Жиі қойылатын сұрақтар
Жергілікті және орталық атқарушы органдарда, ұлттық компаниялар мен этномәдени бірлестіктерде қазақ тілі курстарын және мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде.
Мемлекеттік тілді тегін оқыту курстары еліміздің 111 тілдерді оқыту орталықтарында ұйымдастырылады. Аталған орталықтардың тізімі мен байланыс телефондары www.gov.kz (Тіл саясаты комитеті) сайтының «Құжаттар және пайдалы ақпараттар» бөлімінде орналастырылған.
Аталған курстарға жазылу үшін ел азаматтары тұрғылықты жері бойынша жергілікті атқарушы органға (әкімдікке) жүгінуі қажет.
Этнос өкілдеріне мемлекеттік және ана тілдерін оқыту курстары онлайн түрде ұйымдастырылады. Курсқа тіркелу үшін edu.tilalemi.kz сайтына тіркелу қажет.
Азаматтардың мемлекеттік тілді өз бетінше үйренуі үшін келесі интернет жобалар жұмыс істейді:
- ҚР Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысы бойынша әзірленген «Tilqural.kz», «Tilmedia.kz», «Abai.institute», «Balatili.kz» порталдары;
- Мемлекеттік тілді дамыту қоры тарапынан әзірлеген «Soyle.kz», «Bala.soyle.kz» интернет порталдары;
- Жамбыл облысы тілдерді дамыту басқармасы әзірлеген «Qazonline» мобильді қосымшасы;
- Павлодар облысының «Ана тілі» орталығы әзірлеген «Ana tili» интернет жобасы және т.б;
Сонымен қатар «Tilalemi.kz» порталы, «Atau.kz» ономастикалық базасы, «Emle.kz» орфографиялық базасы, «Тermincom.kz» терминологиялық базасы, салалық құжаттарды қазақ тілінде қатесіз толтыру нұсқаулығы берілген «Qujat.kz» сайты, «Sozdikqor.kz» порталы көпшіліктің сұранысына ие.
Тіл үйренуге бағытталған барлық деңгейлік оқу-әдістемелік кешендер «tilalemi.kz» порталында орналасқан. Аталған порталға жүктелген кешендер арқылы тіл үйренуге мүмкіндік жасалған.
Қазақстан Республикасы Конституцияның 7-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Осындай норма «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР заңында да көзделген. Мемлекеттік тіл Конституциямен және Заңмен қорғалған.
Сол себепті, бүгінгі күні ҚР Конституциясына тілдік мәртебеге қатысты өзгерістер енгізу күн тәртібінде тұрған жоқ.
«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР заңын жетілдіру мақсатында «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат және діни қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2021 жылғы 29 желтоқсандағы № 94-VII ҚР заңы қабылданды. Осы Заң аясында «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңының 21-бабына «Деректемелер мен көрнекі ақпараттың мәтіндері орфография нормалары және мәтіннің теңтүпнұсқалы аудармасы сақтала отырып жазылады.» деген құқықтық норма енгізілді.
Енгізілген норма мәтіннің мазмұндық бөлігіне, көрнекі ақпаратты ресімдеуге қойылатын талаптарды көздейді.
Сонымен қатар «Мемлекеттік ұйымдардың бланкілері мемлекеттік және орыс тілдерінде, ал қажет болған жағдайда басқа да тілдерде жазылады.
Мемлекеттік емес ұйымдардың бланкілері мемлекеттік тілде, ал қажет болған жағдайда орыс және (немесе) басқа да тілдерде жазылады.
Мемлекеттік ұйымдардың маңдайшалары мемлекеттік және орыс тілдерінде, ал қажет болған жағдайда басқа да тілдерде орналастырылады.
Мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшалары мемлекеттік тілде, ал қажет болған жағдайда орыс және (немесе) басқа да тілдерде орналастырылады. Қазақстан Республикасында қорғалатын, мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшаларында пайдаланылатын тауар белгілері өзгермеген түрінде жазылады.» деген құқықтық норма енгізілді.
Осы енгізілген нормалар мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың деректемелер мен көрнекі ақпараттарының жазу тілін (тілдерін) нақтылайды. Бұл ретте мемлекеттік емес ұйымдарға, атап айтсақ, кәсіпкерлік субъектілеріне бланкілерін, маңдайшаларын тек мемлекеттік тілде, қажет болған жағдайда орыс және (немесе) басқа да тілдерде орналастыруға таңдау құқығы берілген.
Бұл түзетулер мемлекеттік тілдің мәртебесіне сәйкес көрнекі ақпаратта міндетті түрде қолданылуын қамтамасыз етуге бағытталған. Заңға енгізілген бұл нормалармен орыс тілінің және басқа да тілдердің қолданылуына шектеу қойылмайды.
Сондай-ақ аталған Заңға «Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, хабарландырулар, жарнама, прейскуранттарды, баға көрсеткішері, ас мәзірлері, нұсқағыштар және басқа да көрнекі ақпарат мемлекеттік тілде, қажет болған жағдайда орыс және (немесе) басқа тілдерде орналастырылады.» деген құқықтық норма енгізілді. Бұл нормада көрнекі ақпарат түрлерінің қатары көпшілік орындарында жиі кездесетін ас мәзірі және нұсқағыш түрімен толықтырылып, көрнекі ақпараттың мемлекеттік тілде, қажет болған жағдайда орыс және (немесе) басқа да тілдерде орналастыруға таңдау құқы беріледі.
