Бидайық ауылының бұлай аталуы (ауыл қарттарының айтуына қарағанда) 1880-1920 жылдар арасында қазіргі құс фабрикасы тұрған жердің маңында Құспан деген кісінің (Қақсал) руынан қыстағы болған екен. Бұл қыстақтың орны 1980 жылдарға дейін айқын көрініп жатушы еді дейді зейнеткер, ардагер Оспанов Төлеубай ақсақал. Бұл жерде бидайық шөп қалың өскен, өлкелі, шұрайлы жер болыпты, сондықтан бұл жер Құспан бидайығы аталыпты, ал бұрынғы Целинный, қазіргі Көктал шаруашылығына Бидайық совхозының бөлінген №2 бөлімше Иса бидайығы одан әрірек Сартбас бидайығы деп аталатын жерлер бар. Бұл жерлер Сайдалы рулары мекендеген жерлер. Сартбас атақты Сартбастың түскені деген ақынның аталарының жері, әрірек Манақа өзенімен аралықты Сайдалы Сарытоқаның (Тотаңның) – атақты күйші композитордың зираты жатыр. Сарысу өзенінің жағасында Бидайық ауылының солтүстік-шығысында, үлкен су қоймасы (тоған) бар, одан берірек жерде «Ескі тоған» деп аталатын жер бар, ертеректе «Бәйбек тоғаны» деп те атаған (қазр қолдан салған бөгеттердің қалдықтары бар). Үлкендердің айтуына қарағанда Бәйбек руы (Тоқа, Ескене, Сәкен Сейфуллиннің бір топ бабаларының зираты Сарысу өзенінің бойында, Ескі тоғанға жақын жерде) деген кісі бұл тоғанды 40 жасында салғызған деседі (Бәйбек 1760 жылы туған дейді), сонда жобамен 1800 жылдары салғызған. Бұл деректер қазір жасы 80-нен асқан 69 рзд тұрғыны Шібікенов Рақым, Бидайық ауылының тұрғыны Оспанов Төлеубай, Жаңаталап ауылында (Киров атындағы бөлімше) тұрған марқұмдар: Әмірешов Қожақан, Бекімов Төкен ақсақалдардан алынған. «1934 жылдан бастап Қарағанды облысына қарасты біраз жерлерге саяси тұтқындар әкелініп орналастырылған, солардың бір бөлімшесі осы Бидайық совхозы тұрған жерде болған. Сол кезде ағайынды Мәдікен мен Сұхбанқұл Шауғынбековтер Жаңаарқа ауданының шұрайлы Бидайық, Ортау, Көктенкөлі жерлерін лагерьге бермей қайта ауылшаруашылығы ұжымдарына беріп, шаруашылықты өрге бастырудағы батыл пікірі үшін қудаланып, «халық жауы» атанды. Бірақ аз күнгі татар дәмі таусылмаған болар, бірден майданға сұранды. Ақыры саяси жетекшілер курсы мектебінен өтіп офицер дәрежесінде Москва түбіндегі сұрапыл шайқастар барысында ерлікпен қаза тапты... Ал інісі Сұхбанқұл болса мүгедек болып оралып, оқуын одан әрі жалғастырып, жоғары білімді ұстаз ретінде Қарағанды педагогикалық институында математикадан көп жылдар сабақ берді» - делінген (соғыс және еңбек ардагері марқұм Далбай Ізтөлеуовтың 09.05.1997ж.ж. «Оралмаған майдангер ұстаздар» атты «Жаңаарқа» газетіндегі мақаласында.Совхозда 550дей отбасы болатын. Совхоз орталығы Оросительное деп аталған, бұдан басқа Ақтайлақ, Қарамола бөлімшелері болды. Совхоздан бөлек Бидайық құс фабрикасы тауық, үйрек асыраумен айналысып, мемлекетке жылына 1500-2100 тонна құс етін тапсырған. Фабрикада директор болып Байдаков М.Д., Кацендорн Р.Р., Зверев Ф.Ф., Мухамедгалиев Д.А. еңбек етті. Озат құс өсіруші Таймурзин Ю.М. жоғары көрсеткіштерге жетіп, мемлекеттік сыйлықтарға ие болды. Селолық округ әкімдері: Исин Е.Б., Қалжанов Б.Қ., Алхамин И.Е., Баязитов С.А. 2018 жылдан бастап Жамауов.Н.К. 1988-1990 жылдары совхозда жаңа мектеп, балабақша салынып, жұмыс істей бастады. Жер-жерден көптеген қазақ отбасылары көшіп келіп қоныстанды, қазақ сыныптары ашылды. Бидайық ауылының орталық кітапханасы 1961 жылы ашылды, бірінші кітапханашы болып Горобченко В.В., одан кейін Кацендорн В.С., Глазунова А.Н., Сиязова Г.С. (1994 ж. бастап) еңбек етіп, аудан көлемінде Үлгілі кітапхана деңгейіне жетті. Совхозда 1965 жылы мәдениет үйі (клуб) салынды. 1982-1992 жылдары шаруашылық көркемөнерпаздары елеулі табыстарға жетті. Бұл іске мұрындық болған өнерпаз мұғалімдер: Стецкий И.А., Битенов Б.М., дене тәрбиесінің мұғалімі Құмабаев С.А., физика пәнінің мұғалімі Иманбаев Б.А., ауыл мәдениетін, спортын біршама жоғары деңгейге көтерді. Қазіргі уақытта Бидайық ауылдық округінде 4 елді мекен, 350 отбасы бар. 1428 тұрғыны бар, 13 ұлттың өкілі өзара түсіністік, достық жағдайда өмір сүріп, еңбек етіп жатыр. Жылма жыл мал басы өсіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру молая түсуде. Шағын бизнесті дамыту бағытында біршама жұмыстар атқарылды.