Жиі қойылатын сұрақтар
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі тілдерді дамыту саласындағы уәкілетті орган болып табылады.
Қазақстан Республикасының Тіл туралы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті (бұдан әрі – ҚР ҒЖБМ ТСК) жүзеге асырады. ҚР ҒЖБМ ТСК-нің веб-сайты: www.gov.kz/memleket/entities/language/about/structure?lang=kk
ҚР ҒЖБМ ТСК негізгі функционалдық міндеттері:
1) орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл саясатын іске асыруын ведомствоаралық үйлестіру;
2) меншік нысанына қарамастан мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың, жеке тұлғалардың Қазақстан Республикасының тілдер туралы заңнамасының орындалуына мониторинг жүргізу, қажетті ақпараттық, әдістемелік қолдау көрсету;
3) Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл саясатын іске асыру Тұжырымдамасының орындалуын үйлестіру;
4) Қазақстан Республикасында мемлекеттік тілдің жан-жақты дамуын қамтамасыз ету, оның халықаралық беделін нығайту;
5) мемлекеттік тілді ғылым тілі ретінде дамыту, терминологиялық жұмысты жүйелендіру;
6) Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасында белгіленген талаптардың бұзылуын жою туралы ұсынымдар беру;
7) орталық және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарында Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асыру;
8) қызметті ақпараттандыруға, мемлекеттік тілді үйретуге, оның қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған ІТ-жобалардың әзірленуін және қолданысқа енгізілуін қамтамасыз ету;
9) ҚАЗТЕСТ қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі бойынша жұмыстарды үйлестіру;
10) қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес көрнекі ақпараттар бойынша қорытынды ақпарат әзірлеу.
ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 28 желтоқсандағы № 943 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін кейбір мемлекеттік органдардың ведомстволық наградаларымен марапаттау қағидаларына «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісі енгізілді.
«Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен тілдерді дамыту саласында кемінде 10 жыл жұмыс өтілі бар қызметкерлер, тіл саясатын дамытуға ерекше үлес қосқан және тілдерді дамыту саласын жетілдіруге белсенді қатысқан азаматтар марапатталады.
Қазақ тілінің ұлттық корпусы - «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы аясында іске асырылатын жобалардың бірі.
Корпус – белгілі бір тілдегі мәтіндердің электронды түрде жинақталуына негізделген ақпараттық-анықтамалық жүйе. Ұлттық корпус қандай да бір тілді белгілі бір кезеңдегі барлық жанрларында, стильдерінде, әлеуметтік, аумақтық, т.б. нұсқаларында алуан түрлілігінде көрсете алады.
Ұлттық корпусты ғылыми зерттеулер мен тіл үйрету үшін лингвистер (корпус лингвистикасы деп аталатын, қазіргі заманғы тіл білімінің қарқынды дамып келе жатқан саласының мамандары) құрады. Әлемнің негізгі тілдерінің көпшілігінде өздерінің ұлттық корпустары бар, олар бір-бірінен мәтіндерді ғылыми өңдеудегі толықтығы мен деңгейі арқылы ерекшеленеді.
Қазіргі әлем тілдері ішінде мойындалған корпус – «Британдық ұлттық корпус» (BNC), көптеген басқа заманауи корпустар соған бағытталған. Прагадағы Карл университетінде құрылған чех ұлттық корпусы да ерекше орын алады, Орыс тілінің ұлттық корпусы да қарқынды дамуда.
Ұлттық корпустың мүмкіндіктері:
- тілді ана тілі немесе шеттілі ретінде үйрету үшін қажет (әлемде оқулықтар мен оқу бағдарламалары қазір Корпусқа бағытталған. Кез келген шетелдік, мектеп оқушысы, мұғалім, журналист, редактор және жазушы корпусты қолдана отырып, бейтаныс сөзді немесе грамматикалық форманың қолдану ерекшеліктерін тез және тиімді тексере алады);
- тілдің лексикасы мен грамматикасын, ондағы жүздеген жылдар бойы болған өзгерістерді ғылыми зерттеу үшін қажет.
- ақпаратты іздеуді оңтайландырады;
- ауқымды материалдарды талдау, өңдеуді, статистикалық мәліметтерді алуды оңайлатады;
- қажетті сөздіктерді корпус базасына негізінде құрастыруға болады.
- Корпус базасы үнемі үздіксіз жетілдіріліп, толықтырылып отырады.
