Жиі қойылатын сұрақтар
Жоғары қауіпсіздік талаптары қойылатын жұмыстарды жүргізу наряд - рұқсаты бойынша орындалады.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 28 тамыздағы № 344 бұйрығымен Қауіпі жоғары жағдайларда жұмыс жүргізу кезінде наряд - рұқсаттарды ресімдеу және қолдану қағидалары бекітілді (бұдан әрі - Қағидалар).
Қағидалар қызметтердің барлық салалары үшін жоғары қауіптілікпен байланысты жұмыстарға наряд - рұқсаттарын ресімдеуге және қолдануға қойылатын үлгілік талаптарды айқындайды.
Сонымен бірге, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1182 қаулысымен бекітілген Тиісті уәкілетті органдардың еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілерді қабылдау қағидаларының 4-тармағына сәйкес еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуді тиісті уәкілетті мемлекеттік органдар өздерінің құзіретіне сәйкес жүзеге асырады.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік органдар әзірлейтін нормативтік құқықтық актілер қызмет салаларының (салалық қағидат бойынша) және жекелеген жұмыстардың ерекшелігі мен ерекшеліктерін ескере отырып, қауіптілігі жоғары жағдайларда жұмыс жүргізу кезінде наряд - рұқсаттарын беруді ресімдеу және қолдану тәртібіне қойылатын қосымша талаптарды қамтуы мүмкін.
Мысалы, бүгінгі күні қара және түсті металдар балқымаларын өндіру жөніндегі қауіпті өндірістік объектілерде жұмыстарды жүргізу кезінде Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы № 346 бұйрығымен бекітілген Қара, түсті, бағалы металдар балқымаларын және осы металдардың негізінде алынатын қорытпаларды өндіру бойынша қауіпті өндірістік объектілер үшін өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларында көзделген қауіптілігі жоғары жұмыстарды орындауға наряд - рұқсат қолданылады.
Электр шаруашылығында Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 19 наурыздағы № 222 бұйрығымен бекітілген Тұтынушылардың электр қондырғыларын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік техникасы қағидаларында көзделген электр қондырғыларындағы жұмыстар үшін наряд - рұқсат қолданылады.
Баяндалғанды ескере отырып, тау-кен, металлургия, энергетика, машина жасау және мұнай-газ салаларының объектілерінде жоғары қауіпті жұмыстарды жүргізу кезінде бекітілген наряд - рұқсатты ресімдеу мен қолданудың салалық қағидаларын қолдануға болады деп санаймыз.
Жұмыскерлерді еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқыту, оларға нұсқау беру және білімін тексерудің тәртібі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 25 желтоқсандағы № 1019 бұйрығымен бекітілген Жұмыскерлерді, басшылар мен еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге жауапты адамдарды еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқытудан, нұсқау беруден және білімін тексеруден өткізу қағидалары мен мерзімдері регламенттеледі.
Жабдыққа қызмет көрсету, сынау, баптау және жөндеу, құрал-саймандарды пайдалану, шикізат пен материалдарды сақтау және қолданумен байланысты емес тұлғалар (әкімшілік персонал) жұмыс орнында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша алғашқы және қайталама нұсқаудан өтпейді.
Жұмыс орнында қайталама нұсқау өтуден босатылатын қызметкерлердің кәсіптері мен лауазымдарының тізбесін жұмыс беруші бекітеді.
Бұл жұмыскерлер үшін кіріспе нұсқау беру жеткілікті.
Қызметкерлерге арнайы киім және басқа да жеке қорғаныш құралдарын беру тәртібі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 1054 бұйрығымен бекітілген Жұмыс берушінің қаражаты есебінен жұмыскерлерге сүт немесе оған теңестірілген тамақ өнімдері және (немесе) диеталық (емдік және профилактикалық) тамақтануға арналған арнайы өнімдер, арнайы киім және басқа да жеке қорғаныш құралдарын беру, оларды ұжымдық қорғаныш құралдарымен, санитариялық-тұрмыстық үй-жайлармен және құрылғылармен қамтамасыз ету қағидаларымен регламенттелген.
