Электрондық еңбек биржасында сұранысқа ие дағдыларды қалай үйренуге немесе біліктілікті арттыруға болады?
ЖүктеуЖұмыссыз азаматтарды кәсіптік оқыту
Жұмыссыз азаматтарды кәсіптік оқыту әлеуметтік қорғау шарасы болып табылады және олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.
Кәсіптік оқытудың ұзақтығы біліктілік пен дағдының ерекшеліктеріне қарай 6 айдан аспайды.
Оқытуды жүргізуге арналған Біліктіліктер мен дағдылардың тізбесі жұмыс берушілердің өтінімдері негізінде қалыптастырылады.
Кәсіптік оқыту мансап орталығының бағыты бойынша жүзеге асырылады, егер:
1) қажетті кәсіби біліктіліктің болмауына байланысты тиісті жұмысты таңдау мүмкін емес;
2) кәсіптік дағдыларға жауап беретін жұмыстың болмауына байланысты кәсіпті (мамандықты), кәсіп түрін өзгерту қажет;
3)бұрынғы кәсібі бойынша жұмысты орындау қабілеті жоғалса.
Қазіргі уақытта елімізде жұмыссыз азаматтарды кәсіптік оқытудың екі тетігі іске асырылуда.
Бірінші. Оқу ұйымдарында кәсіптік оқыту.
«Атамекен» ҰКП оқу орындары мен оқу орталықтарының тізіліміне енгізілген білім беру ұйымдарында жүзеге асырылады.
Теориялық (40%) және практикалық (60%) сабақтардан тұратын оқытуды жүргізуге арналған оқу бағдарламаларын білім беру ұйымдары жұмыс берушілермен бірлесіп әзірлейді.
Оқудан өтіп жатқан жұмыссыздар техникалық және кәсіптік білімнің жұмыс біліктілігі бойынша білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында оқитын студенттер үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мөлшерде оқу ақысын төлеу бойынша мемлекеттік қолдаумен, стипендиямен, сондай-ақ жол жүруге, тұруға және медициналық қарап-тексеруден өтуге материалдық көмекпен қамтамасыз етіледі.
Екіншіден. Жұмыс берушінің жұмыс орнында кәсіптік оқыту. Оқытудың бұл түрі кәсіпорын базасында тәлімгерді бекіте отырып ұйымдастырылады, бұл ретте жұмыс беруші жұмыссыз адаммен еңбек шартын жасайды. Оқу кезеңінде қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерде ағымдағы қаржы жылына белгіленген мөлшерде бюджет қаражаты есебінен жалақы төленеді.
Оқуға жолдама алу үшін жұмыссыз адам тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына өтініш беруі немесе Электрондық еңбек биржасы порталы арқылы онлайн өтініш беруі қажет. Өтінішке жеке басын куәландыратын құжат, білімі туралы құжаттар және денсаулық жағдайы туралы анықтама қоса беріледі.
