Жиі қойылатын сұрақтар
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 11 тамыздағы № 403 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған Қазақстан Республикасы азаматтарын жұмысқа жіберу, бюджет қаражаты есебінен жұмсалған шығыстарды өтеу, дербес жұмысқа орналасу құқығын беру, өтеу міндетінен босату немесе өтеу міндетін тоқтату қағидаларының (бұдан әрі – Қағидалар) 33-тармағына сәйкес, https://adilet.zan.kz/rus/docs/V2300033291 Қазақстан Республикасы азаматтарын өтеу міндетінен босату «Білім туралы» Заңның 47-бабының 17-2-тармағына сәйкес Жас мамандарды және философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор даярлау бағдарламалары бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған адамдарды жұмысқа бөлу жөніндегі комиссияның (бұдан әрі – Комиссия) шешімімен беріледі.
Мысал: Алматы қаласының тұрғыны М. азаматы биыл мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша «Жалпы медицина» мамандығы бойынша университетті аяқтайды және резидентураға ақылы негізде түсуді жоспарлап отыр. Ол резидентураға ақылы негізде түскен жағдайда өтеу міндетінен босатыла ма?
Қағидаларға сәйкес, резидентураға ақылы негізде түскен жағдайда М. азаматы мемлекеттік грант бойынша оқуына байланысты өтеу міндетінен босатылмайды.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі міндетін атқарушының 2023 жылғы 11 тамыздағы № 403 https://adilet.zan.kz/rus/docs/V2300033291 бұйрығымен бекітілген мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған Қазақстан Республикасы азаматтарын жұмысқа жіберу, бюджет қаражаты есебінен жұмсалған шығыстарды өтеу, өз бетінше жұмысқа орналасу құқығын беру, жұмыспен өтеу міндетінен босату немесе оны тоқтату қағидаларының 33-тармағына сәйкес (бұдан әрі-Қағида), жұмыспен өтеу міндетінен босату Қазақстан Республикасы азаматтарына «Білім туралы» Заңның 47-бабының 17-2-тармағында көзделген Жас мамандарды және мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде философия докторларын (PhD) және бейіні бойынша докторларды даярлау бағдарламалары бойынша докторантурада оқыған адамдарды жұмысқа бөлу жөніндегі комиссияның шешімімен жүзеге асырылады.
Мысал: Менің ұлым биыл мемлекеттік білім тапсырысы (бұдан әрі – мемлекеттік білім тапсырысы) негізінде «Тарих» білім беру бағдарламасы бойынша университетті аяқтайды және шетелдік жоғары оқу орнының магистратурасына түсуді жоспарлап отыр. Шетелдік жоғары оқу орнының магистратурасына түскен жағдайда ол жұмыспен өтеу міндетінен босатыла ма?
Қағидаларға сәйкес, ұлыңыз шетелдік жоғары оқу орнының магистратурасына оқуға түскен жағдайда, оған магистратурадағы оқуын аяқтағанға дейін жұмыспен өтеу міндетін орындау мерзімі кейінге қалдырылады. Магистратураны аяқтағаннан кейін ұлыңыз кейінге қалдыру мерзімі аяқталған күннен бастап 30 (отыз) күнтізбелік күннен кешіктірмей өтеу міндетін орындауға кірісуге тиіс.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 11 тамыздағы № 403 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған Қазақстан Республикасы азаматтарын жұмысқа жіберу, бюджет қаражаты есебінен жұмсалған шығыстарды өтеу, дербес жұмысқа орналасу құқығын беру, өтеу міндетінен босату немесе өтеу міндетін тоқтату қағидаларының 33-тармағына сәйкес, жұмыспен өтеу міндетінен босату Қазақстан Республикасы азаматтарына «Білім туралы» Заңның 47-бабының 17-2-тармағында көзделген Жас мамандарды және мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде философия докторларын (PhD) және бейіні бойынша докторларды даярлау бағдарламалары бойынша докторантурада оқыған адамдарды жұмысқа бөлу жөніндегі комиссияның (бұдан әрі – Комиссия) шешімімен беріледі.
https://adilet.zan.kz/rus/docs/V2300033291
Мысал: Менің ұлым биыл мемлекеттік білім беру тапсырысы (бұдан әрі – мемлекеттік білім тапсырысы) негізінде «Экономика» мамандығы бойынша университетті аяқтайды және ақылы негізде немесе мемлекеттік білім тапсырысы бойынша магистратураға түсуді жоспарлап отыр. Магистратураға түскен жағдайда ол өтеу міндетінен босатыла ма?
Ұлыңыз магистратураға ақылы негізде немесе мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқуға түскен жағдайда, оған магистратурадағы оқуын аяқтағанға дейін жұмыспен өтеу міндетін орындау мерзімі кейінге қалдырылады. Магистратураны аяқтағаннан кейін Комиссияның шешімімен ол жұмыспен өтеу міндетінен босатылады.
«AI-Sana» бағдарламасы – Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 13 қазандағы № 1042 Жарлығымен бекітілген Мемлекет басшысының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі «Қазақстан жасанды интеллект дәуірінде: цифрлық трансформация арқылы өзекті міндеттерді шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 82-тармағын https://adilet.zan.kz/kaz/docs/U2500001042 орындау шеңберінде іске асырылатын бағдарлама.
«AI-Sana» бағдарламасына Қазақстан Республикасының жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері, магистранттары және докторанттары қатыса алады. Бағдарламаға қатысудың міндетті шарты – білім алушы мәртебесінің болуы. Осыған байланысты оқуын аяқтап, білім алушы мәртебесінен айырылған түлектер бағдарламаға қатысушылар санатына жатпайды.
Мысал:
Азамат А. Ғылым және жоғары білім министрлігіне «AI-Sana» бағдарламасына қатысу мүмкіндігі туралы өтінішпен жүгінді. Өтінішті қарау барысында азамат А.-ның жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының студенті, магистранты немесе докторанты еместігі және білім алушы мәртебесінің жоқтығы анықталды. Осыған байланысты оған «AI-Sana» бағдарламасына жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымында білім алушы мәртебесі бар тұлғалар ғана қатыса алатыны түсіндірілді.
Шетелдік білім беру ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасау, әріптестік туралы ұсыныстарды қарау, сондай-ақ «Болашақ» халықаралық стипендиясы шеңберінде халықаралық ынтымақтастықты дамытуға байланысты өзге де мәселелер бойынша мүдделі тұлғалар «Халықаралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамының (бұдан әрі – «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ) Халықаралық ынтымақтастық басқармасына жүгіне алады. Өтінішті ресми байланыс арналары (ресми сайт немесе электрондық пошта) арқылы жолдауға болады.
Мысалы:
Ұлыбританиядағы жоғары оқу орындарының бірінің өкілі «Болашақ» бағдарламасы аясында «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-мен ынтымақтастық орнатып, өзара түсіністік туралы меморандум жасасуға қызығушылық танытады. Бұл жағдайда қайда жүгіну қажет?
Осы мәселе бойынша «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Халықаралық ынтымақтастық басқармасына 8 (7172) 76-90-76 (ішкі нөмірі 300) телефоны немесе info@bolashak.gov.kz электрондық поштасы арқылы хабарласуға болады. Шетелдік жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымымен ынтымақтастық орнату мәселесін «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ өз құзыреті шегінде белгіленген тәртіппен қарайды.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2023 жылғы 12 маусымдағы № 268 бұйрығымен бекітілген Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім туралы құжаттарды тану қағидаларының (бұдан әрі – Қағидалар) 13-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасында халықаралық шарттар негізінде немесе ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органның шешімі бойынша әрекет ететін шетелдiк жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiм беру ұйымдары филиалдарының және шетелдiк оқу орындары берген жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім туралы құжаттардың иегерлері білім туралы құжаттарды тану рәсімінен өтпейді.
Осылайша, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған және қызметін жүзеге асыратын шетелдік бiлiм беру ұйымдарының филиалдары мен шетелдік оқу орындары берген дипломдар Қазақстан Республикасының аумағында автоматты түрде танылады және оларды тану рәсімінен өткізудің қажеті жоқ.
Мысал:
Қазақстан Республикасының М. азаматы Астана қаласында орналасқан және ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органның шешімі негізінде білім беру қызметін жүзеге асыратын шетелдік университеттің филиалын тәмамдады. Жұмыс беруші одан білім туралы құжатын тану туралы анықтаманы талап етті. Азамат М. білім туралы құжатын тану бойынша мемлекеттік қызметті алу үшін өтініш берді. Алайда оған мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартылды, өйткені мұндай диплом Қағидалардың 13-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында автоматты түрде танылады.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2026 жылғы 16 қаңтардағы № 18 бұйрығымен Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2024 жылғы 5 қаңтардағы № 4 бұйрығымен бекітілген Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беретін ұйымдардың білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарына (бұдан әрі – Біліктілік талаптары) өзгерістер енгізілді.
Атап айтқанда, білім беру қызметін жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын ғимараттардың (оқу корпустарының) сәйкестігін құжат жүзінде растауға қойылатын талаптар күшейтілді.
Ғимараттарды (оқу корпустарын) шаруашылық жүргізу, жедел басқару, сенімгерлік басқару құқығын немесе оларды пайдаланудың өзге де заңды негізін растайтын құжаттардан басқа, жаңадан құрылатын жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары мынадай құжаттарды ұсынуға тиіс:
- объектіні пайдалануға қабылдау актісі;
- өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты тұлғаларды тағайындау туралы бұйрық;
- өрт қауіпсіздігі шаралары туралы нұсқаулықтар;
- эвакуация жоспары;
- Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің № 55 бұйрығына 3-қосымшаға сәйкес өрт сөндірудің бастапқы құралдарының ең төменгі қажетті тізбесі;
- өрт автоматикасы жүйелері мен қондырғыларын пайдалануға қабылдау актісінің көшірмесі.
Аталған өзгерістер білім беру қызметін жүзеге асырудың қауіпсіз жағдайларын қамтамасыз етуге және материалдық-техникалық базаның заңнама талаптарына сәйкес пайдалануға дайын екендігін растауға бағытталған (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2400033892).
Мысал:
Заңды тұлға жаңа университет ашуды жоспарлап, білім беру қызметімен айналысуға мемлекеттік қызмет алу үшін «Е-лицензиялау» ақпараттық жүйесі (http://e-license.kz) арқылы өтініш береді.
Өтініш беруші Біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын мәліметтер мен құжаттарды ұсынумен қатар, ғимараттың қауіпсіз пайдалануға дайын екендігін растайтын құжаттарды да ұсынуы қажет. Мысалы, ғимаратты пайдалануға қабылдау актісі, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын растайтын құжаттар және Біліктілік талаптарында көзделген өзге де құжаттар.
Құжаттар топтамасын қарау барысында өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын растайтын құжаттың ұсынылмағаны анықталды. Осыған байланысты заңды тұлғаға ұсынылған құжаттардың белгіленген талаптарға сәйкес келмеуіне байланысты мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартылды.
«Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының (бұдан әрі - Заң) 47-бабына сәйкес, https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z070000319 білім алушының бос орын болған және қабылдаушы жоғары оқу орнымен келісілген жағдайда, бір жоғары оқу орнынан екіншісіне, соның ішінде бір білім беру бағдарламасынан екіншісіне ауысуға және қайта қабылдануға құқығы бар.
Білім алушыларды ауыстыру және қайта қабылдау тәртібі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 30 қазандағы № 595 «Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы» бұйрығымен (бұдан әрі – Қағидалар) реттеледі. https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1800017657
Аталған Қағидаларға сәйкес:
1. Ауыстыру және қайта қабылдау жазғы және қысқы демалыс кезеңінде жүзеге асырылады.
2. Білім алушы жеке оқу жоспарына сәйкес меңгеріліп жатқан бағдарламаның бірінші академиялық кезеңін толық аяқтағаннан кейін ауыстырыла алады.
3. Білім беру гранты бойынша оқитын студент білім беру гранты сақтала отырып, басқа жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымына ауыстырылады.
4. Ауыстыру бос орындар болған кезде және қабылдаушы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының келісімімен жүзеге асырылады. Бұл ретте даярлық бағыты, білім беру бағдарламасының бейіні, оқу жетістіктері және академиялық адалдықты бұзу жағдайлары ескеріледі.
