Жиі қойылатын сұрақтар
«Нысаналы капитал қорлары және эндаумент-қорлар туралы» Қазақстан Республикасының 2025 жылғы 30 маусымдағы № 199 Заңына сәйкес https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z2500000199 нысаналы капитал қорының Қамқоршылық кеңесі заңда және қордың жарғысында айқындалған құзырет шегінде қор қызметін ұйымдастыру бойынша негізгі шешімдерді қабылдайды.
Қордың Қамқоршылық кеңесінің құзыретіне, атап айтқанда: нысаналы капитал қорының (бұдан әрі – Қор) эндаумент-қорды қалыптастыруы және (немесе) толықтыруы арқылы қол жеткізетін мақсаттарды айқындау, Қор жарғысына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу, эндаумент-қор активтерін басқару және инвестициялау жөніндегі кәсіби әдеп қағидаларын бекіту, Қордың есепке алу саясатын бекіту, қаржы жоспарының орындалуын бақылау, басқарушы компанияларға қойылатын талаптарды бекіту, эндаумент-қордың қайырымдылық бағдарламаларын бекіту және олардың орындалуын бақылау және т.б. жатады.
Сондай-ақ Қамқоршылық кеңес Қордың атқарушы органының басшысын тағайындау немесе шеттету, атқарушы орган мүшелерінің сандық құрамын және өкілеттік мерзімін, оларды тағайындау және өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату тәртібін айқындау туралы шешімдер қабылдайды. Қор қызметіне ағымдағы басшылықты Қамқоршылық кеңеске есеп беретін атқарушы орган жүзеге асырады.
Мысал:
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігіне (бұдан әрі – Министрлік) Астана қаласының азаматы С.-дан өзінің кандидатурасын нысаналы капитал қорының Қамқоршылық кеңесінің құрамына енгізу туралы сұрақ келіп түсті. Өтініш берушіге аталған мәселе Министрліктің құзыретіне кірмейтіні және оған нысаналы капитал қорына немесе оның Қамқоршылық кеңесіне тікелей жүгінуі қажет екені туралы жауап берілді.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 30 қазандағы № 595 бұйрығымен бекітілген Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларының 17-тармағына сәйкес https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1800017657, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары (бұдан әрі – ЖЖОКБҰ) өз құрылымын дербес әзірлейді және бекітеді. Бұл ретте құрылымдық бөлімшелер ЖЖОКБҰ қызметінің бағыттары мен түрлерін қамтиды.
Коммерциялық емес акционерлік қоғам (бұдан әрі – КЕАҚ) нысанында құрылған ЖЖОКБҰ-да академиялық саясат жөніндегі міндеттерді тікелей іске асыратын ЖЖОКБҰ академиялық құрылымдық бөлімшелерді құру және тарату туралы шешімдер қабылдау директорлар кеңесінің айрықша құзыретіне жатады.
Мысал:
e-Otinish жүйесі арқылы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігіне Қарағанды қаласындағы ЖЖОКБҰ-лардың бірінің оқытушысы М.-дан олардың ЖЖОКБҰ-да құрылымдық бөлімшелердің тым көп құрылғаны туралы шағым келіп түсті.
Өтініш берушіге ЖЖОКБҰ қызмет бағыттары мен түрлерін ескере отырып, өз құрылымын дербес әзірлейтіні және бекітетіні туралы жауап берілді. Өтініш беруші жұмыс істейтін ЖЖОКБҰ КЕАҚ нысанында құрылғандықтан, бұл мәселе директорлар кеңесінің айрықша құзыретіне жататыны түсіндірілді.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2025 жылғы 1 сәуірдегі № 157 бұйрығымен бекітілген Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының (бұдан әрі – ЖЖОКБҰ) алқалы басқару органдары жұмысын ұйымдастырудың үлгілік қағидаларына сәйкес https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2500035921, ЖЖОКБҰ-ның алқалы басқару органдарының нысандары ғылыми кеңес, әдістемелік кеңес (оқу-әдістемелік, ғылыми-әдістемелік), ғылыми-техникалық кеңес және басқа да нысандар болып табылады.
Алқалы басқару органдары ЖЖОКБҰ басшысының бұйрығымен құрылады. Алқалы орган өз жұмысын оқу жылына (күнтізбелік жылға) бекітілген жұмыс жоспары негізінде оның міндеттеріне сәйкес жүзеге асырады, ол ЖЖОКБҰ-ның ресми сайтында орналастырылады.
