Қазақстанда босқын мәртебесін қалай алуға болады
ЖүктеуБосқын мәртебесін алу үшін қайда жүгіну керек
Өтінішхатты қайда беру қажет?
Пана іздеген адам өзі немесе уәкілетті өкілі арқылы жүрген жері бойынша астананың, облыстың немесе республикалық маңызы бар қаланың халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органына (ЖАО) жүгінеді.
Қашан жүгіну қажет?
Күнтізбелік бес күн ішінде:
-
Қазақстан Республикасына келген күннен бастап;
-
немесе Қазақстанда жүрген адам қудалауға ұшырау қаупінен негізді түрде қауіптенуге себеп болатын мән-жайлардың туындағанын білген күннен бастап.
Қандай құжаттарды ұсыну қажет?
-
Қолданыстағы Қағидалардың 1-қосымшасында көзделген нысан бойынша босқын мәртебесін беру туралы жазбаша өтінішхат.
-
Өтініш берушінің жеке басын куәландыратын немесе растайтын құжаттар (бар болса).
-
Өтініш беру мән-жайларын растайтын құжаттар мен материалдар (бар болса).
Өтінішхат қазақ немесе орыс тілінде толтырылады. Қажет болған жағдайда аудармашы тартылады.
Егер өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттары болмаса, мәліметтер оның айтуы бойынша жазылады, содан кейін белгіленген тәртіппен әңгімелесу жүргізіледі.
Өтінішхат берілгеннен кейін не болады?
Өтінішхат келіп түскен күні пана іздеген адамдарды тіркеу журналына тіркеледі.
Тіркелген күні өтініш берушіге пана іздеген адамның куәлігі беріледі және өтінішхатты қарау кезеңіне есепке қою жүзеге асырылады.
Куәлік кәмелетке толған шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға үш ай мерзімге беріледі.
Өтінішхатты қарау мерзімі ұзартылған жағдайда Қағидаларда көзделген тәртіппен жаңа куәлік ресімделеді.
Өтініш беруші куәлікті алған сәттен бастап күнтізбелік үш күн ішінде дактилоскопиялық тіркеуден өтуге тиіс.
Мемлекеттік шекарадан өту кезінде қалай жүгінуге болады?
Пана іздеген адам көші-қон бақылау пунктінде, ал ол болмаған жағдайда Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің бөлімшесінде жазбаша өтінішхат бере алады.
Мемлекеттік шекараны өткізу пунктінен тыс жерде мәжбүрлі түрде заңсыз кесіп өткен жағдайда шекарадан өткен сәттен бастап бір тәулік ішінде халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органға жүгіну қажет.
Маңызды! Пана іздеген адамның куәлігі өтінішхаттың тіркелгенін және оны қарау кезеңінде Қазақстан аумағында болуының заңдылығын растайды. Бұл құжат босқын мәртебесінің берілгенін білдірмейді.
