Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарды лицензиялау

Қазақстан Республикасында 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарды міндетті лицензиялау енгізілді. Бұл талап арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қызмет алушылардың құқықтарын қорғауға және ұйымдардың қызметіне қойылатын бірыңғай талаптарды сақтауға бағытталған.
Лицензиялау стационарлық, жартылай стационарлық, уақытша болу жағдайларында және үйде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдардың қызметін қамтиды.
Лицензия алу үшін ұйымдар белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес болуы қажет. Атап айтқанда, ұйымның тиісті материалдық-техникалық базасы, санитариялық және өрт қауіпсіздігі талаптарына сай ғимараты, білікті мамандары болуы, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдар мен қозғалысы шектеулі азаматтар үшін қолжетімді орта қамтамасыз етілуі тиіс.
Лицензиялау тәртібі Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2024 жылғы 28 маусымдағы № 230 бұйрығымен бекітілген қағидалармен реттеледі. Ал ұйымдарға қойылатын біліктілік талаптары Министрдің 2024 жылғы 27 маусымдағы № 222 бұйрығында айқындалған.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті және оның аумақтық департаменттері лицензиялау саласындағы уәкілетті органдар болып табылады.
Лицензиялау барысында ұйымдардың белгіленген талаптарға сәйкестігі бағаланады. Бұл ретте қызмет көрсетілетін ғимараттардың қауіпсіздігіне, материалдық-техникалық қамтамасыз етілуіне, мамандардың біліктілігіне және қызмет алушылар үшін қажетті жағдайлардың жасалуына назар аударылады.
Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдардың лицензиялық талаптарды сақтауы – қызмет алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің, олардың құқықтарын қорғаудың және әлеуметтік қызмет көрсету жүйесіне деген сенімді арттырудың маңызды шарты.