Жиі қойылатын сұрақтар

Жоқ 

2026 жылғы 1 шілдеде күшіне енетін «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа Заңның 59-бабының 5-тармағына сәйкес «Мемлекеттік наградамен немесе уәкілетті органның ведомстволық наградасымен марапатталған, мемлекеттік қызмет өтілі жиырма бес жылдан кем емес мемлекеттік қызметші зейнеткерлікке шыққан кезде оған төрт лауазымдық айлықақы мөлшерінде біржолғы ақшалай сыйақы төленеді».
Осы норманың мақсаттары үшін зейнеткерлікке шығу деп жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындауға құқық беретін Әлеуметтік кодекске сәйкес зейнеткерлік жасқа толуды түсіну қажет.
Төлем алу құқығына 2026 жылғы 1 шілдеде және одан кейін зейнеткерлік жасқа толатын мемлекеттік қызметшілер ие болады. Егер қызметші 2026 жылғы 1 шілдеге дейін зейнеткерлік жасқа толған болса, көрсетілген күннен кейін жұмыстан босатылған не мемлекеттік қызметте болу мерзімі ұзартылған жағдайда да төлем жүргізілмейді.
Анықтама: Мемлекеттік қызметтің кемінде 25 жыл өтілі күнтізбелік тәртіппен есептеледі. Өзге мақсаттар үшін заңнамада көзделген еңбек өтілін жеңілдікті есептеу аталған төлемге құқықты айқындау кезінде ескерілмейді.
Оған қоса Заңға сәйкес уәкілетті орган – мемлекеттік қызмет саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асыратын орталық мемлекеттік орган, яғни Агенттік болып табылады.
Осыған байланысты мемлекеттік қызметші аталған төлемге ие болуы үшін кемінде жиырма бес жыл мемлекеттік қызмет өтілі болуымен қатар, мемлекеттік наградамен немесе Агенттіктің ведомстволық наградасымен марапатталған болуы қажет.
Агенттіктің ведомстволық наградаларына «Үздік мемлекеттік қызметші» және «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгілері жататынын қосымша хабарлаймыз (2011 жылғы 30 қыркүйектегі № 155 Жарлық).
Награда марапаттау сәтінде тиісті мәртебеге ие болуы тиіс. Егер кейіннен мұндай награда наградалар тізбесінен алып тасталса, бұл қызметшінің төлем алуға құқығына әсер етпейді.
Тәртіптік жазаның болуы төлемнен бас тартуға негіз болып табылмайды, өйткені бұл төлем сыйақы болып табылмайды.