Жеке қорғану құралдары - жұмыскерді зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік факторлардың әсерінен қорғауға арналған құралдар, оның ішінде арнайы киім.
Жеке қорғану құралдары қызметкерлерді қабылдау немесе басқа жұмысқа ауыстыру кезінде не осы құралдарды пайдалану мерзімінің өтуіне байланысты беріледі.
Жеке қорғану құралдарын пайдалану мерзімдері күнтізбемен белгіленеді және олар қызметкерлерге нақты берілген күннен бастап есептеледі.
Осылайша, бұрын берілген арнайы киімді пайдалану мерзімі аяқталғаннан кейін қызметкерге жаңа арнайы киім беріледі және бұл жағдайда қызметкердің келісімі талап етілмейді.
Топтық жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру 2 адам қайтыс болған жағдайда жергілікті еңбек инспекциясы құрған комиссия жүргізеді, 3-тен 5-ке дейін ЕХӘҚМ құрған комиссия жүргізеді, 5-тен көп адам қайтыс болған жағдайда Қазақстан Республикасының Үкіметі құрған комиссия жүргізеді.
Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларында қайта куәландыру мерзімінсіз белгіленетін анатомиялық кемістіктердің тізбесі анықталған.
Мысалы, бір аяқты сирақ деңгейінде ампутациялау кезінде қайта куәландыру мерзімінсіз үшінші топ белгіленеді. Бірақ егер денсаулықты нашарлататын (мысалы, қатерлі ісіктер, жүрек-қан тамырлары патологиясы және басқалары) қатар жүретін ауру болса, онда мерзімі бар мүгедектіктің неғұрлым ауыр тобы белгіленеді.
МӘС-ке қорытындыны Сіз тіркелген емхана толтырады. Куаландыруды тұрғылықты (тіркелген) жері бойынша аумақтық бөлімшелерінің МӘС бөлімінде МӘС-ке қорытындысымен және медициналық ұйымға бекіту анықтамасының көшірмесімен барып өту қажет.
Екінші нұсқасы берілмейді. Мүгедектікті растау туралы ақпаратты электрондық цифрлық қолтаңба арқылы «Е-Gov» электрондық үкіметтің порталынан алуға болады.
Куәландырылатын адам немесе оның заңды өкілі МӘС бөлімінің сараптамалық қорытындысына оны алған күннен бастап бір ай ішінде Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті аумақтық департаментін медициналық-әлеуметтік сараптаманын әдіснама және бақылау бөліміне немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа шағымдануға құқылы.
Мүгедектікті белгілеу мен жұмыс істеудың байланысы жоқ. Егер денсаулық жағдайына байланысты және медициналық қорытынды бойынша жұмыс істеуге қарсы көрсетілімдер болмаса, мүгедектікті бар адам, мүгедектік топқа қарамастан жұмыс істеуге құқылы.
Адамды мүгедек деп тану үшін мынадай бірнеше міндетті шарттар бір мезгілде болуы қажет:
1) организм функцияларының тұрақты бұзылуынан денсаулықтың бұзылуы;
2) тіршілік-тынысының шектелуі (адамның өзіне өзі қызмет көрсету, өздігінен жүріп-тұру, бағдарлану, қарым-қатынас жасау, өзінің мінез-құлқын бақылау, оқу немесе еңбек қызметімен айналысу қабілетінен немесе мүмкіндігінен толық немесе ішінара айырылуы);
3) әлеуметтік қорғау шараларын жүзеге асыру қажеттігі негіздеме болып табылады.
Жас мөлшеріне қарай организмде пайда болатын өзгерістер мүгедектік тобын белгілеу үшін негіз болып табылмайды.