Келес ауданы алғаш рет 1928 жылы 17 қаңтарда Қазақ АКСР-ның Сырдария губерниясына қарасты Боғар және Ақжар болыстары жерінде құрылған. 1932 жылы 10 наурызда жаңадан құрылған Оңтүстік Қазақстан облысы құрамына кіреді. 1963 жылы 2 қаңтарда аудан таратылып, аумақ Сарыағаш ауданына беріледі. 1969 жылы 13 қаңтарда Келес ауданы екінші рет құрылып, 1988 жылы Сарыағаш ауданы құрамына қайтадан өтеді. 1989 жылы 13 қазанда орталығы Абай ауылы болып Келес ауданы үшінші рет құрылады, 1997 жылы сәуір айының 24-де таратылып, Сарыағаш ауданы құрамына өтеді. 2018 жылы маусым айының 8-де аудан төртінші рет қайта құрылды.