Жағымсыз салдарсыз банктен қалай кредит алуға болады
ЖүктеуҚаржылық мүмкіндіктеріңізді бағалау
Егер сіз несие алу мақсатын анықтап, оны өз көзқарасыңыз бойынша негізді деп санасаңыз және банк пен нақты несие өнімін таңдасаңыз, келесі қадам — өзіңіздің қаржылық жағдайыңыз бен төлем қабілетіңізді бағалау.
Өзіңізге: «Егер кенеттен жұмысымнан айырылсам немесе күтпеген жерден ауырып қалсам, несиені төлей аламын ба?» деген сұрақ қойыңыз. Тек тұрақты табыс көзіңізге сүйеніп, ертеңгі күнді де ойлаған жөн. Несие бойынша ай сайынғы төлемдеріңіз табысыңыздың жартысынан аспауы керек. Бұл қарызды уақтылы өтеу мүмкіндігін едәуір арттырады.
Несие бойынша төлем жасамау банкке міндеттемелердің орындалмағаны туралы ақпаратты кредиттік бюроларға жіберуге әкелуі мүмкін екенін есте сақтаңыз. Бұл ақпарат кредиттік тарихыңызда көрсетіледі. Егер несие кепілмен қамтамасыз етілсе, борышкердің мүлкі сотқа дейінгі тәртіппен немесе сот арқылы сатылуы мүмкін. Сонымен қатар кредитор банктік шоттан қосымша келісімсіз қаражат есептен шығару үшін төлем талабын қоюы мүмкін, ал борышкердің шетелге шығуына уақытша шектеу қойылуы ықтимал.
Мерзімі өткен берешекті реттеу тәртібі:
- Банктің хабарламасы: Егер несие бойынша мерзімі өткен берешек туындаса, банк немесе микроқаржы ұйымы оның пайда болған күнінен бастап 10 күнтізбелік күн ішінде сізге бұл туралы хабарлауға міндетті.
- Қарыз алушының өтініші: Қарыз алушы мерзімі өткен берешек туындаған күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде кредиттік ұйымға қарызды қайта құрылымдау туралы жазбаша өтінішпен (немесе банк/МҚҰ-ның ресми цифрлық сервистері арқылы) жүгінуге құқылы. Өтініште міндеттемелерді орындамау себебін көрсетіп, өтеудің өз нұсқаларын ұсыну қажет. Сондай-ақ қаржылық жағдайдың нашарлағанын растайтын құжаттарды (мысалы, жұмыстан айырылғаны немесе табыстың азайғаны туралы анықтаманы) міндетті түрде қоса тіркеу қажет. Сұратылған құжаттарды ұсынбау өтінішті қараусыз қалдыруға негіз болады.
- Өтінішті қарау: Банк немесе МҚҰ өтінішті қарап, 15 күнтізбелік күн ішінде ресми жауап беруге міндетті:
- ұсынылған өзгерістерді қабылдап, шарт талаптарын өзгертуге келісу;
- шарт талаптарын өзгерту бойынша өз нұсқаларын ұсыну;
- бас тарту, бірақ бас тарту себептерін негіздеп көрсету.
Заңнамаға сәйкес, шарт талаптарын өзгерту сыйақы мөлшерлемесін төмендетуді, төлемді кейінге қалдыруды, өтеу әдісін немесе мерзімін өзгертуді, мерзімі өткен берешекті немесе өсімпұлды кешіруді, сондай-ақ кепілдегі мүлікті өз бетінше өткізуді қамтуы мүмкін.
Омбудсманға жүгіну: Егер қарыз алушы кредитормен қарызды қайта құрылымдау шарттары бойынша келісімге келе алмаса немесе кредитор міндетті реттеу рәсімдерін жүргізбесе, қарыз алушы кредитордың шешімін алған күннен бастап 15 күнтізбелік күн ішінде банк немесе микроқаржы омбудсманына жүгінуге құқылы.
Назар аударыңыз! Қарыз алушы өз өтінішіне кредиттік ұйымға алдын ала жүгінгенін және онымен өзара қолайлы шешімге келе алмағанын растайтын дәлелдерді міндетті түрде қоса беруі тиіс. Несие — үлкен жауапкершілік екенін ұмытпаңыз. Берешекті реттеу үшін уақтылы жүгіну өз құқықтарыңызды қорғауға және қаржылық тәуекелдерді барынша азайтуға көмектеседі.