Сонымен, Қазақ тілінің ұлттық корпусы тілдің құрылымы мен қолданылуы туралы білгісі келетін жалпы қызығушылық танытатын жұртшылыққа арналған.
Ағымдағы жылы публицистикалық мәтіндердің кіші корпусын әзірлеу бойынша жұмыс басталды, жыл соңына дейін база 2 млн сөзқолданыспен толықтырылады. Жаңа жылдан бастап qazcorpora.kz сайты толық ақпаратпен таныса аласыздар.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі көп тілді меңгерген жастарды ынталандыру мақсатында жыл сайын түрлі іс-шаралар өткізеді, соның ішінде үш тілді жетік меңгерген жастар арасында өткізілетін «Тіл шебері» байқауын атап өтуге болады.
Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, қазақ тілінің этносаралық қарым – қатынас тілі ретінде қолданылуын қамтамасыз ету, мемлекеттік тілді меңгерген қоғамдық белсенді этнос жастарын ынталандыру мақсатында «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы» республикалық конкурсы өткізіледі. Байқауға еліміздің 17 өңірінде іріктеуден өтетін 21-35 жас аралығындағы этнос жастары қатысады.
Сонымен қатар, «Мен қазақша сөйлеймін» акциясын өткізу дәстүрге айналды, онда түрлі этнос өкілдері қазақ авторларының шығармаларынан үзінділерді мәнерлеп оқу бойынша сайысқа түседі. Мысалы, 2020 жылы қатысушылар қазақ батырлары туралы эпостардан үзінділерді жатқа мәнерлеп оқу бойынша сайысқа түсті. 2021 жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында қатысушылар туған жер, ел, тіл туралы өлеңдер оқыды. Қатысушылардың барлық материалдарын #менқазақшасөйлеймін2020, #менқазақшасөйлеймін2021 хештегімен көруге болады.
Жыл сайын этномәдени бірлестіктердің жетекшілерімен «Қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айналдырудың тиімді жолдары» тақырыбында семинар-кеңес өткізіледі.
2020 жылғы 18 қарашада Нұр-Сұлтан қаласында қазақ тілін Қазақстанда және шетелде оқыту және ілгерілету бағдарламасы шеңберінде әзірленген «Аbai.institute» веб-порталы таныстырылды. Бұл-еліміздің азаматтарына, шетелдегі қазақ диаспорасына және шетел азаматтарына қазақ тілін, әдебиеті мен мәдениетін насихаттауға мүмкіндік беретін бірегей жоба. Сондай-ақ, «Аbai.institute» Android және iOS қолдайтын мобильді қосымшада қолжетімді. Жоба Гете институты немесе Пушкин институты негізінде жасалған.
Портал 6 тілде (ағылшын, неміс, француз, орыс, түрік, парсы) ұсынылған. Бүгінгі күні порталды пайдаланушылар саны - 20 183 адам.
Сондай-ақ Ресей, Түркия, Франция, Германия, Бельгия, Иран, Моңғолия елдеріндегі қазақ диаспорасы үшін қазақ тілін оқыту курстары өткізілді.
2021 жылы аталған жоба аясында АҚШ, Ресей, Түркия, Франция, Германия, Бельгия, Иран, Моңғолия, Өзбекстан елдеріндегі қазақ тілі оқытушыларының біліктілігін арттыру курстары өткізілді. Курстарға барлығы 239 оқытушы қатысты.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының 2020 жылғы 23 қыркүйектегі №5002-10 ПАБ тапсырмасына сәйкес шетелдегі қазақ диаспорасына арналған қазақ тілін үйрететін әмбебап басылым әзірленді.
А1, А2 деңгейлері бойынша басылымның контенті қазақ, орыс, түрік, ағылшын тілдерінде әзірленіп, «Abai.institute» онлайн платформасына орналастырылды
Жоба аясында Түркия, АҚШ, Ресей, Франция, Германия, Бельгия, Иран, Моңғолия және Өзбекстанда қазақ тілі кабинеттерін ашу арқылы офлайн және онлайн оқыту жүргізілуде.
Жобада «Отандастар қоры» АҚ ерекше рөл атқарады, ол шетелдегі отандастармен жұмысты ұйымдастырады және жоғарыда аталған елдердегі қазақ тілі кабинеттерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді.
Өңірлік тіл орталықтарында қазақ тілін оқыту «Қазақ тілін меңгерудің коммуникативтік тілдік құзыреттілігі» ҚР Ұлттық стандарты негізінде жүзеге асырылады.
