«АТАМЕКЕН»: КӘСІПКЕРЛІК СУБЪЕКТІЛЕРІНЕ МӘМС ЖӘНЕ ЕҢБЕК ЗАҢНАМАСЫНЫҢ ТАЛАПТАРЫ БОЙЫНША КЕҢЕС БЕРІЛДІ

«АТАМЕКЕН»: КӘСІПКЕРЛІК СУБЪЕКТІЛЕРІНЕ МӘМС ЖӘНЕ ЕҢБЕК ЗАҢНАМАСЫНЫҢ ТАЛАПТАРЫ БОЙЫНША КЕҢЕС БЕРІЛДІ
Үстіміздегі жылдың 23 қазан күні Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасында Білім беруді және медицинаны дамыту және Өңдеу өнеркәсібі салалық кәсіпкерлер кеңестерінің бірлескен отырысы өтті.
 
Іс-шараның негізгі мақсаты – жұмыс берушілердің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) бойынша берешегін төлеу тәртібі және еңбек қатынастары салаларына қатысты заңнамалық талаптарының сақталуына түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
 
Жиын барысындағы сөз кіріспесінде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Түркістан облысы бойынша филиалы» басшысының орынбасары Тілектес Бағлан Базарбекұлы жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлердің міндетті әлеуметітк сақтандыру төлемдеріне қатысты ақпарат берді.
 
Сондай-ақ жеке кәсіпкерлердің өздері үшін төлейтін жарналары мен жалдамалы қызметкерлері үшін аударылатын төлемдердің тәртібі түсіндірілді. Кәсіпкерлерге берешек анықталған жағдайда оны уақытылы өтеу, сондай-ақ қызметкерлердің сақтандыру мәртебесін бақылап отыру қажеттігі ескертілді.
 
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Түркістан облысының мемлекеттік еңбек инспекторы Смадияр Алдияр Шаниярұлы еңбек заңнамасы талаптарының сақталуы жөнінде баяндама жасады.
 
Талқылау барысында еңбек шарттарын заңнамаға сәйкес рәсімдеу және Enbek.kz платформасында тіркеу, қызметкерлерге еңбекақыны уақтылы төлеу, міндетті төлемдерді аудару, сондай-ақ жұмысшыларды жазатайым оқиғалардан сақтандыру мәселелері қаралды.
 
Сонымен қатар, кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап беріліп, қолданыстағы заңнама талаптарын сақтау және туындауы мүмкін мәселелердің алдын алу бойынша кеңестер ұсынылды.
 
Мұндай кездесулер кәсіпкерлердің заңнамалық талаптар жөніндегі хабардарлығын арттыруға, әлеуметтік жауапкершілікті нығайтуға және еңбек қатынастарында заң бұзушылықтардың алдын алуға ықпал етеді.