Жиі қойылатын сұрақтар
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 18 тамыздағы № 422 бұйрығымен бекітілген үміткерлерді іріктеу және ғылыми тағылымдамадан өту қағидаларына (бұдан әрі – Қағидалар) сәйкес (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2300033308) кепілгер ретінде жұмыс берушінің анықтамаларымен және міндетті зейнетақы аударымдарының төленгенін растайтын құжатпен (оның ішінде зейнетақы қорынан үзінді көшірме) расталатын, соңғы күнтізбелік 12 (он екі) ай ішінде тұрақты жалақысы бар жасы 50 (елу) жасқа дейінгі Қазақстан Республикасының азаматы болады. Кепілгер ғылыми тағылымдама стипендиатымен толық ынтымақты жауаптылықта болады және стипендиат ғылыми тағылымдамадан айырылған немесе бас тартқан жағдайда ғылыми тағылымдамадан өту шығындарын өтеуге міндеттенеді.
Мысал.
Мен Ақтау қаласында 28 жыл мұғалім болып жұмыс істеймін, ғылыми тағылымдама иегері үшін кепіл болу үшін құжаттар дайындаймын. Мен 51 жасқа толдым. Мен кепілгер бола аламын ба?
Жоқ, Сіз кепілгер бола алмайсыз, өйткені Сіз Қағидаларға сәйкес кепілгерлер үшін талап етілетін жастан асқансыз.
Қазақстан Республикасының «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заңының (2024 жылғы 1 шілдедегі № 103-VIII ҚРЗ) 36-бабына сәйкес (бұдан әрі – Заң) https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z2400000103
гранттық қаржыландыру ғылыми зерттеулерді, оның ішінде ғылыми-зерттеу жұмыстарының деңгейін, ғылыми-техникалық әлеуетті және ғылыми ұйымдардың, олардың ұжымдары мен ғалымдарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, сондай-ақ ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру мақсатында тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізуге бөлінеді.
Бұрын Заңда гранттық қаржыландыру тек ғылыми-зерттеу жұмыстарының деңгейін, ғылыми-техникалық әлеуетті және ғылыми ұйымдардың, олардың ұжымдары мен ғалымдарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, сондай-ақ ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру мақсатында ғылыми зерттеулер жүргізуге ғана бөлінетіні көзделген болатын. 2026 жылғы 24 маусымда Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, гранттық қаржыландыру берілетін бағыттардың тізбесі тәжірибелік-конструкторлық жұмыстармен толықтырылды.
Мысал:
Көкшетау қаласындағы ғылыми ұйым өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу және бағалы металдарды бөліп алу бойынша жаңа технология әзірлеуде. Ұйым Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігіне тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды, оның ішінде жабдықтың тәжірибелік үлгісін әзірлеуді, эксперименттік қондырғы жасауды, сынақтар жүргізуді және технологияны өндіріске енгізуге дайындауды қаржыландыру мүмкіндігі туралы сұрау жолдады. Аталған ұйымға тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарын қаржыландыруға мүмкіндік бар екендігі туралы жауап берілді, өйткені енді мемлекеттік қолдау ғылыми зерттеулермен ғана шектелмей, ғылыми нәтижелерді практикада қолдануға және оларды коммерцияландыруға бағытталған технологиялық әзірлемелердің кейінгі кезеңдерін де қамтиды.
Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен (2024 жылғы 1 шілдедегі № 103-VIII ҚРЗ) реттеледі https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z2400000103
Апелляциялық комиссия туралы ереженің 15-тармағына (Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі міндетін атқарушының 2023 жылғы 18 тамыздағы № 423 бұйрығы) https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2300033328 сәйкес:
Апелляциялық комиссия (бұдан әрі – Комиссия) төмендегі өтініштерді қарамайды:
1. өтінімдері Ұлттық ғылыми кеңестің (бұдан әрі – ҰҒК) қарауына жіберілмеген конкурсқа қатысушылардың өтініштері;
2. жобалар мен бағдарламаларды қаржыландыру көлемін азайту мәселелері бойынша өтініштер;
3. «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» акционерлік қоғамы ұсынған қорытындылар негізінде жүргізілетін ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын іске асыру мониторингінің қорытындыларына қатысты өтініштер;
4. анонимді өтініштер;
5. мәселенің мәні баяндалмаған және жеткілікті негіздемелер мен нақты деректер келтірілмеген өтініштер;
6. ҰҒК берген балдарды немесе мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама нәтижесінде алынған балдарды көбейтуге немесе азайтуға байланысты мәселелер жөніндегі өтініштер.
