Түркістан солтүстігіндегі әкімшілік-аймағында орын тепкен Созақ ауданына 92 жыл толып отыр. Аудан 1928 жылы қаңтар айында осы өңірді мекендеген 6 болыс ел мен Жылыбұлақ болысы негізінде құрылды. Ол кезде 12 мың тұрғын болса, қазіргі таңда 61 183 халық, 15 ұлт өкілдері тату тәтті өмір сүріп жатыр. Аудан аумағындағы 35 елді мекен 2 кенттік (Қыземшек, Таукент), 10 ауылдық округке біріктірілген. Аудан орталығы Шолаққорған ауылы. Созақ - Ысқақ баб, Баба Түкті Шашты Әзіз, Қарабура, Саңғыл би әулиелердің мәңгілік мекені. Бұл өңір, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы Қазақстанның киелі жерлерінің жобасын енген «Таңбалы тас» ескерткіші, Хақназар хан,, Қарабура Баба Түкті Шашты Әзіз кесенесі, Созақ қалашығы сынды құнды дүниелері бар.
«Созаққа барсаң күйшімін деме..» деп заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов айтқандай, киелі өнер қонған өлкеден Тоқа, Бапыш, Сүгір Әліұлы, Жаппас Қаламбаев, Төлеген Момбеков, Генерал Асқаров сияқты дарынды күйшілер, дүлдүл айтыскер мен ақындар жазушылар Құлыншық Кемелұлы, Сәуірбек Бақбергенов, Құлжабай Төлеуов, Тәкен Әлімқұлов, Асқар Сүлейменов Бәтима Батырбекова, әйгілі кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетов, кейінгі толқын саналатын жастардан эстрада жұлдыздары Марат Омаров, Сәкен Майғазиев, Кенжебек Жанәбілов, Жұбаныш Жексенұлы, бокстан әлем чемпионы Біржан Жақып, «Социалистік Еңбек Ері» Әділбеков Жотабай, Әлібайұлы Бөрғазы, Әметшаев Бурхан, Жынысбаев Әбілда, Дәуітбаев Жұбай, Архабаев Қодас, Тастанов Үббі, Тұяқбаев Төлепберген, Бөрғазиев Көштен туып өскен, құт қонған өлке. Бүгінде аудан айтарлықтай мол жетістікке жетті. Әлеуметтік мәселелер оң шешімін тапқан.
Созақтың Қаратау сілемдерінің теріскейінде орналақан. Армения патшасы Бірінші Гектум 1254 жылы Моңғолияға барған сапарында Қаратаудың солтүстік етегінде жатқан Саудакент, Шолақорған, Созақ, Ақсүмбе сияқты қалалар мен елді мекендерінен өткендігін жазған. Қаратаудың теріскей өңіріндегі адамдар ерте мезолит пен неолит дәуірінде мекендегендігі жайлы мәліметтер Бүркітті өзені, Қойтас сайы, Жуантөбе, Тасты ауылы маңдарында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде анықталған.
Созақ өз тарихында бірнеше хандықтың ордасы болған. Ұлы Жібек жолының Теріскейдегі Баба ата- Құмкент- Созақ пен Шолақорған дамыған сауда орталығына айналған. «Елім-ай» əніндегі “Қаратаудың басынан көш келеді, көшкен сайын бір тайлақ бос келеді” деген Ақтабан Шұбырынды әнінің шығу тарихы да, Созақтың қандай жаугершілік заманды басынан өткергендігін білдіреді. Созақ жерінің тарихын айтқан кезімізде «Созақ» сөзінің атауына да мән беріп кету керек. Себебі, Созақ жері қасиетті жер, мұнда бірнеше әулиелер өткен, аты аңызға айналған Созақты неше түрлі аңыздар кезіп жүр. «Созақ» сөзі ескі кітап жазбаларында да кездеседі және онда ол Хунзак Туркте «Ұзақ Жер», «Ұлы жер» деген мағынаны білдіреді. Ескі түркі тілінде Созақ "Халық тұратын мекен", "Манзилгох" деген мағынаны білдіреді. Бірақ, Созақ атауының қалай шыққандығы туралы нақты деректер жоқ. Сахаралы сырлы Созақ даласы қазақ деген ұлттың түп-тұқиянынан бірге келе жатқан бауырлас егіз ұғымы іспетті. Қазақ-Созақ ұғымының егізділігі, туыстастығы туралы тарихшы Қойшығара Салғараұлы да «Қазақтың қилы тарихы» атты еңбегінде жазған.
Созақ ауданы құрылған соң 1930 жылы Созақ көтерілісі болды. Ашаршылық жылдары нәубатты басынан өткерді. Екінші дүниежүзілік соғысқа 6000 астам азаматтарын жіберіліп, 862 сарбаз бейбіт өмірге оралды. 1960 жылдары 40 шағын колхоздар бірігіп іріленген 10 сохвоз құрылды. Кеңес Одағы тұсында республикада ең артта қалған 30 ауданның қатарында агарлы аудан болған. Теріскей өңірі Тәуелсіздік алған соң түлеп сала берді. Жаңадан мектептер мен медицина мекемелер, балабақшалар мен шағын орталықтар, мәдени ошақтар салынып, заманауи үлгіде көптеген әлеуметтік нысандар бой көтеріп, халықтың игілігіне пайдалануға берілді. Тұрғын үйлер жаңарып, ауыл, елді мекендердегі ішкі және күре жолдар жөнделді. Шағын және орта бизнес қарқынды дамып, индустриалды аймақ өркен жайды.