ЭКҰ квотасын қалай алуға болады
ЖүктеуКвотаға кім өтініш бере алады
Медициналық көрсетілімдері бар және белгіленген іріктеу өлшемшарттарына сәйкес келетін Қазақстан Республикасының азаматтары МӘМС жүйесі шеңберінде ЭКҰ рәсімінен өтуге үміткер бола алады.
Іріктеудің негізгі шарттары
ЭКҰ жүргізу мәселесін қарау кезінде мыналар ескеріледі:
-
Бедеулік диагнозының анықталған болуы.
-
Әйелдің жасы — «Емдеуге жатқызу бюросы» порталына енгізілген сәтте 42 жасқа дейін.
-
Аналық без резервінің қанағаттанарлық болуы.
-
Рәсімді жүргізуге және жүктіліктің басталуына кедергі келтіретін факторлардың болмауы.
-
Әйел мен ер адамның, оның ішінде ер адам факторына байланысты бедеулік кезіндегі медициналық зерттеп-қарау нәтижелері.
-
ЭКҰ жүргізуге және эмбриондарды көшіруге медициналық қарсы көрсетілімдердің болмауы.
Аналық без резерві қалай бағаланады?
МӘМС жүйесі шеңберінде іріктеу кезінде белгіленген көрсеткіштердің кемінде екеуінің болуы ескеріледі:
-
антимюллер гормоны (АМГ) — 0,8 нг/мл-ден жоғары;
-
фолликулды ынталандыратын гормон (ФЫГ) — етеккір циклінің 2–5-күндері 12-ден төмен;
-
ультрадыбыстық зерттеу нәтижелері бойынша қағидаларда белгіленген антралдық фолликулдар саны.
Іріктеу өлшемшарттарына сәйкестігі туралы түпкілікті қорытынды медициналық зерттеп-қарау нәтижелері бойынша қабылданады.
Қандай қарсы көрсетілімдер бар?
Қарсы көрсетілімдерге жүктілікке тыйым салынатын аурулар мен жағдайлар, жедел қабыну аурулары, жатыр мен аналық бездердің жекелеген аурулары, сондай-ақ ҚРТ жүргізу қағидаларында айқындалған басқа да жағдайлар жатуы мүмкін.
Қандай зерттеп-қараулардан өту қажет?
Зерттеп-қараулар тізбесі ҚРТ жүргізу қағидаларына 1-қосымшада айқындалған және зертханалық зерттеулерді, репродуктивтік денсаулықты бағалауды және мамандардың қажетті консультацияларын қамтиды.
Зерттеу нәтижелерінің жарамдылық мерзімі зерттеу түріне байланысты әртүрлі болады. Мысалы, микропреципитация реакциясы әдісімен мерезге жүргізілген серологиялық зерттеу нәтижесінің жарамдылық мерзімі 30 күнді құрайды.
Соматикалық аурулар болған жағдайда ЭКҰ жүргізер алдында № 026/у нысаны бойынша дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы қажет болуы мүмкін.
Маңызды! Жекелеген көрсеткіштерге сәйкес келу жолдаманың автоматты түрде берілетінін білдірмейді. Шешім барлық белгіленген өлшемшарттар мен медициналық құжаттарды бағалағаннан кейін қабылданады.