Тілдерді дамыту саласындағы уәкiлеттi органның және жергілікті атқарушы органдардың көрнекі ақпарат саласында Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасының сақталуы бойынша профилактикалық бақылау, тексеру, бұзушылықтар анықталған жағдайда әкімшілік жазалар қолдануға өкілеттіктері жоқ.
Жергілікті атқарушы органдар құқық қорғау органдарынан, сондай-ақ басқа да мемлекеттiк органдардан, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарынан түскен материалдар, жеке және заңды тұлғалардың хабарламалары немесе мәлімдемелері, бұқаралық ақпарат құралдарындағы материалдар негізінде кәсіпкерлік субъектілеріне ресми хат жазу, әдістемелік көмек көрсету, түсіндіру жұмысын жүргізу арқылы тiл заңнамасында көрсетілген талаптардың бұзылуын жоюды талап ете алады.
Сондай-ақ жеке тұлғалар кәсіпкерлік субъектілерінің көрнекі ақпаратты орналастыру саласындағы тіл заңнамасын бұзу фактілеріне қатысты сотқа жүгінуге құқықтары бар, өйткені жеке тұлғалар бұзылған құқықтарын қалпына келтiру туралы арызбен жүгінген кезде «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 807-бабы 1-тармағы 4) тармақшасына сәйкес, осы Кодекстiң 75-бабында (деректемелер мен көрнекi ақпаратты орналастыру жөнiндегi талаптарды бұзу) көзделген әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi сот құқық бұзушылық туралы хаттамасыз да қарайды.
Барлық өңірлерде көрнекі ақпарат мәтіндерінің сауатты жазылуы, дұрыс аударылуы бойынша кәсіпкерлерге әдістемелік көмек көрсетіледі. Бұл бағытта электронды пошта, жедел желі қарастырылған (Callcenter, телеграмм, WhatApp), «Атамекен» ҰҚП филиалдарымен өзара ынтымақтастық орнатылған.
Жергілікті атқарушы органдар жеке және заңды тұлғалардың шағымдары негізінде кәсіпкерлік субъектілеріне ресми хат жазу, әдістемілік көмек көрсету, түсіндіру жұмысын жүргізу арқылы тiл туралы заңнамасында көрсетілген талаптардың бұзылуын жоюды талап ете алады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қазіргі уақытта уәкілетті орган тарапынан лингвист-ғалымдарды тарта отырып, латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі мен емле ережесі жобаларын қайта пысықтау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар жаңа әліпбидің ғылыми-лингвистикалық базасын жасақтау мақсатында жаңа әліпби негізіндегі Емле анықтағышының және Емле сөздігінің жобалары әзірленуде.
Латын графикалы қазақ әліпбиіне кезең-кезеңмен көшу процесі әліпби және емле ережесі жобалары тиісті нормативтік құқықтық актілермен бекітілгеннен кейін жүзеге асырылатын болады.
Басқа мемлекеттерде білім алған тұлғалардың білім туралы құжаттарын тану тәртібі Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2023 жылғы 12 маусымдағы № 268 бұйрығымен бекітілген білім туралы құжаттарды тану қағидаларымен (бұдан әрі – Қағидалар) айқындалған.
Аталған Қағидалардың 9–тармағында шетелдік білім беру ұйымдарында берген білім туралы құжаттардың иегерлері Қазақстан Республикасында кәсіби қызметке қол жеткізу немесе оқуды жалғастыру мақсатында тану рәсімінен өтуі тиістілігі белгіленген.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2023 жылғы 12 маусымдағы № 268 бұйрығымен бекітілген Білім туралы құжаттарды тану Қағидаларының 9-тармағына сәйкес құжаттарды тануға басқа мемлекеттерде және халықаралық немесе шетелдік білім беру ұйымдары, оның ішінде олардың филиалдары, сондай-ақ ғылыми орталықтар мен зертханаларда білім алған жеке адамдардың жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі туралы құжаттар жатады.
Осыған орай, сізге білім туралы құжатты тану рәсімінен өту қажет.
«Білім туралы құжаттарды тану» мемлекеттік қызметін Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны жүзеге асырады.
Өтініштерді қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелерін беру «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы арқылы жүзеге асырылады.
Білім туралы құжаттарды тану бойынша қосымша ақпаратты Орталықтың сайтынан білуге болады https://enic-kazakhstan.edu.kz/ru/, «Білім туралы құжаттарды тану» бөлімінде немесе 8 (7172) 28-75-21, 28-75-27 телефондары бойынша.
Білім туралы құжаттарды тану қағидаларының 9-тармағына (Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2023 жылғы 12 маусымдағы № 268 бұйрығы) сәйкес құжаттарды тануға басқа мемлекеттерде және халықаралық немесе шетелдік білім беру ұйымдары, оның ішінде олардың филиалдары, сондай-ақ ғылыми орталықтар мен зертханаларда білім алған жеке адамдардың жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі туралы құжаттар жатады.
Білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптары "Білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарын және оларға сәйкестікті растайтын құжаттардың тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 17 маусымдағы № 391 бұйрығында көрсетілген.