Пана іздеуші адамадарды қабылдау, соның ішінде олар жаппай ағылған жағдайда қабылдау мәселелері бойынша тренинг

Пана іздеуші адамадарды қабылдау, соның ішінде олар жаппай ағылған жағдайда қабылдау мәселелері бойынша тренинг

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитеті БҰҰ БЖКБ-ның (БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссарының басқармасы) Орталық Азия бойынша Өкілдігімен және Алматы қаласындағы Төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталықпен бірлесіп, баспана іздеуші тұлғаларды қабылдау, соның ішінде олар жаппай ағылған жағдайда қабылдау мәселелері бойынша тренинг өткізді. Бұл іс-шара Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының халықаралық стандарттарға сәйкес үйлестіру, дайындық және ден қою әлеуетінің ұлттық тетіктерін нығайтуға бағытталды.

Өңірлік құрылымдардың қатысуына ерекше назар аударылды: сессиялардың жұмысына жұмыспен қамтуды үйлестіру және халықты әлеуметтік қорғау аумақтық басқармаларының басшылары мен сарапшылары, полиция және көші-қон қызметі органдарының, сондай-ақ төтенше жағдайлар бөлімшелерінің өкілдері белсенді түрде тартылды.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 12 шілдедегі баспана іздеуші тұлғалар жаппай ағылған кездегі ведомстволардың өзара іс-қимыл тәртібін реттейтін № 554 қаулысы шеңберінде сарапшылар негізгі ұғымдарды, заңнамалық аспектілерді, азаматтардың осал санаттарын анықтау тетіктерін, сондай-ақ мәжбүрлеп кері қайтармау (non-refoulement) қағидатының түсінігі мен топтық негізде босқын мәртебесін анықтау (prima facie) рәсімдерін терең талдады.

Негізгі баяндамашылар ретінде БҰҰ БЖКБ мен серіктес ұйымдардың жетекші мамандары сөз сөйледі.

Әлемдік тәжірибені зерделеу бағдарламаның маңызды бөлігіне айналды. Словакиядан келген халықаралық сарапшылар – Адриана Чураёва ханым (Кошице қ. муниципалитеті) және Мария Вагингерова ханым (Словакия қалаларының одағы) босқындардың жаппай ағылуына шұғыл ден қою және «Қауіпсіздік нүктелері» (Points of Safety Network) желісін өрістету бойынша практикалық тәжірибелерімен бөлісті.

БҰҰ БЖКБ тәжірибесін талдау аясында Тәжікстанда босқындар жаппай ағылған кезде өткізілген кешенді практикалық тренингтің табысты тәжірибесіне ерекше екпін берілді. Бұл тәжірибе далалық жағдайда лагерьлерді құру, тіркеу және ведомстволарды үйлестіру алгоритмдерін көрнекі түрде көрсетті.

Қорытынды жалпы пікірталас барысында аумақтық органдардың өкілдері ықтимал жаппай ағын жағдайында ведомстволардың бірлескен іс-қимылын пысықтау және нақты үйлесімділігін анықтау үшін тікелей іс жүзінде толыққанды Практикалық тренинг ұйымдастыруды ұсынды.