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы білім беру ұйымдарын және әскери, арнаулы оқу орындарын (бұдан әрі – ӘАОО) қоспағанда, білім алушы қайта қабылдау кезінде оқудан шығарылған мерзіміне қарамастан кез келген жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымына (бұдан әрі – ЖЖОКБҰ) ауыстырылады немесе қайта қабылданады.
ӘАОО өз қызметін Заңның 5-1-бабына сәйкес бекітілетін нормативтік құқықтық актілердің ерекшеліктерін ескере отырып жүзеге асырады.
Мысал:
Алматы қаласының тұрғыны С. есімді азаматша Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігіне ведомстволық бағынысты жоғары оқу орнында (Ақтөбе қаласындағы екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Т.Бегелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институты) білім алып жатқан ұлын Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігіне ведомстволық бағынысты ЖЖОКБҰ-ға мемлекеттік білім беру грантын сақтай отырып ауыстыру мүмкіндігі туралы сұрақпен жүгінді.
Азаматша С.-ға ӘАОО-дан ЖЖОКБҰ-ға (ұлттық зерттеу университеттері, ұлттық жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары, зерттеу университеттері, университеттер, академиялар, институттар және оларға теңестірілген ұйымдар (консерватория, жоғары мектеп, жоғары училище) ауысуға қолданыстағы Қағидалардың талаптарына қайшы келуіне байланысты мүмкін еместігі түсіндірілді. ӘАОО-ның курсанты оқу орнын ауыстыру үшін әскери қызмет өткеру туралы келісімшартты бұзып, әскери оқу орнынан оқудан шығарылуы және кейін азаматтық жоғары оқу орнына жалпы негізде қайтадан оқуға түсуі қажет.
«Үміткерлерді іріктеу және ғылыми тағылымдамадан өту қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің м.а. 2023 жылғы 18 тамыздағы № 422 бұйрығының 31-тармағына сәйкес ғылыми тағылымдамадан өту үшін қабылдаушы шетелдік ұйымды ауыстыру мүмкіндігін қарастыру мақсатында «Халықаралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамына келесі растайтын құжаттарды қоса бере отырып, өтінішті ұсыну қажет: қабылдаушы ұйымның жаңартылған шақыру хаты, жұмыс берушінің қолдаухаты, түсіндірме жазба және жаңартылған шығыстар сметасы.
Талап етілетін құжаттар ұсынылғаннан кейін өтініште көрсетілген мәселе Ғылыми тағылымдамадан өтуге конкурс жеңімпаздарының өтініштерін қарау жөніндегі комиссияның кезекті отырысында қаралатын болады.
https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2300033308
Мысалы:
Мен, Қарлығаш, Columbia University университетінде (Америка Құрама Штаттары) ғылыми тағылымдамадан өтетін боламын. Ғылыми тағылымдамадан өту үшін шетелдік ұйымды (университетті) ауыстыра аламын ба?
Иә, «Ғылыми тағылымдама» бағдарламасы шеңберінде ғылыми тағылымдамадан өту үшін қабылдаушы шетелдік ұйымды ауыстыру мәселесін қарастыру мақсатында Сізге «Халықаралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамына құжаттардың толық топтамасын ұсыну қажет.
«Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларының https://adilet.zan.kz/kaz/docs/P080000573 (бұдан әрі – Қағидалар) 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес «Атом саласының қызметкері» санаты бойынша үміткердің жалпы жұмыс өтілі кемінде 3 жыл, оның ішінде «Болашақ» стипендиясы шеңберінде академиялық оқу және тағылымдамадан өту үшін құжат тапсыру сәтінде таңдалған мамандану саласында соңғы 6 ай нақты жұмыс өтілі болуы тиіс.
Мысалы: Шығыс Қазақстан облысынан «Болашақ» стипендиясына үміткер университетті бітіргеннен кейін атом саласында 2 жыл 11 ай жұмыс істейді. Ол «Атом саласының қызметкерлері» санаты бойынша «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін конкурстық іріктеуге қатыса ала ма?
Жоқ, ол конкурстық іріктеуге қатыса алмайды, өйткені Қағидаларда көрсетілген талап бойынша үміткердің жалпы жұмыс өтілі кемінде 3 жыл болуы тиіс.