижелерін жариялауға ұсынылатын басылымдар тізбесіне қосу үшін ғылыми басылымдарға қойылатын талаптар (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1600013409) бойынша докторлық диссертацияларды (PhD) қорғау үшін Комитеттің басылымдар тізбесінен жарияланым ретінде 2-тізімге енгізілген журналдағы 2 мақала ескеріледі.
Егер Сіздің 2 мақалаңыз Комитеттің басылымдар тізбесінің 2-тізімінде жарияланса және халықаралық рецензияланатын ғылыми журналдағы жарияланымға қойылатын талап орындалған болса, Сізге қорғауға рұқсат беріледі.
Мысалы, Сіздің 2 мақалаңыз «ҚазҰУ хабаршысы. Заң сериясы» журналында 2024 жылы және «Құқық және мемлекет» журналында 2025 жылы жарияланды. Бұл журналдар заң ғылымдары бойынша Комитеттің басылымдар тізбесінің 2-тізіміне тиісінше 2021 жылы және 2024 жылдан бері кіреді. Сондықтан осы журналдардағы жарияланымдар қорғауға шығу үшін ескеріледі.
ВАК тізбесі казіргі кезде дұрыс Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің ғылыми қызметтің негізгі нәтижелерін жариялау үшін басылымдар тізбесі (бұдан әрі – Комитеттің басылымдар тізбесі) деп аталады.
Казіргі кезде Комитеттің басылымдар тізбесі бірнеше тізімдерден тұрады – 1-тізім, 2-тізім, 3-тізім, әскери және арнайы органдар журналдарының тізімі.
Ғылыми атақтар (қауымдастырылған профессор (доцент), профессор) беру ережелеріне (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1100006939) сәйкес қауымдастырылған профессор (доцент), профессор ғылыми атақтарға ізденушілер үшін тек қана 1-тізім және 2-тізімдерге кіретін журналдарда жарияланған мақалалар есептеледі. 3-тізімдегі журналда шыққан мақалалар бұл ретте ескерілмейді.
Мысалы, Сіздің мақалаңыз «Қазақстан шығыстануы» журналында 2025 жылы шықты. Бұл журнал Комитеттің басылымдар тізбесінде 3-тізімге шығыстану бойынша 2024 жылғы №3 нөмірден бастап енгізілген, ғылыми атаққа ұсынатын ізденушіге осы мақала ескерілмейді.
Егер Сіз оқыған жоғары оқу орнында (бұдан әрі – ЖОО) диссертациялық кеңес жоқ болса, онда Сіздің даярдау бағытыңыз бойынша басқа ЖОО-дағы диссертациялық кеңесте (бұдан әрі – дискеңес) қорғауға шығуға болады. Диссертациялық кеңес туралы үлгі ереженің https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1100006929 20-тармағына сәйкес бұған рұқсат беріледі.
Керек даярлау бағыты бойынша дискеңесті ЖОО-ның немесе Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің сайтында табуға болады.
Бұл ретте, ЖОО-ректорының атына жазатын арызда Сіз таңдаған ЖОО-ның дискеңесін көрсету керек.
10 (он) жұмыс күні ішінде Сіз оқыған ЖОО таңдаған ЖОО-ның дискеңесіне құжаттарыңызды жолдайды.
Пысықталған диссертациялық жұмыс диссертациялық кеңеске үш ай мерзімде ұсынылады. Егер докторант диссертациялық кеңестің ескертулерімен келіспейтін болса, онда ол берілген ескертулерге дәйектелген жауаптарын ұсынады.
Диссертациялық кеңестің отырысына дейін пысықталған диссертация Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығына (бұдан әрі – ҰМҒТСО) немесе Плагиатқа тексеру комиссияға (әскери жоғары оқу орындары үшін) плагиатқа және жасанды интеллект технологияларын пайдаланып оларға сілтеме бермегенін тексеруге жіберіледі. ҰМҒТСО анықтамасын алғаннан кейін диссертациялық кеңес ресми рецензенттермен бірге пысықталған диссертациялық жұмысты және диссертациялық кеңестің ескертулерін жою мәніне ескертулерге жауаптарды талқылау жөнінде отырыс өткізеді.