Сондай-ақ, 5 деңгей бойынша «Тілдарын» оқу-әдістемелік кешені, «Қазақ сөзі» қазақ тілінің белсенді лексика-грамматикалық минимумының әдістемелік жинағы қолданылады.
Бірқатар тіл орталықтары қазақ тілін оқытуда қосымша өздерінің бірегей әдістемелерін пайдаланады. Мәселен Ақтөбе облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы қазақ тілінің 5 деңгейі (А1-С1) бойынша «Оқылым» мәтіндер жинағын шығарды. Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының тапсырысы бойынша әзірленген «Сарыарқа-2» оқу-әдістемелік кешені (оқулықтар, дәптерлер, аудио дискілер) бірнеше жыл қатарынан еліміздегі аса тиімді оқу құралдарының бірі болып табылады. Қарағанды облыстық соты осы өңірдің Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасымен бірлесіп 2021 жылы «Қазақ тілі» оқу құралын әзірледі. Сот жүйесі қызметкерлеріне арналған бұл оқу құралы да мамандардың жоғары бағасына ие болды.
Жамбыл облысының тілдерді дамыту басқармасы білім беру үдерісіне цифрлық технологияларды енгізіп, мобильді қосымшалардың белсенді пайдаланушыларына қазақ тілін өз бетінше үйренуге арналған «Qazonline» мобильді қосымшасын ұсынды. Қосымша Play Market және App Store арқылы қол жетімді.
Павлодар облысында қазақ тілін үйренушілер үшін бірнеше маңызды жоба қатар жүзеге асырылуда, олардың бірі «Ана тілі» орталығы әзірлеген «Ana tili» мобильді қосымшасы. Өнімді Play Market және App Store арқылы жүктеуге болады.
Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығы облыстық «Рудный Алтай» газетіндегі «Қазақ тілін үйренеміз» айдары арқылы орыс тілді оқырмандарға қазақ тілін оқытады.
Ересектерді қазақ тіліне оқыту курстарында дәстүрлі әдістермен қатар «Socrative», «Quizizz», «Quizlet», «Kahoot», «Padlet», «Playpozit», «Thinglink»сияқты түрлі әлемдік онлайн-бағдарламалар қолданылады.
Жергілікті және орталық атқарушы органдарда, ұлттық компаниялар мен этномәдени бірлестіктерде қазақ тілі курстарын және мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде.
Мемлекеттік тілді тегін оқыту курстары еліміздің 108 тілдерді оқыту орталықтарында ұйымдастырылған, онда топтар тұрғындардың сұранысы бойынша құрылады.
Жексенбілік мектептерде де қазақ тілін және ана тілдерін оқыту курстары ұйымдастырылған.
Аталған курстарға жазылу үшін ел азаматтары тұрғылықты жері бойынша жергілікті атқарушы органға (әкімдікке) жүгінуі қажет.
Сондай-ақ азаматтардың мемлекеттік тілді өз бетінше үйренуі үшін келесі интернет жобалар жұмыс істейді:
- Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысы бойынша әзірленген «Tilqural.kz», «Tilmedia.kz», «Abai.institute», «Balatili.kz» порталдары;
- Мемлекеттік тілді дамыту қоры тарапынан әзірлеген «Soyle.kz», «Bala.soyle.kz» интернет порталдары;
- Жамбыл облысы тілдерді дамыту басқармасы әзірлеген «Qazonline» мобильді қосымшасы;
- Павлодар облысының «Ана тілі» орталығы әзірлеген «Ana tili» интернет жобасы;
- Татьяна Валяеваның «Kaz-tili.kz» авторлық жобасы және т.б.
Тіл саясатын тиімді іске асыру, оның ішінде халықтың тіл оқу процесіне қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында келесі порталдар жұмыс істейді:
- «Tilalemi.kz» - тіл саясатын іске асыру саласындағы жаңалықтар, лингвист ғалымдардың мақалалары, республикалық конкурстардың, іс-шаралардың ережелері және т.б. орналастырылатын портал, сондай-ақ порталға кітаптар, мультимедиялық бағдарламалар, сөздіктер мен журналдар жүктелген.
- «Abai.institute» - Қазақстанда және шетелде қазақ тілін оқыту және ілгерілету бағдарламасы шеңберінде әзірленген веб-портал. Сондай-ақ, портал Android және iOS қолдайтын мобильді қосымшаларда қолжетімді. Портал 6 тілде жұмыс істейді.
