Тұтынушы тауарды қалай қайтаруына болады?
ЖүктеуТауарды қандай мерзім аралығында қайтаруға болады?
Тиісті сападағы тауар
Тиісті сападағы азық-түлікке жатпайтын тауарды сатып алған күннен бастап күнтізбелік 14 күн ішінде, егер шартта неғұрлым ұзақ мерзім белгіленбесе, айырбастауға немесе қайтаруға болады.
Бұл ретте тауар пайдаланылмаған, оның тауарлық түрі, тұтынушылық қасиеттері, пломбалары мен заттаңбалары сақталған болуы тиіс. Тауардың осы сатушыдан сатып алынғанын растау қажет.
Тиісті емес сападағы тауар
Сатушы алдын ала ескертпеген тауар кемшіліктері анықталған жағдайда, тұтынушы Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 15-бабында көзделген талаптарды қоюға құқылы.
Талаптарды қою мерзімдері кепілдік мерзіміне, кемшіліктердің сипатына және заңнамада көзделген басқа да мән-жайларға байланысты болады.
Заңнама талаптарына сәйкес келмейтін тауар
Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 30-бабының 1-1-тармағына сәйкес тұтынушы заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін тауарды сатып алған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде айырбастауға немесе қайтаруға құқылы.
Бұл жағдайда тауардың пайдаланылғанына, оның тауарлық түрінің, тұтынушылық қасиеттерінің, пломбалары мен заттаңбаларының сақталғанына қарамастан, қайтарудың арнайы шарттары көзделген.
