Жиі қойылатын сұрақтар
«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы заңының 9-бабына сәйкес https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z970000151_#z12 «Мемлекеттiк органдардың актiлерi мемлекеттiк тiлде әзiрленiп, қабылданады, қажет болған жағдайда, мүмкiндiгiнше, басқа тiлдерге аударылуы қамтамасыз етiле отырып, оларды әзiрлеу орыс тiлiнде жүргiзiлуi мүмкiн».
Мысалы, Сіз мемлекеттік органда жұмыс істейсіз. Басшыңыз Сізге нормативтік-құқықтық актіні әзірлеу туралы тапсырма берді. Сіз актіні алдымен мемлекеттік тілде әзірлеуіңіз қажет.
Жоғары білім беру ұйымы «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны алған кезден бастап білім беру қызметімен айналысу құқығы туындайды.
Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің білім беру бағдарламаларын іске асыратын заңды тұлғалардың білім беру саласында қызметін лицензиялау кадрларды даярлау бағыттары («Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлау бағыттарының сыныптауышын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 13 қазандағы № 569 бұйрығы негізінде) мен оқыту нысандары (күндізгі, онлайн-оқыту, экстернат) бойынша жүзеге асырылады. Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беру мерзімі – берілген күннен бес жылды құрайды.
Жоғары және жоғары оқудан кейінгі білім беру саласындағы білім беру қызметін жүзеге асыруға лицензия беру мемлекеттік қызмет түрі болып табылады, оның рәсімі Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2022 жылғы 29 қарашадағы №164 бұйрығымен бекітілген «Жоғары және жоғары оқудан кейінгі білім беру саласындағы білім беру қызметін жүзеге асыруға лицензия беру» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларымен реттеледі https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2400033892.
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру қызметімен айналысуға лицензия беру мемлекеттік көрсетілетін қызмет түріне жатады және Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2024 жылғы 5 қаңтардағы № 4 бұйрығымен (бұдан әрі – Біліктілік талаптары) бекітілген Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптары және оларға сәйкестікті растайтын құжаттардың тізбесіне сәйкестігі негізгі шарт болып табылады.
Өтініш беру алдында білім беру бағдарламаларын ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органның білім беру бағдарламаларының тізілімінде тіркеуді қамтамасыз ету қажет, операторы – «Жоғары білімді дамыту ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК. Әрі қарай, әрбір біліктілік талабының тармағы бойынша (материалдық-техникалық жабдықталу (оқу корпустары, зертханалық үй-жайлар, оқу-техникалық құралдар, лицензиялық бағдарламалық қамтамасыз ету және т.б.), профессор-оқытушы құрамымен қамтамасыз етілуі, ғылыми әлеует және басқалары) растау құжаттарының болуы қажет.
Осылайша, жоғары білім беру қызметімен айналысуға лицензия беру жайлы www.egov.kz «электрондық үкімет» веб-порталы, www.elicense.kz ақпараттық жүйесі арқылы электрондық түрде ғана өтініш және біліктілік талаптарына сәйкестікті растайтын құжаттар келіп түскен жағдайда, отыз жұмыс күні ішінде қарастырылады.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің ғылыми қызметтің негізгі нәтижелерін жариялау үшін басылымдар тізбесі (бұдан әрі – Комитеттің басылымдар тізбесі) бірнеше тізімдерден тұрады – 1-тізім, 2-тізім, 3-тізім және әскери және арнайы органдар журналдарының тізімі.
Ғылыми атақтар (қауымдастырылған профессор (доцент), профессор) беру ережелеріне (2011 жылғы 31 наурыздағы №126 бұйрық, https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1100006939) сәйкес қауымдастырылған профессор (доцент), профессор ғылыми атақтарға ізденушілер үшін тек қана 1-тізім және 2-тізімдерге кіретін журналдарда жарияланған мақалалар есептеледі. 3-тізімдегі журналда шыққан мақалалар бұл ретте ескерілмейді.
Мысалы, Сіздің мақалаңыз «Қазақстан шығыстануы» журналында 2025 жылы шықты. Бұл журнал Комитеттің басылымдар тізбесінде 3-тізімге шығыстану бойынша 2024 жылғы №3 нөмірден бастап енгізілген, ғылыми атаққа ұсынатын ізденушіге осы мақала ескерілмейді
Пысықталған диссертациялық жұмыс диссертациялық кеңеске үш ай мерзімде ұсынылады. Егер докторант диссертациялық кеңестің ескертулерімен келіспейтін болса, онда ол берілген ескертулерге дәйектелген жауаптарын ұсынады.
Диссертациялық кеңестің отырысына дейін пысықталған диссертация Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығына (бұдан әрі – ҰМҒТСО) плагиатқа және жасанды интеллект технологияларын пайдаланып оларға сілтеме бермегенін тексеруге жіберіледі. ҰМҒТСО анықтамасын алғаннан кейін диссертациялық кеңес ресми рецензенттермен бірге пысықталған диссертациялық жұмысты және диссертациялық кеңестің ескертулерін жою мәніне ескертулерге жауаптарды талқылау жөнінде отырыс өткізеді.
Отырыста диссертациялық кеңестің кем дегенде 2/3 мүшесі қатысу керек, оның ішінде уақытша мүшелермен ресми рецензенттердің қатысуы міндетті. Отырыстың бейнежазбасы жүргізіледі, бірақ интернетте онлайн трансляция керек емес. Шешім жай көпшілік дауыспен жасырын дауыс беру арқылы қабылданады.
Нормативті түрде бұл Диссертациялық кеңес туралы үлгі ережеде көрсетілген (2011 жылғы 31 наурыздағы №126 бұйрық) https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1100006929
Жоспардан тыс тексеруді жүргізу негіздері Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 144-бабы 5-тармағының 3-тармақшасында белгіленген (сілтеме: https://adilet.zan.kz/kaz/docs/K1500000375#z144).
Жоспардан тыс тексеру жүргізіледі, егер:
- ұйым алдыңғы тексеру кезінде анықталған бұзушылықтарды жойған жоқ немесе алдыңғы бақылау шараларының нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалардың орындалуы бойынша растайтын ақпарат бермеген жағдайда;
- дәлелді негіздер мен растайтын дәлелдер болған кезде жеке немесе заңды тұлғалардың өтініштері;
- мемлекеттің, жеке немесе заңды тұлғалардың өміріне, денсаулығына, құқықтарына немесе заңды мүдделеріне қауіп төндіру немесе зиян келтіру фактілері бойынша прокурордың талабы;
- мемлекеттік органдардан адамдардың өміріне немесе денсаулығына, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне зиян келтіруі мүмкін бұзушылықтар фактілері бойынша өтініш;
- ұйымның өзі бастапқы тексерумен келіспеушілікпен жүгінген (жедел ден қою шараларын қолданудың заңсыздығы);
- қылмыстық қудалау органының тапсырмасы келіп түскен жағдайда жүргізіледі.
Бұл ретте, жоспардан тыс тексеруді тағайындау үшін Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім саласындағы заңнамасының бұзылған талаптары туралы дәлелді негіздер мен растайтын дәлелдемелерді өтініш иесі ұсынуы қажет.
Мысалы, жоғары оқу орнында Жоғары білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының талаптары бұзылғандығы туралы жеке тұлғадан өтініш түсті, бірақ ол өтініште дәлелді негіздер мен растайтын дәлелдер жоқ. Бұндай өтініш жоспардан тыс тексерудің негізі бола алмайды. Өкілетті органда тексеруді тіркеу үшін өтінішке растайтын дәлелдер мен негіздерді қоса тіркеу қажет.
«Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім туралы құжаттардың түрлерін, білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттардың нысандарын және оларды есепке алу мен беру қағидаларын, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім туралы өзіндік үлгідегі құжаттардың мазмұнына қойылатын негізгі талаптарды және оларды есепке алу мен беру қағидаларын әзірлеу және бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2023 жылғы 10 ақпандағы № 47 бұйрығының негізінде «Біліктілікті арттыру туралы куәлік» жоғары білім туралы құжаттар қатарына кірмейтінін және цифрландыруға жатпайтынын хабарлайды.
Білім беру қызметін тоқтатқан жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының атынан тарихи деректерді цифрландыру әзірге мүмкін емес.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2023 жылғы 10 ақпандағы № 47 бұйрығының 23-тармағына сәйкес ЖЖОКБҰ жабылған жағдайда жеке тұлғалар білім беру ұйымының тұрғылықты орны бойынша архивке жүгіне алатыны хабарлаймыз. Мемлекеттік архивтер мен олардың филиалдары, ведомстволық және жекеменшік архивтер берген көшірмелер мен үзінділер түпнұсқалық заңды күші бар ресми құжаттар болып табылады.
«Egov-mobile» қосымшасында «Цифрлық құжаттар» сервисіндегі мәліметтер «Жоғары білім берудің бірыңғай платформасы» ақпараттық жүйесінің (бұдан әрі – ЖББП) деректері негізінде көрсетіледі. ЖББП-дағы функционал деректерді толтырудың толықтығы мен сапасына жауапты Қазақстан Республикасы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының (бұдан әрі – ЖЖОКБҰ) деректерін есепке алуға көзделген.
ЖББП-да шетелдік жоғары оқу орындарының есебінің болмауына байланысты дипломды цифрландыру мүмкін емес.
Шетелдік білім беру ұйымдары берген білім туралы құжаттардың ресми расталуы уәкілетті орган берген білім туралы құжаттарды тану туралы куәліктің түпнұсқасы болып табылады.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі тек контингенттің оқу кезеңі туралы деректерді береді. «Жоғары білім берудің бірыңғай платформасы» ақпараттық жүйесінің (бұдан әрі – ЖББП) деректері Қазақстан Республикасының жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары (бұдан әрі – ЖЖОКБҰ) тарапынан енгізіледі, олар деректердің толықтығы мен сапасына жауапты. Сондықтан тікелей жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына жүгіне аласыз.
«Цифрлық құжаттар» сервисіндегі мәліметтер «Жоғары білім берудің бірыңғай платформасы» ақпараттық жүйесінің (бұдан әрі – ЖББП) деректері негізінде көрсетіледі. ЖББП-дағы функционал деректерді толтырудың толықтығы мен сапасына жауапты Қазақстан Республикасы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары (бұдан әрі – ЖЖОКБҰ) тікелей енгізеді. Сондықтан тікелей жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына жүгіне аласыз.