«Маңғыстау вокзалы» теміржол вокзалының ашылар алдында қолжетімділігі тексерілді

Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің мамандарымен «Маңғыстау вокзалы» теміржол вокзалын қайта жаңғыртудан кейін пайдалануға беру қарсаңында нысанның қолжетімділігіне ұсынымдық тексеру жүргізілді. Іс-шараның мақсаты – вокзалдың мүгедектігі бар адамдар мен жүріп-тұруы қиын басқа да азаматтар үшін қолжетімділігін бағалау және нысан ашылғанға дейін анықталған кедергілерді жою жөнінде ұсынстар беру.
Мамандар вокзалдың іргелес аумағын, оған кіретін жолдарды, кіреберістерді, ғимарат ішіндегі қозғалыс бағыттарын, санитарлық бөлмелерді, перронға шығу жолдарын және жүріп-тұруы қиын азаматтарға арналған демалыс орындарын қарап шықты. Сондай-ақ қабылдау орны мен теміржол кассаларының қолжетімділігіне назар аударылды.
Тексеру барысында есіктерді ашу ыңғайлылығы, ғимарат ішінде өздігінен бағдарлау және қауіпсіз қозғалу мүмкіндігі сияқты мәселелерге ерекше көңіл бөлінді.
Департамент мамандары тапсырыс беруші мен мердігер ұйымға анықталған ескертулерді ескеріп, вокзал пайдалануға берілгенге дейін қажетті түзетулер енгізуге мүмкіндік берді.
2026 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда жаңа Құрылыс кодексі қолданысқа енгізілді. Заңнамада белгіленген өкілеттіктер шеңберінде Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті нысандардың мүгедектігі бар адамдар мен жүріп-тұруы қиын басқа да азаматтар үшін қолжетімділік талаптарына сәйкестігі туралы декларацияларды келісуге қатысады. Декларацияларды қарау кезінде нысанның қолданыстағы қолжетімділік талаптарына сәйкестігі белгіленген тәртіппен бағаланады.
«Манғыстау вокзалы» теміржол вокзалындағы тексеру мемлекеттік органдардың, Қазақстан темір жолы» АҚ-ның және мердігер ұйымның өзара іс-қимылы, нысандардың қолжетімділігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын көрсетті. Нысан ашылғанға дейін ұсыныстар беру ықтимал кедергілерді алдын ала анықтап, оларды жоюға және барлық азамат үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді.