Жиі қойылатын сұрақтар
Ұжымдық шарт жасасу тәртібі және оның мазмұны Еңбек кодексінің 14-тарауымен (бұдан әрі – Кодекс) реттеледі.
Кодексте ұжымдық шарт жасасу міндеті көзделмеген.
Ұжымдық шарттың тараптары жұмыскерлер мен жұмыс беруші болып табылады.
Кодекстің 156-бабына сәйкес, ұжымдық келіссөздерді бастау және ұжымдық шарт жасасу туралы ұсынысты тараптардың кез келгені жасауы мүмкін.
Екінші тараптың ұжымдық шарт жасасу жөніндегі келіссөздерді бастау туралы ұсынысы бар хабарламасын алған тарап оны он жұмыс күні ішінде қарауға және осы баптың 4-тармағында белгіленген тәртіппен келіссөздерге кірісуге міндетті.
Ұжымдық шарт шетелдік заңды тұлғалардың ұйымдарында да, филиалдары мен өкілдіктерінде де жасалуы мүмкін. Ұйымда бір ұжымдық шарт жасалады.
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде (бұдан әрі – Кодекс) жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзу мүмкіндігін шектеу көзделген.
Кодекстің 54-бабына сәйкес, Кодекстің 52-бабы 1-тармағының 1), 18) 20) және 23) тармақшаларында, 1-1-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, жұмыскердің еңбекке уақытша қабілетсіздігі және демалыста жүрген кезеңінде жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзуға жол берілмейді.
Жұмыс берушіге жүктілік туралы анықтаманы ұсынған жүктi әйелдермен, үш жасқа дейiнгi балалары бар әйелдермен, он төрт жасқа дейінгі баланы (он сегіз жасқа дейінгі мүгедек баланы) тәрбиелеп отырған жалғызілікті аналармен, аталған балалар санатын анасыз тәрбиелеп отырған өзге де адамдармен Кодекстiң 52-бабы 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша жұмыс берушінің бастамасымен еңбек шартын бұзуға жол берілмейді.
Тараптардың келісімі бойынша еңбек шарты бұзылған немесе мерзім аяқталғаннан кейін еңбек шарты тоқтатылған кезде мұндай шектеу көзделмейді. Тараптардың келісімі бойынша еңбек шартының бұзылу күні жұмыскер мен жұмыс берушінің арасындағы келісім бойынша айқындалады.
Белгіленген мерзімге жасалған еңбек шарты оның мерзімінің аяқталуына байланысты бұзылады.
Жұмыскердің жалақысынан ұстап қалу тәртібі Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 115-бабымен реттеледі.
Жұмыскердің жалақысынан ұстап қалулар сот шешімі бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында және осы Кодексте көзделген жағдайларда жүргізіледі.
Жұмыскердің өзі жұмыс істейтін ұйым алдындағы берешегін өтеу үшін оның жалақысынан ұстап қалу жұмыскерді жазбаша хабардар ете отырып:
1) іссапарға байланысты, сондай-ақ іссапарға байланысты шығыстарды растайтын құжаттарды бермеген жағдайда жұмсалмаған және уақтылы қайтарылмаған ақшалай сомаларды өтеу үшін;
2) оқыту шарты болған кезде жұмыскерді оқытуға байланысты шығындарды жұмыс берушіге еңбек шарты мерзімінен бұрын бұзылған кезде жұмыс істелмеген мерзімге пропорционалды түрде өтеуді көздейтін жағдайларда;
3) жалақы есебінен жұмыскерге берілген жұмыс істелмеген авансты өтеу үшін;
4) осы Кодекстің 95-бабының 3-тармағын қоспағанда, жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын ауыстыру немесе жұмыскерді одан кері шақыртып алу жағдайларында;
5) жұмыскердің жазбаша келісуі болған кезде өзге де жағдайларда жұмыс беруші актісінің негізінде жүргізілуі мүмкін.
Бірнеше атқарушылық парақтары бойынша жалақыдан ұстап қалу кезінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында және Кодекстің осы бабында көзделген жағдайларда, ай сайынғы ұстап қалудың мөлшері жұмыскерге тиесілі жалақының елу пайызынан аспауға тиіс.