Алқалы органның отырысында қаралған мәселелердің нәтижелері бойынша қатысып отырған мүшелердің көпшілік дауысымен Алқалы органның шешімі қабылданып, ол хаттамамен ресімделеді. Дауыстар тең болған жағдайда Төрағаның дауысы шешуші болып табылады. Отырыс хаттамасын алқалы органның хатшысы отырыстан кейін 3 жұмыс күні ішінде жасайды.
Мысал:
e-Otinish жүйесі арқылы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігіне С. азаматынан оқу-әдістемелік мәселелерді кім қарайтыны жөніндегі сұрақпен өтініш келіп түсті: ұйымның бірінші басшысы ма әлде ЖЖОКБҰ-ның алқалы басқару органы қарай ма?
Өтініш берушіге ЖЖОКБҰ-да алқалы басқару органдары, оның ішінде ғылыми кеңес, әдістемелік кеңес, ғылыми-техникалық кеңес және өзге де алқалы органдар құрылуы мүмкін екені түсіндірілді. Аталған органдар ЖЖОКБҰ басшысының бұйрығымен құрылады және өз құзыретіне жатқызылған мәселелерді қарайды.
Бұл ретте бірінші басшы мен ЖЖОКБҰ-ның алқалы басқару органдары арасындағы өкілеттіктердің нақты бөлінуі Қазақстан Республикасының заңнамасымен, ЖЖОКБҰ жарғысымен және ұйымның ішкі құжаттарымен айқындалады. Осыған байланысты нақты мәселе бойынша құзыретті органды анықтау үшін тиісті ЖЖОКБҰ-ның жарғысын және ішкі актілерін басшылыққа алу қажет.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 30 қазандағы №595 бұйрығымен бекітілген Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары (бұдан әрі – ЖЖОКБҰ) қызметінің үлгілік қағидаларының 1-тармағына сәйкес https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1800017657, аталған Қағидалар «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-3-бабы 10) тармақшасына сәйкес әзірленген және ЖЖОКБҰ-ның қызмет тәртібін айқындайды.
Осылайша, ЖЖОКБҰ қызметінің тәртібі Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңымен, ЖЖОКБҰ қызметінің үлгілік қағидаларымен, ЖЖОКБҰ жарғысымен және тиісті ұйымның ішкі құжаттарымен айқындалады.
Мысал:
e-Otinish жүйесі арқылы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігіне С. азаматынан әртүрлі ЖЖОКБҰ-ларда жекелеген ішкі рәсімдер мен қағидалардың неге өзгеше екені туралы өтініш келіп түсті.
Өтініш берушіге ЖЖОКБҰ қызметінің жалпы тәртібі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 30 қазандағы №595 бұйрығымен бекітілген Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларымен айқындалатыны түсіндірілді.
Сонымен қатар нақты ЖЖОКБҰ қызметінің ерекшеліктері, оның ішінде жекелеген ішкі рәсімдер де, құрылымдық бөлімшелердің жұмыс тәртібі және ұйымдастыру мәселелері тиісті ұйымның жарғысымен және ішкі құжаттарымен, олардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келуі шартымен айқындалады.
Жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының (Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2022 жылғы 20 шілдедегі № 2 бұйрығы) (бұдан әрі – ЖМБС) 2-тармағының 9) тармақшасына https://adilet.zan.kz/rus/docs/V2200028916 сәйкес, докторантура – білім беру бағдарламалары кемінде 180 академиялық кредитті міндетті түрде игере отырып, философия докторы (PhD) (бейіні бойынша доктор) дәрежесін берумен ғылыми, педагогикалық және (немесе) кәсіптік қызмет үшін кадрлар даярлауға бағытталған жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру.
Педагогикалық практика кезеңінде докторанттар бакалавриат пен магистратурада сабақ өткізуге тартылады.
Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары (бұдан әрі – ЖЖОБҰ) педагогтерінің (профессор-оқытушылар құрамының) кәсіптік стандартына (Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2023 жылғы 20 қарашадағы № 591 бұйрығы) https://adilet.zan.kz/rus/docs/G23HN000591 сәйкес, білім беру саласындағы жоғары оқу орнынан кейінгі білімі (ғылыми-педагогикалық магистратура), жоғары білімі бар оқытушының, ассистенттің, маманның студентке бағдарланған оқыту мен бағалау принциптерін ескере отырып, оқу сабақтарын (дәрістерден басқа) ұйымдастыруға және өткізуге құқығы бар.
