Жиі қойылатын сұрақтар

Жеке сот орындаушысы кім және оның мемлекеттік сот орындаушысынан айырмашылығы неде? ЖСО атқарушылық құжаттардың қандай санаттарын орындауға құқылы, ал қайсысы тек мемлекеттік сот орындаушыларының құзыретіне жатады?

Сот орындаушыларының қызметі «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» ҚР Заңымен (бұдан әрі – Заң) реттеледі.

Заңның 1-бабына сәйкес сот орындаушысы – атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындатуға бағытталған шараларды қабылдау жөнінде өздеріне заңмен жүктелген функцияларды орындайтын және Заңда көзделген ерекшеліктерді қоспағанда, тең құқықтары мен міндеттері бар мемлекеттік сот орындаушысы және жеке сот орындаушысы.

Заңның 1-бабы 1-тармағының 4) тармақшасына сәйкес жеке сот орындаушысы – уәкілетті орган берген атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі қызметпен айналысу құқығына лицензия негізінде заңды тұлға құрмай, атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі жеке практикамен айналысатын Қазақстан Республикасының азаматы (бұдан әрі – ЖСО).

Жеке сот орындаушыларының құзыретіне Заңның 138-бабының
1-тармағында көзделген атқарушылық құжаттарды қоспағанда, жеке және заңды тұлғалардың пайдасына өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттарды орындау жатады.

ЖСО қандай құжаттар негізінде атқарушылық іс жүргізуді қозғауға құқылы? Ол сот шешімінсіз, мысалы, нотариустың атқарушылық жазбасы негізінде берешекті өндіріп алуға кірісе ала ма?

«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» ҚР Заңының (бұдан әрі – Заң) 9-бабында мәжбүрлеп орындатуға жататын атқарушылық құжаттардың тізбесі белгіленген.

Сонымен қатар, Заңның 9-бабы 1-тармағының 11-1) тармақшасына сәйкес атқарушылық жазба осы тізбеге кіреді және атқарушылық құжат болып табылады.

ЖСО борышкерге қатысты қандай мәжбүрлеп орындату шараларын қолдануға құқылы? Қандай шаралар үшін соттың санкциясы қажет?

Сот орындаушысы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келетін атқарушылық құжат өзіне келіп түскеннен кейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей атқарушылық іс жүргізуді қозғайды, бұл туралы қаулы шығарады. Сот орындаушысы атқарушылық іс жүргізуді қозғаумен бір мезгілде «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» ҚР Заңының 32, 33, 34-баптарында көзделген атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдайды.

Сот орындаушысы атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды, оның ішінде банктердегі, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардағы, сондай-ақ сақтандыру ұйымдарындағы борышкердің ақшасы мен мүлкіне прокурордың санкциясымен тыйым салу шараларын қабылдайды.

Сот орындаушысының жеке тұлғаның, борышкер болып табылатын заңды тұлға басшысының (міндетін атқарушының) Қазақстан Республикасынан шығуын уақытша шектеу туралы қаулысын сот санкциялауға тиіс.

250 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі сомаларды өндіріп алу туралы атқарушылық құжат орындалмаған жағдайда сот орындаушысы лицензиялар, рұқсаттар және арнайы құқықтар беру мен олардың қолданылуы саласындағы уақытша шектеу туралы ұсынуды қарау үшін сотқа жібереді. Сот аталған ұсынуды қанағаттандырған кезде борышкердің тиісті лицензияларының, рұқсаттарының және арнайы құқықтарының қолданылуы тоқтатыла тұрады.

ЖСО борышкердің тұрғынжайына өз бетінше кіруге, жеке заттарын алып қоюға құқылы ма?

«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 126-бабы
2-тармағының 3-1) тармақшасына сәйкес сот орындаушысы тұрғынжайдан шығаруға, тұрғынжайға кіргізуге, бұзуға байланысты атқарушылық құжаттарды орындау кезінде, сондай-ақ тізімдеме жасау, үй-жайды қарап-тексеру, құқық белгілейтін құжаттар мен мүлікті алып қою, мүлікті беру, тұрғынжайды, үй-жайлар мен қоймаларды ашу кезінде аудио-, фото- және бейнетіркеуді жүргізуге міндетті.

