Жиі қойылатын сұрақтар
Қауымдастырылған профессор (доцент) және профессор ғылыми атақтарға ізденушілердің шыққан монографиясы немесе оқу құралы немесе оқулығы соңғы бес жылда жарияланған болуы керек.
Нормативті түрде бұл ереже Ғылыми атақтар беру ережелерінде бекітілген (қауымдастырылған профессор (доцент), профессор) (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1100006939).
Мысалы, ізденушінің 2018 жылғы монографиясы бар, ол 2025 жылы қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағына құжаттар тапсырды. Монографияның жариялыған мерзімі бес жылдан асып тұр, сондықтан оны санамайды.
Ғылыми атақтар беру кезінде халықаралық рецензияланатын ғылыми журналдардағы Жарияланымдар олардың процентильіне байланысты әр түрлі ескеріледі. Бұл талап Ғылыми атақтар (қауымдастырылған профессор (доцент), профессор) беру ережелерінің 4-тармағында жазылған. (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1100006939)
Егер қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағына ізденуші процентилі 35-тен жоғары (немесе журнал Q1, Q2, Q3 квартилінде болса) журналда мақаласын жарияласа, онда сол бір мақала ҚР ҒЖБМ Ғылым және жоғары білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитет (бұдан әрі – Комитет) ұсынатын журналдағы екі мақала ретінде саналады.
Егер журналдың процентилі 35-тен төмен болса, онда осы журналдағы бір мақала Комитет ұсынатын журналдағы бір мақала ретінде саналады.
PhD және бейіні бойынша докторлық диссертацияларды қорғауға арналған диссертациялық кеңестер (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1100006929) Диссертациялық кеңес туралы үлгі ереженің талаптарына (бұдан әрі – Үлгі ереже) сәйкес құрылады.
Диссертациялық кеңес (бұдан әрі – дискеңес) даярлау бағыты бойынша ашылады. Дискеңес ашу үшін Жоғары оқу орны (бұдан әрі – ЖОО) келесі шарттарды орындау керек:
1) ЖОО-да докторантура бағдарламасы бойынша лицензия және (немесе) лицензияға қосымша болуы тиіс;
2) ЖОО соңғы 3 (үш) жыл ішінде докторантураның білім беру бағдарламаларын жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларының тізіліміне енгізуі тиіс;
3) ЖОО-да жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының аккредиттелген білім беру бағдарламаларының тізіліміне енгізілген докторантураның аккредиттелген білім беру бағдарламалары болуға тиіс;
4) ЖОО-да барлық үш курста грант бойынша білім алушылар контингенті болуға тиіс.
Осы шарттардың орындалғанын растайтын құжаттар өзекті болуы керек.
Дискеңесті ашу тетікгі ЖОО-ның ерекше мәртебесә бар не жоқ болуына байланысты. Ерекше мәртебесі бар ЖОО көрсетілген шарттарды орындаған жағдайда дискеңесті өз бетінше Ғылыми кеңестің шешімі негізінде ректор бұйрығымен ашады. Және ол туралы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетіне (бұдан әрі – Комитет) хабарлайды
Ерекше мәртебесі жоқ ЖОО-лар Комитетке келесі құжаттар тапсырады:
1) ілеспе хат;
2) Жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларының тізілімінде соңғы 3 (үш) жылда докторантураның білім беру бағдарламаларының болуы (әскери, арнайы оқу орындарын (бұдан әрі – ӘАОО) қоспағанда);
3) докторантураның тиісті кадрлар даярлау бағыты бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алушылар контингентінің болуы туралы мәлімет (ӘАОО-ларды қоспағанда);
4) осы Үлгі ережеге 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша диссертациялық кеңестің тұрақты мүшелігіне үміткерлер туралы ақпарат;
5) қолданыс мерзімдерін көрсете отырып, мәтінді пайдалануды анықтаудың, оның ішінде халықаралық деректер базалары бойынша лицензиялық жүйесінің болуын растайтын құжаттың көшірмесі (ӘАОО-лар үшін Плагиатқа тексеру жөнінде комиссия құру туралы мәлімет);
6) докторантураның білім беру бағдарламасының кем дегенде 3 (үш) жыл мерзімге аккредиттелгені және Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының аккредиттелген білім беру бағдарламаларының тізіліміне енгізілгені туралы мәлімет (ӘАОО-ларды қоспағанда).
Құжаттарды Комитет 30 жұмыс күн ішінде қарайды. Егер барлық шарттар орындалған болса Комитет бұйрығымен осы ЖОО-да дискеңес ашылады.
Тізімде көрсетілген құжаттар өзектелген болуы керек.
Дискеңестердің тізімі Комитеттің және ЖОО-лар сайтында орналастырылған.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті (бұдан әрі – Комитет) ғылыми қызметтің негізгі нәтижелерін жариялау үшін ұсынатын ғылыми басылымдардың тізбесі (бұдан әрі – Комитет басылымдарының тізбесі) ғылыми журналдардан қалыптастырылады және оны Комитет бекітеді. Оны көбінесе ВАК тізімі деп атайды.
Ғылыми журналды Комитет басылымдарының тізбесіне енгізу үшін журнал ғылыми қызметтің нәтижелерін жариялау үшін ұсынылатын басылымдар тізбесіне енгізу үшін ғылыми басылымдарға қойылатын талаптарға (бұдан әрі – Ғылыми басылымдарға қойылатын талаптар) сәйкес келуі тиіс (https://www.gov.kz/memleket/entities/quality/activities/directions?lang=kk).
Әр түрлі уақыт кезеңдерінде Комитет басылымдарының тізімінде әр түрлі журналдар болды.
Комитет сайтында «қызмет» қойындысында басылымдар тізімінің 4 нұсқасын табуға болады:
- Комитеттің 2012 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі басылымдарының тізбесі;
- Комитеттің 2020 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі басылымдарының тізбесі;
- Комитеттің басылымдар тізімі 1 қаңтар 2021-27 маусым 2024;
- Комитет басылымдарының өзекті тізімі, Қазіргі уақытта жарамды.
Журнал көрсетілген тізімдердің біріне кіруі мүмкін, ал екіншісіне кірмеуі мүмкін.
Мысалы, «Қазақстан ғылымының жаңалықтары» журналы 2012 жылғы 31 желтоқсанға дейін Комитет басылымдарының тізіміне енгізілген, бірақ Комитет басылымдарының өзекті тізбесіне кірмейді.
Сондықтан осы тізімдердегі журналдарды Сіз жарияланған мақалаңыздың кезеңіне байланысты іздеуіңіз керек.
Жоғары оқу орындарының аккредиттелген бағдарламалары Аккредиттелген жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларының тізілімінде (бұдан әрі – 3-Тізілім) жинақталған.
3-Тізілім EPVO АЖ «Аккредитация» модулінде ашық қолжетімді түрде орналастырылған.
Аккредиттелген қысқамерзімді курстар (қосымша білім беру) 3-Тізілімге енгізілмеген. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы, оның ішінде шетелдік аккредиттеу органдарын тану қағидаларына (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1600014438) сәйкес 3-Тізілімде тек жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары енгізілген.
Мысалы, 3-Тізілімінде аккредиттелген бакалавриат, магистратура, резидентура немесе докторантура бағдарламаларын табуға болады.
Қазақстан Республикасының аумағында шетелдік білім беру ұйымы берген білім туралы құжаттың заңды күшінің болуы үшін, оқуды жалғастыру немесе жұмысқа орналасу мақсатында оны тану рәсімінен өту қажет.
«Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 39-бабына сәйкес (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z070000319_#z218), шетелдік білім беру ұйымдары, оның ішінде олардың филиалдары, сондай-ақ ғылыми орталықтар мен зертханалар берген білім туралы құжаттар Қазақстан Республикасының аумағында заңнамада белгіленген тәртіппен танылуға жатады және оларды аяқтаған тұлғаларға тиісті куәлік беріледі.
Білім туралы құжаттарды тану рәсімі мемлекеттік қызмет болып табылады және Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2023 жылғы 12 маусымдағы № 268 бұйрығымен бекітілген Білім туралы құжаттарды тану қағидаларымен (бұдан әрі – Қағидалар) реттеледі (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2300032800).
Қағидалардың 9-тармағына сәйкес, тануға басқа мемлекеттерде, сондай-ақ халықаралық немесе шетелдік оқу орындарында (оның ішінде олардың филиалдарында), ғылыми орталықтар мен зертханаларда білім алған жеке тұлғалардың жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім туралы құжаттары жатады.
Мысалы, егер сізде шетелдік жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім туралы диплом болса, оны Қазақстанда растау үшін тану рәсімінен өту қажет. Бұл рәсім құжаттың түпнұсқалығын тексеруді және біліміңіздің талаптарға сәйкестігін растауды қамтиды. Нәтижесінде сіз өз мамандығыңыз бойынша жұмыс істеуге немесе Қазақстандағы білім беру ұйымдарында оқуды жалғастыруға құқықылысыз.
«Білім туралы құжаттарды тану» мемлекеттік қызметін көрсетуші – Жоғары білімді дамыту ұлттық орталығы (бұдан әрі – Орталық) болып келеді.
Өтініштерді қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін беру «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы немесе «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» Коммерциялық емес акционерлік қоғамы арқылы жүзеге асырылады.
Осы рәсімнен өту үшін қажетті құжаттардың тізбесі Қағидаларға 3-қосымшада көрсетілген мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесінде айқындалған.
Білім туралы құжаттарды тану мәселелері бойынша қосымша ақпаратты Орталықтың https://enic-kazakhstan.edu.kz/ru/ ресми сайтынан «Білім туралы құжаттарды тану» бөлімінен немесе келесі телефондар арқылы алуға болады: 8 (7172) 57-20-83, 57-20-86.
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласында жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлау жөніндегі білім беру бағдарламаларын іске асыратын заңды тұлғалар білім беру ұйымдары болып табылады. Білім беру қызметімен айналысу құқығы Жоғары білім беру ұйымдарында Қазақстан Республикасының Рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны алған кезден бастап туындайды.
Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын заңды тұлғалардың білім беру саласындағы қызметті лицензиялау кадрлар даярлау бағыттары мен оқыту нысандары бойынша жүргізіледі.
Лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның қолданылу мерзімі – берілген күннен бастап бес жыл.
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласында білім беру қызметімен айналысуға лицензия беру мемлекеттік көрсетілетін қызмет түрі болып табылады және «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласында білім беру қызметімен айналысуға лицензия беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет қағидаларымен (бұдан әрі – Қағидалар) регламенттеледі (Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің м.а. 2022 жылғы 29 қарашадағы №164 бұйрықпен) https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2200030832.
Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны алуға арналған өтініштер мен құжаттар Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2024 жылғы 5 қаңтардағы № 4 бұйрығымен бекітілген Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беретін ұйымдардың білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарына (бұдан әрі – Біліктілік талаптары) сәйкес жүзеге асырылады. https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2400033892
Мысалы, Қазақстан Республикасында жоғары және жоғары оқудан кейінгі білім беру саласында білім беру қызметіне лицензия алу үшін келесі қадамдарды орындау қажет:
1. Заңнаманы зерттеу: «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңымен және лицензия беру процесін реттейтін Ғылым және жоғары білім министрлігінің бұйрықтарымен танысу.
2. Біліктілік талаптарын сақтау: Ұйымның келесі біліктілік талаптарға сәйкес екеніне көз жеткізу:
Оқытушы-профессорлық құраммен қамтамасыз ету.