ЖЖОБҰ дәрістерді «ғылым кандидаты» немесе «ғылым докторы» ғылыми дәрежесі немесе «философия докторы (PhD)» дәрежесі бар, сондай-ақ тиісті ғылымдар магистрі дәрежесі бар оқытушылардың және (немесе) оқытушы лауазымында кемінде үш жыл еңбек өтілі немесе бейіні бойынша кемінде бес жыл практикалық жұмыс өтілі бар аға оқытушылардың оқуын қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, ҚР «Білім туралы» Заңының 47-бабының 4-тармағына https://adilet.zan.kz/rus/docs/Z070000319 сәйкес, ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, күндізгі оқу нысаны бойынша барлық білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілерінің оқуды сабақтан тыс уақытта жұмыспен ұштастыруға құқығы бар.
Мысалы: Мен Алматы қаласындағы университеттердің бірінің докторантымын, білім беру гранты бойынша оқимын. Докторантурадағы оқуыммен қатар мектепте мұғалім немесе өз университетімде оқытушы болып жұмыс істей аламын ба?
Иә, докторантурада оқып жатқан кезде Сіз оқудан бос уақытта мектепте мұғалім болып жұмыс істей аласыз немесе жоғары оқу орнында оқытушы ретінде сабақ бере аласыз.
Жоғары білімнің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына (Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2022 жылғы 20 шілдедегі № 2 бұйрығы) https://adilet.zan.kz/rus/docs/V2200028916 сәйкес, техникалық және кәсіптік білім беру, орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламалары негізінде оқуға түскен кезде және жоғары білімнің білім беру бағдарламасының бейіні мен (немесе) сабақтастығы жоғары білімнің, техникалық және кәсіптік білімнің немесе орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламасымен сәйкес келген жағдайда, формальды білім берудің алдыңғы деңгейінің оқу нәтижелері автоматты түрде танылады, игерілетін академиялық кредиттер саны мен оқу мерзімі қысқартылады.
Оқу нәтижелері пререквизиттер (пререквизит – бұл оқу бағдарламасына қол жеткізу үшін орындалуы қажет алдын ала талап) ретінде сәйкес келген жағдайда, формальды білім берудің алдыңғы деңгейінің (оқу орнын бітіру) жекелеген пәндері, сондай-ақ тиісті деңгейдегі формальды емес білім берудің (курстардан өту) оқу нәтижелері қайта саналып есепке алынады.
Мысалы, мен Астана қаласының Жоғары көлік және коммуникация колледжінің түлегімін. Өз мамандығым бойынша ALT университетінде оқуымды жалғастырғым келеді. Менің оқу нәтижелерім есепке алына ма? Оқу мерзімі қысқартыла ма?
Иә, есепке алынады, оқу мерзіміңіз қысқартылады. Университет сіздің бұған дейін алған біліміңіз бен дағдыларыңызды ескере отырып, жеке оқу жоспарын құрады. Қайта саналатын кредиттер саны және, сәйкесінше, оқу мерзімінің қысқартылуы сіздің алдыңғы оқу бағдарламаңызды бағалау нәтижелеріне байланысты болады.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2023 жылғы 26 шілдедегі № 357 бұйрығына «Жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау кезінде қабылдау квоталарының мөлшерін бекіту туралы» (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2300033174) сәйкес, бала кезінен мүгедектігі бар балаларды, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды тәрбиелеп отырған отбасылардағы балалар үшін қабылдау квотасы жоғары білім беруге арналған мемлекеттік білім беру тапсырысының 2 пайызы мөлшерінде белгіленген.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 26 желтоқсандағы № 518-IV «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексіне (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/K1100000518) сәйкес, бала (балалар) – он сегіз жасқа толмаған (кәмелетке толмаған) адам болып табылады.
Осылайша, «бала кезінен мүгедектігі бар балаларды, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды тәрбиелеп отырған отбасылардағы балалар үшін» квота тек 18 жасқа толғанға дейін қолданылады. Кәмелет жасына толғаннан кейін адам бала мәртебесінен айырылады, сәйкесінше осы квотаны қолдану үшін негіз де өз күшін жояды.
Ал I немесе II топтағы мүгедектігі бар адамдар белгіленген талаптарға сәйкес келген жағдайда дербес санат ретінде квота бойынша конкурсқа қатыса алады.