Сонымен бірге, Заңның 126-бабының 3-тармағына сәйкес сот орындаушысы өз қызметінде жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне қысым жасалуына жол бермеуге міндетті.

Кірістер мен әлеуметтік төлемдердің қандай түрлерінен өндіріп алуға болмайды? Қандай банктік шоттар тыйым салудан және ақшаны есептен шығарудан қорғалған?

«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» ҚР Заңында (бұдан әрі – Заң) өндіріп алуға болмайтын кіріс түрлерінің тізбесі көзделген (Заңның 58 және 98-баптары).

Сондай-ақ Заңның 62-бабында тыйым салынбайтын ақша түрлері белгіленген.

ЖСО жалақы түсетін банктік шотқа тыйым сала ала ма? Берешекті өтеу есебіне табыстың қандай бөлігін ұстап қалуға рұқсат етіледі? Егер ЖСО әлеуметтік төлемдер, алименттер немесе өндіріп алудан қорғалған өзге де қаражат түсетін шотты бұғаттаса, азамат не істеуі керек?

Екінші деңгейдегі банктердегі борышкердің ақшасына тыйым салу кезінде сот орындаушысында түсімдердің көзі (жалақы, зейнетақы, жәрдемақы және т.б.) туралы ақпарат болмайды.

Осыған байланысты жалақыға не тыйым салуға және өндіріп алуға болмайтын өзге де сомаларға тыйым салынған жағдайда борышкер тыйымды алып тастау үшін растайтын құжаттармен сот орындаушысына жүгінуі қажет.

Сонымен бірге, борышкердің жалақысы немесе тұрақты кірісі болған кезде өндіріп алу оның жұмыс орны бойынша жүргізіледі. Бұл ретте ұстап қалу мөлшері оның алатын жалақысының не өзге де кірісінің 50%-ынан аспауға тиіс («Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 95-бабы).

ЖСО борышкердің жалғыз тұрғынжайына тыйым сала ала ма? Оны кейіннен қарызды өтеу есебіне өткізуге қандай жағдайларда жол беріледі? Кепілдегі және кепілде тұрмаған тұрғынжайдан өндіріп алудың ерекшеліктерін бөлек түсіндіруді сұраймыз.

Тұрғынжайдан өндіріп алу тәртібі Азаматтық процестік кодекстің
250-1-бабында және «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» ҚР Заңының
(бұдан әрі – Заң) 55-бабында белгіленген.

Атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындату барысында берешекті өзге мүлік есебінен өтеу мүмкін болмаған не мүлік жеткіліксіз болған кезде өндіріп алушы немесе сот орындаушысы борышкердің тұрғынжайынан, оның ішінде ондағы үлесінен өндіріп алу туралы арызбен сотқа жүгінуге құқылы.

Осыған байланысты тұрғынжайдан өндіріп алу мәселесін тек сот шешеді.

Борышкердің мүлкінен өндіріп алу мүлікті алып қоюды және (немесе) оны мәжбүрлеп өткізуді не өндіріп алушыға беруді қамтиды.

Өз кезегінде, кепіл мүлкін өткізу Заңның 57-бабына сәйкес жүзеге асырылады.

Борышкердің өзіне қойылған, кепілмен қамтамасыз етілмеген барлық талаптарды толық қанағаттандыру үшін өзге мүлкі жеткіліксіз болған кезде Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген кепіл ұстаушының құқықтарын сақтай отырып, кепілге салынған мүліктен өндіріп алынуы мүмкін.

Қазақстанда ЖСО қызметіне ақы төлеу мөлшері қалай айқындалады? ЖСО қызметіне кім ақы төлеуге міндетті – борышкер ме, әлде өндіріп алушы ма? Қандай жағдайларда шығыстар өндіріп алушыға жүктелуі мүмкін?

«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» ҚР Заңының (бұдан әрі – Заң) 118-бабының 1-тармағына сәйкес жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, атқарушылық іс жүргізу шеңберінде борышкердің қаражаты есебінен жүргізіледі және істердің санатына әрі өндіріп алу сомасына қарай үш пайыздан жиырма бес пайызға дейінгі мөлшерде, он мың айлық есептік көрсеткіштен аспайтын шекті мөлшер белгілене отырып айқындалады.

Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу мөлшерлері Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2023 жылғы 27 маусымдағы № 416 бұйрығымен бекітілген.

Атқарушылық әрекеттерді жүзеге асыру үшін жеке сот орындаушысының шығыстары авансталған жағдайда шығыстар өндіріп алушыға жүктелуі мүмкін.

Заңның 118-бабының 2-тармағына сәйкес жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу атқарушылық құжат толық немесе ішінара орындалған жағдайда ғана жүргізіледі. Егер мүліктік сипаттағы атқарушылық құжат ішінара орындалса, онда жеке сот орындаушысына оның қызметіне төленетін ақының өндіріп алынған сомаға немесе мүліктің құнына пропорционалды бөлігі ғана төленеді.

Атқарушылық құжат мәжбүрлеп орындатуға ұсынылғанға дейін борышкер оны орындаған жағдайда жеке сот орындаушысының қызметіне ақы өндіріп алынбайды.

Сондай-ақ Заңның 118-бабының 6-тармағына сәйкес осы Заңның 9-бабы 1-тармағының 9) және 10) тармақшаларында көзделген атқарушылық құжаттар негізінде қозғалған атқарушылық іс жүргізулер бойынша, сондай-ақ осы Заңның 47-бабы 1-тармағының 5-3) тармақшасында көзделген жағдайда жеке сот орындаушысының қызметіне ақы алынбайды.

Бұдан басқа, Заңның 47-бабының 2-тармағына сәйкес атқарушылық іс жүргізудің тоқтатылуымен бір мезгілде мәжбүрлеп орындату шараларының, оның ішінде осы атқарушылық құжат бойынша басқа сот орындаушылары қабылдаған шаралардың күші жойылуға тиіс. Осы баптың 1-тармағының 1), 2), 2-1) және 7) тармақшалары негізінде тоқтатылған атқарушылық құжаттар бойынша, олар орындалғаннан кейін атқарушылық санкция, орындау жөніндегі шығыстар, өсімпұл және жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу сомасы өндіріп алынуға тиіс болса, мәжбүрлеп орындату шараларының күші олар өндіріп алынғаннан кейін ғана жойылуға тиіс.

Сонымен қатар, 2024 жылғы тамыздан бастап ҚР Әділет министрлігі әкімшілік айыппұлдар мен 40 АЕК-ке дейінгі салық берешегін өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттарды автоматтандырылған тәртіппен (сот орындаушысының қатысуынсыз) орындауды көздейтін оңайлатылған іс жүргізу институтын (Цифрлық сот орындаушысы) іске қосты.

Атқарушылық құжаттардың талаптары автоматтандырылған түрде орындалатындықтан, борышкер оңайлатылған іс жүргізу шеңберінде жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеуден (берешек сомасының 25%-ы) босатылған.

Атқарушылық іс жүргізу кезінде ЖСО қызметіне төленетін негізгі ақыдан бөлек, борышкерде қандай қосымша шығыстар туындауы мүмкін?

«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» ҚР Заңының (бұдан әрі – Заң) 113-бабына сәйкес атқарушылық әрекеттерді жасау жөніндегі шығыстар деп оларды ұйымдастыруға және жүргізуге жұмсалған бюджет қаражаты, атқарушылық іс жүргізу тараптарының, жеке сот орындаушысының, сот орындаушысы орындау процесінде тартқан өзге де тұлғалар мен ұйымдардың қаражаты танылады.

Атқарушылық әрекеттерді жасау жөніндегі шығыстардың тізбесі Заңның 113-бабының 2-тармағында көзделген.

Келіспеген жағдайда борышкер сот орындаушысының атқарушылық әрекеттерді жасау жөніндегі шығыстарды өндіріп алу туралы қаулысына дау айту туралы талап қоюмен әкімшілік сотқа жүгінуге құқылы (Заңның
114-бабының 5-тармағы).

Азамат өзінің ЖСН-ы бойынша атқарушылық іс жүргізудің бар-жоғын қандай ресми тәсілдермен тексере алады, берешек сомасын және ісін қай сот орындаушысы жүргізіп жатқанын қалай біле алады?

Атқарушылық іс жүргізулердің бар-жоғын тексеруге, сондай-ақ жеке сот орындаушысы туралы мәліметтерді https://aisoip.adilet.gov.kz порталынан алуға болады.