Сонымен қатар Комиссия мынадай мәселелерді қарайды: ҰҒК мүшелерінің Әдеп кодексін сақтауына қатысты мәселелер; ҰҒК қараған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет бойынша аралық және қорытынды есептердің, сондай-ақ ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жөніндегі есептердің нәтижелері бойынша өтініштер; ҰҒК мүшелерінің жобаларды (бағдарламаларды) бағалау және олар бойынша дауыс беру рәсімдерін сақтамауына байланысты мәселелер.
Мысал:
Апелляциялық комиссияға Тараз қаласының тұрғыны А. азаматтан ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті гранттық немесе бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру конкурсы аясында ұсынылған өтінім бойынша жүргізілген мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманың нәтижелерімен келіспейтіні туралы өтініш келіп түсті. Өтініште азамат А. ҰҒК-нің көрсеткіштердің бірі бойынша өзіне төмен балл қойғанын көрсетті. Комиссия бұл өтінішті қарауға қабылдамады, себебі ҰҒК берген балдарды көбейту немесе азайту мәселелеріне қатысты өтініштер Комиссияның қарауына жатпайды.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 13 сәуірдегі № 163 «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша шығыс нормаларын, оқуға және тағылымдамадан өтуге арналған үлгілік шарттарды бекіту туралы» бұйрығына (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1200007613) сәйкес, оқу мерзімінен бұрын аяқталған жағдайда стипендия төлеу нақты деректер бойынша жүзеге асырылады.
Егер стипендиат бекітілген оқу жоспарында көзделген мерзімнен бұрын оқуын аяқтап, оған тиісті академиялық дәреже берілсе, одан әрі қаржыландыру оқудың нақты аяқталған күні ескеріле отырып тоқтатылады.
Мысалы:
Бекітілген оқу жоспарына сәйкес менің The University of Warwick (Ұлыбритания) университетіндегі оқуым 30 қыркүйекте аяқталуы тиіс. Алайда мен оқуымды мерзімінен бұрын аяқтадым және 31 шілдеде The University of Warwick маған тиісті академиялық дәреже берді. Мен 30 қыркүйекке дейін стипендия алуды жалғастырамын ба?
Жоқ. Оқу мерзімінен бұрын аяқталған жағдайда стипендия төлеу нақты деректер бойынша жүзеге асырылады. Тиісінше, «Болашақ» халықаралық стипендиясы шеңберінде Сіздің оқуыңызды одан әрі қаржыландыру оқудың нақты аяқталған күні ескеріле отырып тоқтатылады.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2023 жылғы 12 маусымдағы № 268 бұйрығымен бекітілген Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім туралы құжаттарды тану қағидаларының (бұдан әрі – Қағидалар) (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2300032800) 20 және 21-тармақтарына сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматы, шетел азаматы және азаматтығы жоқ адамның шетелде алған ғылыми дәреже беру туралы құжаттарды тану рәсімі екі кезеңде жүргізіледі:
1) дәреже беру туралы құжаттың түпнұсқалығын анықтау;
2) диссертация мен ғылыми мақалаларға сараптама жүргізу.
Бұл ретте диссертациялар мен ғылыми мақалаларға сараптама жүргізу кезеңі мынадай санаттағы адамдар үшін:
1) диссертация қорғаған үш халықаралық академиялық рейтингтің (әлемнің үздік университеттерінің әлемдік рейтингісі Квакарелли Саймондс (QS World University Rankings, КьюЭс Ворлд Юниверсити Ранкинг), әлем университеттерінің академиялық рейтингісі (Academic Ranking of World Universities, Академик Ранкинг оф Ворлд Юниверситиес), Таймс (Times Higher Education World University Rankings, Таймс Хайер Едукейшн Ворлд Юниверсити Ранкинг) бірінің алғашқы 250 (екі жүз елу) позициясының қатарына кіретін жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру үйымдарында (бұдан әрі – ЖЖОКБҰ) диссертация қорғаған адамдар үшін;
2) «Болашақ» халықаралық стипендиясын иеленушілерге оқу үшін ұсынылатын ұйымдардың тізіміне енгізілген ЖЖОКБҰ-да, ғылыми орталықтарда, зертханаларда диссертация қорғаған;
3) еңбек көші-қон шеңберінде ЖЖОКБҰ-мен шақырылған шетел азаматтары үшін;
4) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік органдары, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі және Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрлар даярлау бағдарламалары бойынша оқытуға жіберілген адамдар, сондай-ақ мемлекеттік құпияларды қамтитын диссертация қорғаған адамдар үшін;
5) шетелдік өнер ұйымдарында орындаушылық өнердің жоғары дәрежесі үшін екінші деңгейдегі магистр немесе философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дипломдарын алған адамдар үшін;
6) хабилитацияланған доктор (Dr.Habil) дипломын алған адамдар үшін жүргізілмейді.