Отырыста диссертациялық кеңестің кем дегенде 2/3 мүшесі қатысу керек, оның ішінде уақытша мүшелермен ресми рецензенттердің қатысуы міндетті.
Отырыстың бейнежазбасы жүргізіледі, бірақ интернетте онлайн трансляция керек емес.
Шешім жай көпшілік дауыспен жасырын дауыс беру арқылы қабылданады.
Нормативті түрде бұл Диссертациялық кеңес туралы үлгі ережеде (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1100006929) көрсетілген.
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласында жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлау жөніндегі білім беру бағдарламаларын іске асыратын заңды тұлғалар білім беру ұйымдары болып табылады. Жоғары білім беру ұйымы Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңына сәйкес лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны алған кезден бастап білім беру қызметімен айналысу құқығы туындайды.
Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің білім беру бағдарламаларын іске асыратын заңды тұлғалардың білім беру саласында қызметін лицензиялау кадрларды даярлау бағыттары («Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлау бағыттарының сыныптауышын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 13 қазандағы № 569 бұйрығы негізінде (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1800017565) мен оқыту нысандары (күндізгі, онлайн-оқыту, экстернат) бойынша жүзеге асырылады. Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беру мерзімі – берілген күннен бес жылды құрайды.
Жоғары және жоғары оқудан кейінгі білім беру саласындағы білім беру қызметін жүзеге асыруға лицензия беру мемлекеттік қызмет түрі болып табылады, оның рәсімі Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2022 жылғы 29 қарашадағы №164 бұйрығымен бекітілген «Жоғары және жоғары оқудан кейінгі білім беру саласындағы білім беру қызметін жүзеге асыруға лицензия беру» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларымен реттеледі (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2200030832).
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру қызметімен айналысуға лицензия беру мемлекеттік көрсетілетін қызмет түріне жатады және Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2024 жылғы 5 қаңтардағы № 4 бұйрығымен (бұдан әрі – Біліктілік талаптары) бекітілген Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптары және оларға сәйкестікті растайтын құжаттардың тізбесіне сәйкестігі негізгі шарт болып табылады (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2400033892).
Мысалы, Қазақстан Республикасында жоғары және жоғары оқудан кейінгі білім беру саласында білім беру қызметіне лицензия алу үшін келесі қадамдарды орындау қажет:
1. Заңнаманы зерттеу: «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңымен және лицензия беру процесін реттейтін Ғылым және жоғары білім министрлігінің бұйрықтарымен танысу.
2. Біліктілік талаптарын сақтау: Ұйымның келесі біліктілік талаптарға сәйкес екеніне көз жеткізу:
Оқытушы-профессорлық құраммен қамтамасыз ету.
Ғылыми-әдістемелік және материалдық-техникалық базаның жеткіліктілігі (оқу корпустары, зертханалар, оқу-техникалық құралдар, лицензиялық бағдарламалық қамтамасыз ету және т.б.).
Ғылыми әлеуеті.
3. Білім беру бағдарламаларын тіркеу: Әзірленген білім беру бағдарламаларын уәкілетті органның білім беру бағдарламаларының тізілімінде тіркеу. Операторы – Жоғары білімді дамыту ұлттық орталығы».
4. Құжаттарды дайындау:
Ұйымның құжаттары.
Білім беру бағдарламалары.
Оқытушылар туралы мәліметтер.
Материалдық-техникалық базаны растау.
Біліктілік талаптарға сәйкес екенін растайтын өзге де қажетті құжаттар.
5. Өтінім беру: «электрондық үкімет» электрондық порталдары арқылы (www.egov.kz, www.elicense.kz) қоса берілген материалдармен бірге өтінім беру. Өтінім 30 жұмыс күні ішінде қарастырылады.
Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беретін ұйымдарда (бұдан әрі – ЖЖООКББ) ғылыми-педагогикалық қызметті жүзеге асыру үшін тиісті білімі мен біліктілігі, сондай-ақ ғылыми қызметті (ғылыми журналдарда жариялау, ғылыми жобаларға қатысу, ғылыми кадрларды даярлау) жүзеге асыру қажет.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2024 жылғы 5 қаңтардағы №4 бұйрығымен бекітілген жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беретін ұйымдардың білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарына және оларға сәйкестікті растайтын құжаттардың тізбесіне сәйкестігі, жоғары оқу орындарында ғылыми-педагогикалық қызметті жүзеге асырудың негізгі шарты болып табылады (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2400033892).
Педагогикалық қызметке қойылатын талаптар, атап айтқанда білімінің, ғылыми дәрежесінің және ғылыми атағының оқытылатын пәннің бейініне сәйкестігі Біліктілік талаптарының 13, 21 және 28-тармақтарында көрсетілген.
Ғылыми қызметті жүргізудің сәйкестігі Біліктілік талаптарының 16, 23, 29, 31-тармақтарында (ғылыми басқаруды жүзеге асыру, ғылыми кадрларды даярлау, ғылыми жобаларға қатысу) көрсетілген.
Мысалы, «Қазақстан тарихы» пәні бойынша «бакалавр» академиялық дәрежесін берумен жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыру үшін сабақ беру құқығы тарих ғылымдарының кандидатына, немесе «Тарих» мамандығы бойынша жоғары білімі бар тұлғаға, немесе тарих бойынша магистр академиялық дәрежесі бар, не «Тарих» ғылыми бағыт бойынша ғылыми атағы бар оқытушыларға беріледі.
«Спорттық құқықтық аспектілері» пәні бойынша «магистр», философия докторы (PhD) және бейін бойынша доктор дәрежелерін берумен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыру үшін сабақ өткізу құқығы жоғары заң білімі бар, сондай-ақ құқық ғылыми бағыты бойынша заң ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі немесе ғылыми атағы бар оқытушыларға беріледі.
«Бакалавр» академиялық дәрежесін беру кезінде білім алушылардың дипломдық жұмыстарына (жобаларына) ғылыми жетекшілік ету үшін оқытушы кадрлар даярлау бағытына сәйкес келуі тиіс, яғни оның білімі немесе ғылыми дәрежесі түлектің даярлық бағытына сәйкес болуы қажет. Мысалы, «Бизнес және басқару» даярлау бағыты бойынша дипломдық жұмыс (жоба) жетекшісінің жоғары экономикалық білімі немесе экономика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі болуы тиіс.
Егер ғылыми жетекшілік салалық мамандар тарапынан жүзеге асырылса, онда түлектің даярлық профиліне сәйкес қызмет саласында кемінде 10 (он) жыл жұмыс өтілі болуы қажет.
Магистрлік және докторлық диссертацияларға ғылыми жетекшілік ету үшін түлектің даярлық бағытына сәйкес ғылыми дәреженің, тиісті ғылыми жарияланымдардың және Біліктілік талаптарының тармақтарына сәйкес жұмыс өтілінің болуы талап етіледі.
Ғылыми атақтар беру үшін ҚР ҒЖБМ-нің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті (бұдан әрі – Комитет), журналдарының мақалалары жарияланған ғылыми бағытқа – тақырып бойынша да, журнал сериясы бойынша да дәл сәйкес келуі керек. Нормативті түрде бұл ереже ғылыми атақтар беру ережелерінде бекітілген (қауымдастырылған профессор (доцент), профессор) (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1100006939).
Мысалы, ізденуші Экономика мамандығына тапсырып отыр, ал оның экономика туралы мақаласы Комитет ұсынған журналда заң бойынша журналда шыққан, бұл жағдайда осы мақала есептелмейді.