Азамат Борышкерлердің бірыңғай тізіліміне өзінің ЖСН-ын енгізіп, өзіне қатысты атқарушылық іс жүргізудің бар-жоғы және оны қай сот орындаушысы жүргізіп жатқаны туралы ақпарат алады.

Бұдан бөлек, атқарушылық іс жүргізудің қолжетімділігі мен ашықтығын арттыру мақсатында Әділет министрлігі AdiletGov мобильді қосымшасын іске қосты. Оның көмегімен атқарушылық іс жүргізу тараптары ыңғайлы форматта атқарушылық іс жүргізудің барысы туралы өзекті ақпарат ала алады, қабылданған шараларды қарай алады, жолданымдар, өтінішхаттар мен шағымдар жібере алады, сондай-ақ олардың қаралу мәртебесін бақылай алады.

ЖСО-ның әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне шағым жасау тәртібі қандай? Азамат қандай органдарға жүгіне алады, шағым беру және оны қарау үшін қандай мерзімдер белгіленген? Қандай жағдайларда шағым жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына, аумақтық әділет органына немесе сотқа беріледі?

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңмен заңнамаға сот орындаушыларының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасаудың сотқа дейінгі тәртібін көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» ҚР Заңының (бұдан әрі – Заң) 127-бабына сәйкес жеке сот орындаушысының атқарушылық құжатты орындау жөніндегі әрекетіне (әрекетсіздігіне) немесе мұндай әрекеттерді жасаудан бас тартуына шағым әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасалып отырған жеке сот орындаушысына не аумақтылығы бойынша жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына берілуі мүмкін.

Уәкілетті органның аумақтық органының не жеке сот орындаушысының немесе жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының шешімін алғаннан кейін жеке сот орындаушысының әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым Қазақстан Республикасының әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа беріледі.

Атқарушылық іс жүргізу тараптары Заңның 127-бабында белгіленген органдардың шешімін алғаннан кейін сотқа талап қою береді.

Сонымен бірге, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің (бұдан әрі – ӘРПК) 136-бабының төртінші бөлігіне сәйкес мемлекеттік не жеке сот орындаушысының атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) немесе осындай әрекеттерді жасаудан бас тартуына талап қою Заңға сәйкес атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның аумақтық органының не оның бөлімінің немесе жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының не жеке сот орындаушысының шешімін алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде сотқа беріледі.

Сонымен бірге, жеке сот орындаушысы жасайтын атқарушылық әрекеттердің заңдылығын және оның іс жүргізу қағидаларын сақтауын бақылауды уәкілетті орган, оның аумақтық органдары, Республикалық палата және жеке сот орындаушыларының өңірлік палаталары жүзеге асырады (Заңның 169-бабы).

Бақылауды жүзеге асыру тәртібін уәкілетті орган белгілейді.

Заңның 170-бабында Қазақстан Республикасы заңнамасының, Жеке сот орындаушыларының кәсіптік ар-намыс кодексінің және Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасы жарғысының талаптарын бұзғаны үшін жеке сот орындаушыларына қолданылатын тәртіптік жауаптылық түрлері көзделген.

Бұдан бөлек, жеке сот орындаушысы атқарушылық әрекеттерді жасау кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзған жағдайда Заңның 143, 144-баптарына сәйкес лицензияның қолданылуын тоқтата тұру немесе лицензиядан айыру көзделген.

Егер берешек толық өтелсе, бірақ ЖСО шоттарға немесе мүлікке салынған тыйымды алып тастамаса не атқарушылық іс жүргізуді тоқтатпаса, азамат не істеуі керек?

Атқарушылық іс жүргізуді тоқтатудың негіздері мен салдары «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» ҚР Заңының (бұдан әрі – Заң) 47-бабында реттелген.

