«ХҚБ» - халық қатысатын бюджет туралы не білуіңіз керек?
ЖүктеуХҚБ аясында не ұсынуға болады?
ХҚБ қатысушысы абаттандыру бойынша жобалық ұсыныс бере алады.
Әрі қарай, сараптамалық кеңес жобалық ұсынысты іс жүзінде іске асыруға қарайды, әкімдік порталында ұсынылған идеялар үшін жергілікті тұрғындар дауыс береді, жеңімпаздар үшін конкурс жарияланады, әкімдік мердігерді тартады және бюджеттен бөлінген қаражатқа идеяларды іске асырады. Бұл ретте, әкімдіктерде жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып, ХҚБ іске асырудың барлық процестерін егжей-тегжейлі көрсету мүмкіндігі қалады.
Халық қатысатын бюджетті іске асыру тәртібі Бюджетті жоспарлау қағидаларымен және жергілікті атқарушы органдардың тиісті актілерімен айқындалады.
Жалпы тәртіпке сәйкес әкімдіктер жобалық ұсыныстарды қабылдау туралы ақпаратты 15 қаңтарға дейін орналастырады, тұрғындардың ұсыныстарын 20 қаңтардан 1 наурызға дейін қабылдайды, ал сараптамалық кеңестер келіп түскен жобаларды ағымдағы қаржы жылының 5 сәуіріне дейін қарайды.
Кәмелетке толған тұрғындардың дауыс беруі 24 сәуірге дейін өткізіледі, содан кейін сараптамалық кеңес дауыс беру нәтижелері бойынша 30 сәуірден кешіктірмей шешім қабылдайды.
Маңызды! Халық қатысатын бюджет кезеңдерінің нақты өткізілу мерзімдерін тиісті әкімдіктің ресми хабарландыруларынан нақтылау қажет. Жекелеген қалаларда ұсыныстарды қабылдау және дауыс беру кезеңдері басқа күндерде өткізілуі мүмкін.
Тұрғындар мыналарға қатысты ұсыныстар бере алады:
- аумақты көгалдандыру;
- тротуарларды жайластыру;
- тротуарларды, пандустарды, арықтарды салу және жөндеу;
- ортақ пайдалану орындарын құру, жөндеу және жарықтандыру (саябақтар, скверлер, жаяу жүргіншілер аймақтары, көшелер және өзге де объектілер);
- бордюрларды, брусчаткаларды, тіреуіш қабырғаларды жөндеу;
- қоқыс тастайтын жерлерді жою;
- ортақ пайдалану орындарында күркелер, орындықтар, урналар және балалардың ойнауы және ересек тұрғындардың демалуы үшін жабдықтар мен конструкциялар орнату және жөндеу;
- аула аумақтарында және ортақ пайдалану орындарында спорттық (жаттығу алаңдарын, футбол, баскетбол, волейбол алаңдарын), балалар ойын алаңдарын орнату, жөндеу және жарықтандыру;
- санитарияны қамтамасыз ету.