Егер өтініш беруші жоғарыда көрсетілген санаттарға жатпаса, онда диссертация мен ғылыми жарияланымдар сараптамадан өтеді. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің (бұдан әрі – Комитет) Сараптау кеңесі Дәрежелерді беру қағидаларының (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1100006951) талаптарының сәйкестігіне сараптама жүргізеді.
Мысалы, Қазақстан азаматы С. Томск мемлекеттік педагогикалық университетінде диссертациясын дербес қорғады және онда Ресей Федерациясының ғылым кандидаты дипломы бар. Диплом халықаралық академиялық рейтингтерге кірмейтін және «Болашақ» халықаралық стипендиясының тізіміне енбеген жоғары оқу орнының тарапынан берілген. Бұл жағдайда, ол Қағидалардың 21-тармағында көрсетілген адамдардың ешбір санатына жатпайды, сондықтан азамат С.-ның диссертациясы мен оның ғылыми жарияланымдары Комитетте сараптамадан өтетін болады.
Білім алушылардың жетістіктерін интеграцияланған орташа балл (Integrated Grade Point Average) (бұдан әрі – iGPA) жүйесі бойынша бағалау студенттің электрондық портфолиосын қалыптастыру арқылы объективтілік, ашықтық, валидтілік және жүйелілік принциптері негізінде жүзеге асырылады.
https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1800017657
Бағалау құрылымы мен құраушы компоненттері
Қорытынды iGPA көрсеткіші бірнеше блоктан құралады, олардың әрқайсысының өзінің бекітілген салмақтық коэффициенті бар:
1. Академиялық блок (негізгі үлес): Ағымдағы, аралық бақылаулар мен емтихан сессияларының нәтижелері бойынша алынған дәстүрлі академиялық үлгерімнің орташа балы (GPA).
2. Ғылыми-зерттеу блогы: ғылыми мақалалар жариялауы, ғылыми конференциялар мен стартап-жобаларға, пәндік олимпиадаларға қатысуы, патенттер мен авторлық куәліктер алуы.
3. Әлеуметтік және волонтерлік блок: студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарындағы белсенді қызмет, қайырымдылық жобаларға, волонтерлік акцияларға қатысу, қоғамдық тапсырмаларды орындау.
4. Мәдени-спорттық блок: университет, қала, республика және халықаралық деңгейдегі мәдени, шығармашылық және спорттық іс-шараларға қатысқаны және жүлделі орындарға ие болғаны үшін балл беріледі.
Бағалауды ұйымдастыру және есептеу тетігі
Білім алушы оқу семестрі/жылы ішінде жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының ақпараттық жүйесінің (Platonus, Smart University және т.б.) жеке кабинетіне растаушы құжаттарды (дипломдар, грамоталар, сертификаттар, мақалаларға сілтемелер) жүктейді. Тәрбие жұмысы жөніндегі департаменттің, деканаттардың және студенттік белсенділіктің өкілдері кіретін арнайы комиссия ұсынылған материалдарды верификациядан (тексеруден) өткізеді. Растаудан өткеннен кейін балл формула бойынша автоматты түрде есептеледі және бірыңғай iGPA-ны қалыптастырады.
Мысал:
Алматы қаласындағы жоғары оқу орнының студенті К. іGPA алу үшін семестр соңында өзінің жеке кабинетіне (Platonus) ғылыми мақала, сертификат және диплом көшірмелерін жүктейді.
Комиссия ұсынылған құжаттарды верификациялады және студент К.ның базалық академиялық GPA көрсеткішіне жалпы жиынтығында +0.35 балл қосты, атап айтқанда:
- рецензияланатын басылымда жарияланған ғылыми мақаланың көшірмесі үшін (+0.15 балл);
- балалар үйіне арналған қайырымдылық акция аясындағы 30 сағаттық еріктілік қызметін растайтын сертификат үшін (+0.10 балл);
- жоғары оқу орындары арасындағы дебат турнирінде 1-орын алғаны туралы диплом үшін (+0.10 балл).
Ғылыми атақтар (қауымдастырылған профессор (доцент), профессор) беру қағидаларының (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1100006939) (бұдан әрі – Қағидалар) 7-3-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті (бұдан әрі – Комитет) ғылыми атаққа үміткердің аттестациялық ісін мынадай жағдайларда қараусыз қайтарады:
1. Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген құжаттардың біреуінің болмауы немесе сәйкес келмеуі;
2. ұсынылған материалдардың жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының (бұдан әрі – ЖЖОКБҰ) немесе ғылыми ұйымның интернет-ресурсында орналастырылған үміткер туралы ақпаратқа сәйкес келмеуі;
3. үміткер туралы материалдардың сұрау салынатын ғылыми бағытқа сәйкес келмеуі.