Заңның 47-бабының 2-тармағына сәйкес атқарушылық іс жүргізудің тоқтатылуымен бір мезгілде мәжбүрлеп орындату шараларының, оның ішінде осы атқарушылық құжат бойынша басқа сот орындаушылары қабылдаған шаралардың күші жойылуға тиіс. Осы баптың 1-тармағының 1), 2), 2-1) және 7) тармақшалары негізінде тоқтатылған атқарушылық құжаттар бойынша, олар орындалғаннан кейін атқарушылық санкция, орындау жөніндегі шығыстар, өсімпұл және жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу сомасы өндіріп алынуға тиіс болса, мәжбүрлеп орындату шараларының күші олар өндіріп алынғаннан кейін ғана жойылуға тиіс.

Борышкер төлемді «цифрлық үкіметтің» төлем шлюзі және атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік автоматтандырылған цифрлық жүйесімен интеграцияланған төлем жүйелері арқылы жүзеге асырған жағдайларда атқарушылық іс жүргізуді тоқтату электрондық нысанда қалыптастырылады және мәжбүрлеп орындату шаралары автоматты түрде алынады.

Заңнаманы бұзғаны үшін жеке сот орындаушыларына қандай жауаптылық шаралары көзделген? Қандай жағдайларда ЖСО тәртіптік жауаптылыққа тартылуы немесе лицензиясынан айырылуы мүмкін?

Жеке сот орындаушысының өзіне жүктелген міндеттерді және лауазымдық өкілеттіктерді орындамағаны не тиісінше орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында тиісті жауаптылық көзделген («Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» ҚР Заңының (бұдан әрі – Заң) 150-бабының 1-тармағы).

Жеке сот орындаушысы заңнама талаптарын бұзған жағдайда оған тәртіптік сипаттағы шаралар, сондай-ақ Заңның 143–144-баптарында көзделген тәртіппен лицензиясының қолданылуын тоқтата тұру не лицензиясынан айыру қолданылуы мүмкін.

Атқарушылық іс жүргізу және ЖСО қызметі саласында қандай өзгерістер 2026 жылы күшіне енді немесе 2027 жылы енгізу жоспарлануда? Атап айтқанда, цифрлық сот орындаушысының функцияларын одан әрі кеңейту көзделе ме?

2026 жылғы 24 маусымда Мемлекет басшысы мәжбүрлеп орындату саласын жетілдіруге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойды. Заңда халықтың мүдделерін қорғауды күшейту (өндіріп алынған сомаларды өндіріп алушыларға бөлу тәртібі мен мерзімдерін белгілеу, өндіріп алынған сомаларды бүкіл республика бойынша өндіріп алушылар арасында бөлу), ЖСО қызметін бақылауды күшейту (ЖСО көмекшілерінің қызметін ретке келтіру, лицензияның қолданылуын тоқтата тұру негіздерін кеңейту және т.б.) көзделген, сондай-ақ оңайлатылған іс жүргізу бойынша өндіріп алудың шекті сомасы 20 АЕК-тен 40 АЕК-ке дейін ұлғайтылады.

ҚР Әділет министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) мәжбүрлеп орындату саласын одан әрі цифрландыру бағытын белсенді түрде ұстанып отырғанын атап өткен жөн.

Мемлекет басшысының 2024 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын орындау мақсатында атқарушылық құжаттардың жекелеген санаты қазірдің өзінде «Цифрлық сот орындаушысын» қолдана отырып, адамның қатысуынсыз орындалуда.

Бүгінгі таңда атқарушылық іс жүргізу цифрлық форматқа көшірілді. Барлық негізгі процестер басқа ақпараттық жүйелермен өзара іс-қимыл жасайтын ақпараттық жүйе арқылы жүзеге асырылады, мемлекеттік органдармен автоматты ақпарат алмасу жолға қойылған, заманауи цифрлық шешімдер белсенді түрде енгізілуде.

Құқық бұзушылықтарды автоматтандырылған түрде анықтауға және жауаптылықтың бұлтартпастығын қамтамасыз етуге көше отырып, ЖСО қызметін бақылауға жасанды интеллектіні енгізу көзделген.

Сондай-ақ ЖСО қызметінің аумақтық қағидатының сақталуын цифрлық бақылау қамтамасыз етіледі және олардың қызметінің тиімділігін объективті бағалау үшін сот орындаушысының бірыңғай цифрлық досьесі қалыптастырылады.

Жүйені одан әрі дамыту азаматтардың құқықтары мен мемлекеттің мүдделерін қорғауды ескере отырып жүзеге асырылады.