Ағзаларды трансплантаттау туралы не білу керек
ЖүктеуАғзалардың қайтыс болғаннан кейінгі доноры болудан тірі кезінде қалай бас тартуға немесе келісуге болады?
Қазақстан Республикасында кәмелетке толған, әрекетке қабілетті азамат қайтыс болғаннан кейін ағзалары мен тіндерін донорлыққа беруге келісімін немесе бас тартуын тіркей алады.
Ерік білдіруді тіркеу екі тәсілмен жүзеге асырылады:
1-тәсіл. eGov.kz порталы арқылы
-
Электрондық үкімет порталында авторизациядан өтіңіз.
-
«Трансплантаттау мақсатында ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) қайтыс болғаннан кейін донорлыққа беруге тірі кезінде бас тартуды немесе келісімді тіркеу» мемлекеттік қызметін табыңыз.
-
Қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісімді немесе бас тартуды таңдаңыз.
-
Электрондық өтінішті толтырыңыз.
-
Өтінішке электрондық цифрлық қолтаңбамен (ЭЦҚ) қол қойыңыз.
-
Тіркеу нәтижесін жеке кабинетіңізден алыңыз.
2-тәсіл. Емхана арқылы
-
Өзіңіз тіркелген медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) ұйымына жүгініңіз.
-
Жеке басты куәландыратын құжатты немесе цифрлық құжатты көрсетіңіз.
-
Келісім беру немесе бас тарту туралы өтінішті толтырыңыз.
-
Ерік білдірудің тіркелгенін растайтын құжатты алыңыз.
Мемлекеттік қызмет тегін көрсетіледі.
Өз шешіміңізді өзгертуге бола ма?
Азамат бұрын білдірген еркін белгіленген тәртіппен өзгертуге құқылы.
Келісімді ресімдеу кезінде шешім қолданылатын ағзалар мен тіндерді көрсетуге болады.
Туыстарының пікірі ескеріле ме?
Қайтыс болғаннан кейінгі донорлық тәртібі заңнамада белгіленген жағдайларда қайтыс болған адамның жұбайын (зайыбын), ал ол болмаған жағдайда жақын туыстарының бірін хабардар етуді көздейді.
Заңда көзделген келіспеушілік болған жағдайда ағзалар мен тіндерді алуға жол берілмейді.
Маңызды! Келісімді тіркеу адам қайтыс болғаннан кейін ағзалары автоматты түрде алынады дегенді білдірмейді. Қайтыс болғаннан кейінгі донорлық үшін барлық медициналық және құқықтық талаптар сақталуы қажет.
