Сіз авто иесі болсаңыз

Жүктеу

Сақтандыру

Қазақстан Республикасында көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру (КҚИ АҚЖМС) көзделген. Сонымен қатар автокөлік иесі ерікті КАСКО сақтандыруын ресімдей алады.

Міндетті сақтандыру (КҚИ АҚЖМС)

КҚИ АҚЖМС көлік құралын пайдалану кезінде үшінші тұлғалардың өміріне, денсаулығына немесе мүлкіне келтірілген зиянды заңнамада белгіленген шектерде және шарттарда өтеуге арналған.

Міндетті сақтандыру талап етілетін жағдайларда қолданыстағы міндетті сақтандыру шартысыз автокөлікті пайдалануға жол берілмейді.

Міндетті сақтандыруды қалай ресімдеуге болады?

  1. Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруды жүзеге асыруға құқығы бар сақтандыру ұйымын таңдаңыз.

  2. Сақтандыру ұйымына жүгініңіз немесе оның ресми интернет-ресурсын не мобильді қосымшасын пайдаланыңыз.

  3. Автокөлік иесі, жүргізушілер және көлік құралы туралы қажетті мәліметтерді ұсыныңыз.

  4. Шарт талаптарын, сақтандыру сыйлықақысының мөлшерін және сақтандырудың қолданылу мерзімін тексеріңіз.

  5. Сақтандыру сыйлықақысын төлеп, шарттың ресімделгеніне көз жеткізіңіз.

Сақтандыруды ресімдеу үшін жеке басты куәландыратын құжаттың, жүргізуші куәлігінің және көлік құралын тіркеу туралы куәліктің мәліметтері қажет болуы мүмкін.

Мәліметтердің бір бөлігін сақтандыру ұйымы ақпараттық жүйелерден ала алады. Деректерді растаудың нақты тәртібі заңнамаға және шартты ресімдеу талаптарына сәйкес айқындалады.

Маңызды! Міндетті сақтандыру шарты электрондық нысанда ресімделеді. Қолданыстағы сақтандыру туралы мәліметтер ақпараттық жүйелер арқылы тексеріледі; қағаз түріндегі сақтандыру полисін көрсету міндетті емес.

Ерікті сақтандыру (КАСКО)

КАСКО автокөлікті шартта көзделген тәуекелдерден, мысалы, жол-көлік оқиғасы (ЖКО) салдарынан зақымданудан, ұрланудан, өрттен немесе табиғи апаттардан сақтандыруға мүмкіндік береді.

Сақтандыру жағдайларының тізбесі, ерекшеліктері, құны және сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру тәртібі нақты сақтандыру шартының талаптарымен айқындалады.

КАСКО көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруды алмастырмайды.

 
Жаңарту күні: Көру саны:11509
  1. Сақтандыру