- «Tilqural.kz» - мемлекеттік тілді кезең-кезеңімен үйренуге арналған web-портал. Сайтта қазақ тілін білмейтін ересектерге А1, А2, В1, В2, С1 деңгейлерінде тіл үйренуге мүмкіндік беретін онлайн-курс бар. Сайт сөздік қорды толықтыруға, жаңа сөздердің мағынасын түсінуге және оларды күнделікті өмірде қолдануға көмектеседі. Android, iOS платформалары арқылы жүктеуге болады. Сонымен қатар, электронды оқулықтарды web-порталдан смартфонға жүктеу мүмкіндігі бар.
- «Tilmedia.kz» - орыс-ағылшын тілді азаматтарға мемлекеттік тілді қызықты әрі тиімді оқытатын үш тілді сайт. Тілдерді оқыту әдістемесі аудио және бейне мазмұнға негізделген. Сайтта латын және араб графикасы қарастырылған.
- «Balatili.kz» - үш жастан асқан балаларға, сонымен қатар бала тәрбиесі мен оқытуды жүзеге асырушы тәрбиешілер мен мұғалімдерге, ата-аналарға арналған сайт. Сайт интуитивті іздеу жүйесі мен ыңғайлы навигация жүйесі бар онлайн платформа негізінде жұмыс істейді.
Баланың жеке жұмыс істеуіне арналған жұмыс парақтары, ұcтаздар мен тәрбиешілерге, ата-аналарға әдістеме парақтары ұсынылған.
Қазақ тілінің грамматикасы мен орфографиясын меңгеруге қатысты материалдар, соның ішінде интерактивті әліппе мен ойындар, жас ерекшеліктеріне сәйкес аудиодиктанттар, тапсырмалар, каллиграфиялық дағдыларды дамытуға арналған бастырмалар қарастырылған.
Балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес оқуға арналған көркем мәтіндер, соның ішінде қызықты әңгімелер, тақырыптық өлеңдер, жаңылтпаштар, жұмбақтар мен мақал-мәтелдер топтастырылған.
Арнайы мамандардың лингвистикалық мәселелерге қатысты мақалалары, ғылыми еңбектері, сонымен қатар балабақша мен бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған көмекші құралдары мен сабақ жоспарлары жарияланып отырады.
- «Emle.kz» - қазақша дұрыс жазу, сөзді дұрыс айту, жұртшылықтың тіл мәдениетін көтеру мақсатында құрылған сайт. Сайттың «Әдеби тіл нормалары» блогында сөз сазы, оның көркем әдебиет пен өмірдегі маңызы, ережелері мен қағидалары берілсе, «Орфография» блогында сөздердің дұрыс жазылу ережелері беріледі. Сондай-ақ кірме сөздер мен терминдік мәнге ие сөздердің бұрынғы және қазіргі жазылу барысындағы айырмашылықтары салыстырмалы түрде көрсетіледі. «Пунктуация» блогында тыныс белгілердің қойылу ретіне байланысты ережелер енгізілсе, «Аббревиатура» блогында қысқарған сөздер, олардың толық атаулары, қысқарылу реті, атаулар мен сөздерді қысқарту барысында басшылыққа алынатын қағидалар мен сүйенетін заңдылықтар келтіріледі. «Мақалалар» блогында ғалымдардың осы сала негізінде жазылған ғылыми мақалалары беріледі. Әрбір мақаладан кейін пікір қалдыратын орын болады. Сол арқылы оқырман авторға мақалаға қатысты сұрақтар қойып, жауап алады.
- «Termincom.kz» - Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы терминологиялық комиссия бекіткен терминдерді бірыңғай электрондық базаға үздіксіз енгізу, қазіргі заманғы ғылым, білім, техника және экономика, қоғамдық-әлеуметтік бағыттар бойынша салааралық терминологиялық қорды біріздендіру және жетілдіру мақсатында құрылған сайт.
Бұл терминологиялық лексиканы біріздендіру, терминологиялық қорды толықтыру, терминдер мен атауларды қазақ тілінің нормаларына сәйкес реттеу, терминологиялық атауларды пайдалану тиімділігін арттыру үшін қалың жұртшылыққа арналған ақпараттық құралдың бір түрі.