Ғылыми-әдістемелік және материалдық-техникалық базаның жеткіліктілігі (оқу корпустары, зертханалар, оқу-техникалық құралдар, лицензиялық бағдарламалық қамтамасыз ету және т.б.).
Ғылыми әлеуеті.
3. Білім беру бағдарламаларын тіркеу: Әзірленген білім беру бағдарламаларын уәкілетті органның білім беру бағдарламаларының тізілімінде тіркеу. Операторы – Жоғары білімді дамыту ұлттық орталығы».
4. Құжаттарды дайындау:
Ұйымның құжаттары.
Білім беру бағдарламалары.
Оқытушылар туралы мәліметтер.
Материалдық-техникалық базаны растау.
Біліктілік талаптарға сәйкес екенін растайтын өзге де қажетті құжаттар.
5. Өтінім беру: «электрондық үкімет» электрондық порталдары арқылы (www.egov.kz, www.elicense.kz) қоса берілген материалдармен бірге өтінім беру. Өтінім 30 жұмыс күні ішінде қарастырылады.
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласында білім беру қызметімен айналысуға лицензия беру қызметі «Е-лицензиялау» веб-порталы арқылы (http://e-license.kz) жүзеге асырылады.
Гаага конвенциясына сәйкес, басқа бір мемлекеттің аумағында пайдалануға арналған, белгілі бір мемлекеттің өкілетті органдар берген құжаттарда арнайы мөртабан қойылады (апостиль) қойылады.
Конвенцияның 5-бабына сәйкес, апостиль қолдардың түпнұсқалылығын, құжатқа қол қойған адамның кiм екендiгiн және тиiстi жағдайларда бұл құжат бекiтiлген мөрдің немесе мөртаңбаның түпнұсқалылығын куәландырады.
Апостильге қойылған қол, мөр немесе мөртаңба ешқандай растауды немесе заңдастыруды талап етпейдi және бұл құжатты Гаага конвенцияға қосылған барлық мемлекеттерде пайдалануға болады.
Мысалы, бақа елге жұмысқа орналасу немесе оқуын жалғастыру мақсатында шыққан жағдайда, Сізге білім туралы құжатыңызды апостильдеу рәсімінен өту қажет болады. Бұл құжаттың барған елде танылуы үшін қажет. Апостиль мөрі білім беру ұйымдарына, жұмыс берушілерге немесе басқа елдің мемлекеттік органдарына Сіздің білім туралы құжатыңызды қосымша тексерусіз қабылдауға мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі – жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою бойынша өкілеттіктерге ие ұйым ретінде айқындалған (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 24 сәуір №545 қаулысына сәйкес) https://adilet.zan.kz/kaz/docs/P010000545
Апостилдеу рәсімі мемлекеттік көрсетілетін қызмет түріне жатады және оны көрсету «Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарынан шығатын ресми құжаттарды апостильдеу» мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларында айқындалған (Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2023 жылғы 11 желтоқсандағы № 625 бұйрығы) https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2300033771
Мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі:
Мемлекеттік корпорацияға құжаттар топтамасын тапсырған сәттен немесе «е-гов» порталы арқылы ұсынған сәттен бастап – 20 (жиырма) жұмыс күні.
Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарынан шығатын ресми құжаттарын апостильдеу рәсімінің негізгі талаптарының бірі білім туралы құжаттардың түпнұсқалығын растау және жауап алу үшін жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымына сұрау салудың ресімделуі.
Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымында оқығаны расталған жағдайда бекітліген мерзім шегінде құжатқа «апостиль» мөртаңбасы қойылады да қызметті алушыға жолданады.
