Жиі қойылатын сұрақтар
Жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобалар әртүрлі тетіктер арқылы іске асырылады.
Қазақстан Республикасының «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» Заңының 9-бабының 1-тармағына сәйкес,
1) осы Заңның 8-1-бабының 2-тармағында көзделген индекстеу ескеріле отырып, өзі мен қаржы-есеп айырысу орталығы арасында сатып алу-сату шартын жасасқан күні қолданыста болатын тіркелген тариф бойынша не аукциондық сауда-саттық қорытындылары бойынша айқындалған аукциондық баға бойынша электр энергиясын бірыңғай сатып алушыға;
2) Қазақстан Республикасының электр энергетикасы туралы заңнамасына сәйкес жасалған екіжақты шарттарға сай шарттық бағалар бойынша тұтынушыларға және шекті тарифтер бойынша энергиямен жабдықтаушы ұйымдарға өткізуге құқылы.
Аукциондық тетік қолданылған жағдайда, жобаларға мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі. Атап айтқанда, бірыңғай сатып алушы ЖЭК электр энергиясын 20 жыл мерзімге аукциондық тариф бойынша кепілдендірілген түрде сатып алады, құрылыс кезеңіне тариф біржолғы индекстеледі және пайдалану кезеңінде тарифтің жыл сайынғы индексациясы қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар, Қазақстанда нетто-тұтынушы тетігі енгізілген. Бұл тетік қуаттылығы 200 кВт-қа дейінгі шағын ЖЭК қондырғыларына ие жеке тұлғалар мен ұйымдарға өндірілген электр энергиясын өз қажеттіліктері үшін пайдалануға, ал артық көлемін электр желілеріне беріп, белгіленген шекті баға бойынша сатуға мүмкіндік береді. Аталған тетік электр энергиясына жұмсалатын шығындарды азайтуға және қосымша табыс көзін қалыптастыруға жағдай жасайды.
Біртұтас электр энергетикалық жүйесіне қосылу мүмкіндігі және бос желілік қуаттардың болуы шешуші мәнге ие.
Энергия тапшылығы байқалатын өңірлерде ЖЭК жобаларын іске асыру басымдыққа ие болса, қуат профициті бар аймақтарда мұндай жобаларды орналастыру мүмкіндігі шектеулі болады.
Сонымен қатар, инфрақұрылымның дайындық деңгейі, тұтынушылар тарапынан сұраныс және жобаның экономикалық тиімділігі де ескеріледі.
Климаттық және табиғи жағдайлар, оның ішінде жел әлеуеті мен күн радиациясы, маңызды болғанымен, олар желілік және жүйелік шектеулер бағаланғаннан кейін ғана екінші кезекте қарастырылады.
Жеке кәсіпкер ретінде тіркелу міндетті емес. Жаңартылатын энергия көздерінің шағын қондырғыларын (200 кВт дейін) өз мұқтаждары үшін пайдаланатын және артық электр энергиясын сататын жеке тұлғалар дара кәсіпкер ретінде тіркелмеуі мүмкін.
Сондай-ақ «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында шағын ауқымды объектілер секторын дамытуды ынталандырудың бірқатар тетіктері көзделген:
- жаңартылатын энергия көздері объектісі өндірген электр энергиясын өндіру жөніндегі қызметті жүзеге асыруға байланысты нетто-тұтынушыларға дара кәсіпкер ретінде тіркелмеуге мүмкіндік беретін нормалар;
- нетто-тұтынушылардан электр энергиясын сатып алу бойынша энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың, сондай-ақ нетто-тұтынушыларды электр желілеріне қосуда энергия беруші ұйымдардың міндеттемелерін заңнамалық деңгейде бекіту;
- электр энергиясының артығын шекті бағамен сату (тұтынушылар топтары бойынша саралаусыз).
- энергия беруші ұйымдардың электр желілеріне нетто-тұтынушылардың еркін кіруін және қосылуын қамтамасыз ету міндеті бекітілген;
- нетто-тұтынушы мен энергиямен жабдықтаушы ұйымдар арасында электр энергиясын сатып алу-сатудың үлгі шартын әзірлеу көзделген;
- энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың нетто-тұтынушымен электр энергиясын сатып алу-сатудың үлгілік шартын жасасу міндеті бекітілген.
Ірі жобалар мен коммерциялық қызмет үшін тіркеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жалпы тәртіппен жүзеге асырылады.