«Termincom.kz» электрондық сайты «Бекітілген терминдер», «Терминдер хронологиясы», «Қолданыстағы салалық терминдер», «Ойталқы», «Құқықтық-нормативтік база», «Ғылыми-әдіcтемелік негіздер» және «Іздеу» блоктарынан тұрады.
«Бекітілген терминдер» блогында Республикалық терминологиялық комиссиясында мақұлданған терминдер орналастырылса, «Терминдер хронологиясында» терминдердің бекітілу мерзімдері және олардың сөздік ретінде жарық көруінен мәліметтер беріледі.
«Қолданыстағы салалық терминдер» блогында Республикалық терминология комиссиясының мақұлдауымен жарық көрген терминологиялық сөздіктер салынды.
«Ойталқы» айдарында бекітуге ұсынылатын терминдерге қатысты әрбір оқырман өз ой-пікірін қалдыра алады.
«Ғылыми-әдістемелік негіздер» блогында терминжасам мәселелеріне қатысты еңбектер ұсынылып отыр.
- «Sozdikqor.kz» порталы - әртүрлі салалық сөздіктер мен энциклопедиялардағы сөздермен және тұрақты сөз тіркестерімен, ескірген қазақ сөздерімен, кірме сөздермен, ақпараттық технологиялардың даму кезеңіндегі жаңа технологиялық сөздердің мағынасымен танысуға мүмкіндік беретін алғашқы әмбебап платформа.
Базаға 400 000 сөз, 1 243 850 тілдік бірлік жүктелген.
Порталға 60-қа жуық түрлі салалық сөздіктер мен энциклопедиялар енгізілген. Атап айтқанда, 15 томдық Қазақ әдеби тілінің сөздігі, Абай сөздігі, Ахмет Байтұрсынов энциклопедиясы, қазақ тілінің синонимдер сөздігі, қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі және т.б.
Порталдың іздеу жүйесі арқылы сөздердің анықтамасын, синонимдерін, антонимдерін, омонимдерін, сөздердің фразеологиялық тіркестерде кездесу жиілігін білуге болады.
2021 жылы «синонимайзер» функциясы қосылды, тестілеу кезеңі өткізілді. Кілт сөздерді дыбыстандыру функциясы бар.
Порталдың мобильді қосымшасын Goolge Play және App Store-дан жүктеуге болады. @Sozdikqor.kz тelegram-бот жұмыс істейді.
- «Qujat.kz» - құжаттарды қазақ және орыс тілдерінде сауатты әзірлеу бойынша үлгілер мен нұсқаулықтар берілген электрондық база.
Сайтта іс қағаздарын жүргізу 2-ге бөлінген: «кеңсе» және «кадр» құжаттары, онда құжаттардың жеке үлгілері ұсынылған.
Құжаттарды іздеудің 3 түрі қолданылады: түрі және атауы бойынша және әріп бойынша жүйелі іздеу.
Құжаттардың екі жүзден астам үлгісі (қазақ және орыс тілдерінде) PDF және DOC нұсқаларында қолжетімді.
Құжаттардың үлгілеріне онлайн өзгерістер енгізуге арналған сервис жұмыс істейді.
Сайтта «Құқықтық негіз», «Мақалалар», «Кітапхана», «Терминдер», «Сұрақ-жауап» бөлімдері орналасқан.
- «Qazlatyn.kz» (портал және конвертер) - еліміздегі латын графикасына көшу үдерісін сүйемелдейтін негізгі ұлттық портал.
Порталдың көпфункционалды конвертері мәтіндерді кирилден латынға және төте жазуға онлайн сәйкестендіруге мүмкіндік береді.
Конвертердің ішкі ядросы (кодтары) «Яндекс переводчик» веб-сервисіне орналастырылып, қазіргі таңда «казахский (латиница)» деген жазумен халықаралық деңгейдегі тілдер қатарына қосылды.
- «Atau.kz» - ономастика саласындағы сайт.
Сайтқа Қазақстан бойынша көшелердің, мәдениет, білім беру мекемелерінің, түрлі объектілердің атаулары жинақталған.
Сондай-ақ базада Қазақстан Республикасындағы жерлер мен су айдындары атауларының толық тізбесі бар.
Пайдаланушылар объектілерге атау беру ережелерімен, ономастика жөніндегі нормативтік-құқықтық құжаттармен, ұлттық және өңірлік ономастика комиссиялары туралы ақпаратпен, ономастика жөніндегі әдебиеттер тізімімен және зерттеу жұмыстарымен таныса алады.