Білім туралы құжатты апостилдеуден бас тарту негіздері:
1) ұсынылған құжаттардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) анық еместігінің анықталуы;
2) ұсынылған деректер мен мәліметтердің Шетелдік ресми құжаттарды заңдастыру талаптарын жоятын 1961 жылғы 5 қазандағы Гаага Конвенциясында белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі;
3) көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызмет көрсету үшін талап етілетін, қолжетімділігі шектеулі дербес деректерге қол жеткізуге келісімінің болмауы.
Жоғары білім беру ұйымы «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны алған кезден бастап білім беру қызметімен айналысу құқығы туындайды.
Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің білім беру бағдарламаларын іске асыратын заңды тұлғалардың білім беру саласында қызметін лицензиялау кадрларды даярлау бағыттары («Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлау бағыттарының сыныптауышын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 13 қазандағы № 569 бұйрығы негізінде) мен оқыту нысандары (күндізгі, онлайн-оқыту, экстернат) бойынша жүзеге асырылады. Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беру мерзімі – берілген күннен бес жылды құрайды.
Жоғары және жоғары оқудан кейінгі білім беру саласындағы білім беру қызметін жүзеге асыруға лицензия беру мемлекеттік қызмет түрі болып табылады, оның рәсімі Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2022 жылғы 29 қарашадағы №164 бұйрығымен бекітілген «Жоғары және жоғары оқудан кейінгі білім беру саласындағы білім беру қызметін жүзеге асыруға лицензия беру» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларымен реттеледі https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2400033892.
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру қызметімен айналысуға лицензия беру мемлекеттік көрсетілетін қызмет түріне жатады және Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2024 жылғы 5 қаңтардағы № 4 бұйрығымен (бұдан әрі – Біліктілік талаптары) бекітілген Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптары және оларға сәйкестікті растайтын құжаттардың тізбесіне сәйкестігі негізгі шарт болып табылады.
Өтініш беру алдында білім беру бағдарламаларын ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органның білім беру бағдарламаларының тізілімінде тіркеуді қамтамасыз ету қажет, операторы – «Жоғары білімді дамыту ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК. Әрі қарай, әрбір біліктілік талабының тармағы бойынша (материалдық-техникалық жабдықталу (оқу корпустары, зертханалық үй-жайлар, оқу-техникалық құралдар, лицензиялық бағдарламалық қамтамасыз ету және т.б.), профессор-оқытушы құрамымен қамтамасыз етілуі, ғылыми әлеует және басқалары) растау құжаттарының болуы қажет.
Осылайша, жоғары білім беру қызметімен айналысуға лицензия беру жайлы www.egov.kz «электрондық үкімет» веб-порталы, www.elicense.kz ақпараттық жүйесі арқылы электрондық түрде ғана өтініш және біліктілік талаптарына сәйкестікті растайтын құжаттар келіп түскен жағдайда, отыз жұмыс күні ішінде қарастырылады.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің ғылыми қызметтің негізгі нәтижелерін жариялау үшін басылымдар тізбесі (бұдан әрі – Комитеттің басылымдар тізбесі) бірнеше тізімдерден тұрады – 1-тізім, 2-тізім, 3-тізім және әскери және арнайы органдар журналдарының тізімі.
Ғылыми атақтар (қауымдастырылған профессор (доцент), профессор) беру ережелеріне (2011 жылғы 31 наурыздағы №126 бұйрық, https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1100006939) сәйкес қауымдастырылған профессор (доцент), профессор ғылыми атақтарға ізденушілер үшін тек қана 1-тізім және 2-тізімдерге кіретін журналдарда жарияланған мақалалар есептеледі. 3-тізімдегі журналда шыққан мақалалар бұл ретте ескерілмейді.
Мысалы, Сіздің мақалаңыз «Қазақстан шығыстануы» журналында 2025 жылы шықты. Бұл журнал Комитеттің басылымдар тізбесінде 3-тізімге шығыстану бойынша 2024 жылғы №3 нөмірден бастап енгізілген, ғылыми атаққа ұсынатын ізденушіге осы мақала ескерілмейді