Аттестациялық істі ЖЖОКБҰ немесе ғылыми ұйым қараусыз қайтарылған күннен бастап кемінде 1 (бір) ай мерзімде қайта жолдайды.
Мәселен, Комитет аттестациялық істі қараусыз қайтару кезінде талап етілетін құжаттардың бірінің жоқтығын көрсетті. Үміткердің жетіспейтін құжаттары оның аттестациялық ісіне салынады және ол бір айдан кейін Комитетке қарау үшін қайта жіберілуі мүмкін. Бұл ретте, үміткердің жұмыс істейтін ұйымның Ғылыми кеңесінде қайта қаралуы талап етілмейді.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2023 жылғы 14 қыркүйектегі №466 бұйрығымен https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2300033417 бекітілген Ғылым саласындағы сыйлықақыларды, мемлекеттік ғылыми стипендияларды беру қағидаларына (бұдан әрі – Қағидалар) сәйкес сыйлыққа ұсынылатын жұмыстар жұмыс орындалған ұйымда қабылданады. Жұмыс бірнеше ұйымдарда орындалған жағдайда, жұмысты ұсыну туралы шешім оның ең үлкен бөлігі орындалған ұйымда қабылданады.
Мысалы:
Алматы қаласының ғалымдар тобы үш ұйымда: әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы институтында және Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде (бұдан әрі – ҚазҰАЗУ) зерттеу жұмысын орындады. Жұмыстың негізгі (ең ауқымды) бөлігі, соның ішінде оның эксперименттік бөлігі ҚазҰАЗУ-да орындалғандықтан, оны сыйлыққа ұсыну туралы шешім дәл осы ұйымда қабылданып, ресімделді.
Ғылыми атақтар (қауымдастырылған профессор (доцент), профессор) беру қағидаларының (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1100006939) 10-тармағына сәйкес, үміткер тарапынан ғылыми этиканың бұзу жағдайларын қоспағанда, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің (бұдан әрі – Комитет) шешімі қабылданғанға дейін үміткердің өтініші немесе жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының не ғылыми ұйымның қолдаухаты негізінде ғылыми атаққа үміткердің аттестациялық ісін қараудан қайтарып алуға жол беріледі.
Мәселен, Комитет шешім қабылдағанға дейін үміткер К. Комитеттің Сараптау кеңесінің отырысына өзінің аттестациялық ісі бойынша тыңдауға шақырылады. Тыңдау қорытындысы бойынша үміткер өз кандидатурасын қараудан қайтарып алу туралы шешім қабылдайды. Ол үшін үміткер К. Комитеттің атына аттестациялық істі қараудан қайтарып алу туралы еркін нысанда өтініш жазуы керек. Сондай-ақ оның аттестациялық ісін жолдаған ұйым да Комитетке осындай мазмұнда қолдаухат жаза алады.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 12 мамырдағы №196 бұйрығымен бекітілген «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерін аккредиттеу» (Бұдан әрі – Қағида) мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларының 4-тармағы 4) тармақшасына сәйкес, көрсетілетін қызметті алушы соңғы 5 (бес) жыл мерзімды қамтитын барлығы 2 (екі) ғылыми, ғылыми-техникалық жоба (бағдарлама), орындалған ғылыми, ғылыми-техникалық жоба (бағдарлама) бойынша 2 (екі) шарт, ғылыми-зерттеу жұмыстары туралы 2 (екі) жоба (бағдарлама) бойынша есеп және (немесе) атқарылған жұмыстардың 2 (екі) актісі қоса ұсынады. Сонымен қатар Қағидалардың 6-қосымшасында ұсынылатын ғылыми-зерттеу жұмыстарының (бұдан әрі – ҒЗЖ) қаржыландыру көздері нақты көрсетілген.
https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2000020626
Мысалы:
«Азимут» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі – ЖШС) Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектісі ретінде аккредиттеу куәлігін алу мақсатында Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігіне (бұдан әрі – көрсетілетін қызметі беруші) құжаттар топтамасын ұсынды. Алайда көрсетілетін қызметі беруші ұсынылған құжаттарды тексере келе Қағиданың 6-қосымшасы бойынша ұсынылған ҒЖЗ-ның біреуінің орындалғанына 7 (жеті) жыл болғанын анықтады. Осыған сәйкес ҒЖЗ-ның саны жеткіліксіз деп танылып, қызмет көрсетуден бас тартылды.