Мысал:
Білім беру гранттарын тағайындау конкурсына құжаттар тапсыру кезінде азамат К-ның жасы – 18 жыл және 1 ай. Ол мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балаларға арналған қабылдау квотасына үміттене ала ма?
Жоқ, 18 жастан кейін квота қолданылмайды, себебі заңнамаға сәйкес бала болып саналмайды.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2023 жылғы 26 шілдедегі № 357 бұйрығына «Жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау кезіндегі қабылдау квоталарының мөлшерін бекіту туралы» (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2300033174) сәйкес, шақыру бойынша мерзімді әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген Қазақстан Республикасы азаматтары үшін жоғары оқу орындарына түсу кезінде қабылдау квотасы бекітілген, ол бекітілген мемлекеттік білім беру тапсырысының 2,5 пайызын құрайды.
Мерзімді әскери қызметті аяқтаған азаматтар бірыңғай ұлттық тестілеуден өтіп, қабылдау ережелерінің талаптарын орындаған жағдайда, белгіленген квота шеңберінде мемлекеттік білім беру грантын тағайындау конкурсына, сондай-ақ жалпы негізде конкурсқа қатыса алады.
Мысалы: Қазіргі уақытта шақыру бойынша мерзімді әскери қызметті өткеріп жүрмін. Қызметті аяқтағаннан кейін мемлекеттік білім беру грантына түсе аламын ба?
Иә, шақыру мерзімді әскери қызметтен өткен азаматтар мемлекеттік білім беру грантына үміткер болуға құқылы. Олар Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтіп, қабылдау талаптарын орындаған жағдайда грант конкурсына жалпы негізде де, сондай-ақ арнайы 2,5% квота шеңберінде де қатыса алады.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 600 бұйрығына «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1800017650) сәйкес шетел азаматтары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын қазақ ұлтының өкілдері жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына (бұдан әрі – ЖЖОКБҰ) түсуге құқылы.
Оқуға қабылдау жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітетін қабылдау қағидаларына, сондай-ақ халықаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес жүзеге асырылады.
Шетел азаматтары ЖЖОКБҰ келесі негіздер бойынша оқи алады:
білім беру қызметтерін көрсету туралы шарттар негізінде ақылы түрде;
мемлекеттер арасындағы халықаралық келісімдер шеңберінде;
тиісті шарттар мен конкурстық іріктеу болған жағдайда стипендиялық бағдарламалар мен білім беру гранттары бойынша.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 8 қазандағы № 548 бұйрығы «Стипендиялық бағдарламаларға қатысу үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларын бекіту туралы» (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1800017520) (бұдан әрі – Ереже).
Мысал, Мен, Е.Қайратов, Моңғолия Республикасының азаматы, ұлтым – қазақ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне мемлекеттік білім беру гранты бойынша түсе аламын ба?
Иә, Стипендиялық бағдарламаларға қатысу Ережесіне сәйкес, Сіз Қазақстан Республикасының жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына стипендиялық бағдарлама шеңберінде оқуға түсуге құқылысыз.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 4 желтоқсандағы № 677 бұйрығына «Жоғары бiлiмнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдарда мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алушылар үшін өтемақылар төлеу арқылы қысқы және жазғы каникул кезеңінде қалааралық теміржол және автомобиль (таксиден басқа) көлігінде жеңілдікпен жол жүруді қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы» (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1500012894) сәйкес жол жүру шығыстары бойынша өтемақы келесі санаттағы мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқитын білім алушыларға төленеді:
жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының студенттеріне, магистранттарына – жылына екі рет, қысқы және жазғы каникул кезеңінде, 4 айлық есептік көрсеткіш (бұдан әрі – АЕК) мөлшерінде;
жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының дайындық бөлімшелерінің тыңдаушыларына – жылына бір рет, 4 АЕК мөлшерінде.
Мысал:
А. есімді азаматтың сұрағы түсті: Алматы қаласындағы университеттердің бірінде ақылы негізде оқимын. Көкшетау қаласындағы тұрғылықты жеріме дейінгі жол жүру шығындары маған өтеледі ме?
Жоқ, Сіз бұл жол жүру төлемдеріне үміт арта алмайсыз, себебі Сіз мемлекеттік білім беру гранты иегері болып табылмайсыз.