Қазақстан Республикасының туристік саласының дамуы туралы АНЫҚТАМА
Соңғы жеті жылда Қазақстанның туристік саласында тұрақты өсім байқалады. 2019 жылы орналастыру орындарының қызметін пайдаланған ішкі туристер саны 4,7 млн адамды құраса, 2025 жылдың қорытындысы бойынша 8,66 млн адамға жетті (өсім – 84,4%). Жалпы, 2025 жылы орналастыру орындары 10,09 млн келушіге қызмет көрсетті. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында бұл көрсеткіш 4,77 млн адамды, оның ішінде ішкі туристер саны 4,13 млн адамды құрады.
Туристер санының артуымен қатар саланың экономикалық көрсеткіштері де жақсарды. Аталған кезеңде салық түсімдері 160 млрд теңгеден 630 млрд теңгеге, ал туризм саласында жұмыспен қамтылғандар саны 460 мыңнан 650 мың адамға дейін өсті. Орналастыру орындары көрсеткен қызмет көлемі 121 млрд теңгеден 350,6 млрд теңгеге жетті.
Қонақүй инфрақұрылымы да қарқынды дамып келеді. 2019 жылы елде 3 592 орналастыру орны жұмыс істесе, 2025 жылы олардың саны 4 482 нысанға жетті. Осы кезеңде сыйымдылығы 181 мыңнан 233 мың төсек-орынға дейін ұлғайды. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында жалпы сыйымдылығы шамамен 243 мың төсек-орынды құрайтын 4 687 орналастыру орны жұмыс істеді. Қазақстан нарығында Hilton, Marriott, Accor сияқты халықаралық қонақүй желілері кеңейіп, отандық брендтер мен орналастырудың жаңа түрлері дамуда.
Туризм саласына инвестиция тарту көрсеткіштері айтарлықтай артты. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 2019 жылғы 502 млрд теңгеден 2025 жылы 1,26 трлн теңгеге дейін өсіп, 2,5 есеге ұлғайды. 2025 жылы жалпы құны 345 млрд теңге болатын 95 инфрақұрылымдық жоба іске асырылды.
Инвестициялық белсенділікті ынталандыру мақсатында туристік бизнеске арналған мемлекеттік қолдаудың жеті тетігі қарастырылған. Олар туристік нысандарды салу және жаңғырту, жол бойындағы қызмет көрсету инфрақұрылымын дамыту, туристік автобустар мен тау шаңғысы жабдықтарын сатып алу шығындарының бір бөлігін өтеуді, сондай-ақ санитариялық-гигиеналық тораптарды күтіп-ұстауға субсидия беруді қамтиды.
Сонымен қатар туризм саласындағы жобалар «Даму» қоры арқылы жеңілдетілген қаржыландыру құралдарын, оның ішінде «Өрлеу» бағдарламасын пайдалана алады. Инвесторларға салықтық және кедендік жеңілдіктер, мемлекеттік заттай гранттар түріндегі инвестициялық преференциялар да қарастырылған. Жергілікті атқарушы органдарға елді мекендерден тыс орналасқан туристік нысандарға инженерлік желілер тарту мүмкіндігі берілген.
Туристік бағыттарға қатынауды жеңілдету мақсатында Кендірлі, Катонқарағай және Зайсан өңірлерінде үш жаңа әуежай салу жобалары жүзеге асырылуда. Алматы, Қызылорда және Шымкент әуежайларында жаңа терминалдар іске қосылды. Ел бойынша 124 теміржол вокзалын жаңғырту бағдарламасы аясында 2026 жылғы тамыздағы жағдай бойынша 72 нысанда жұмыс аяқталды. Балқаш, Үржар және Үшарал бағыттарындағы әуе рейстерін субсидиялау қарастырылған.
Туристік аймақтардың инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасуда. 2021–2025 жылдары 483 санитариялық-гигиеналық торап орнатылып, 2025 жылы курорттық аймақтарда 10-ға жуық жағажай абаттандырылды. Қазіргі уақытта елде 23 визит-орталық пен 11 туристік ақпараттық орталық жұмыс істейді. 10 өңірде туризмге жауапты дербес басқармалар құрылған. 2019 жылдан бері туристік полиция қызмет атқарады.
Экологиялық туризмге қызығушылық артып келеді. Ұлттық табиғи парктерге келушілер саны 2019 жылғы 1,38 млн адамнан 2025 жылы 3,6 млн адамға жетіп, 2,6 есеге өсті. 2026 жылы қабылданған заңнамалық өзгерістерге сәйкес 18 жасқа дейінгі балалардың ұлттық парктерге тегін кіруі, гидтердің қызметін реттеуді жетілдіру және туристік автобустар үшін «жасыл дәліз» тетігін енгізу көзделген.
Оқиғалық туризмді дамытуға да ерекше назар аударылуда. 2026 жылы Министрліктің үйлестіруімен 55 ірі іс-шара өткізу жоспарланған. Оның 43-і ұйымдастырылып, қатысушылар саны 1 млн адамнан, ал ақпараттық қамту көрсеткіші 250 млн пайдаланушыдан асты. Халықаралық концерттер, фестивальдер мен гастрономиялық іс-шаралар туристерді тартуға және өңірлердің экономикалық белсенділігін арттыруға ықпал етуде.
Туризм саласын білікті мамандармен қамтамасыз ету мақсатында еліміздегі 60-тан астам жоғары оқу орны мамандар даярлайды. Бейіндік білім беру бағдарламалары бойынша 15 мыңнан астам студент білім алуда. Түркістан қаласындағы Халықаралық туризм және меймандостық университетінде 2 772 студент пен магистрант оқиды.
Қазақстанның халықаралық рейтингтердегі орны да жақсарды. 2024 жылы еліміз Дүниежүзілік экономикалық форумның Саяхат пен туризмді дамыту индексінде 14 сатыға көтеріліп, 119 елдің арасында 52-орынға ие болды.
Қазақстан Республикасының Ұлттық даму жоспарына сәйкес, 2029 жылға қарай орналастыру орындарының қызметін пайдаланатын ішкі туристер санын 11 млн адамға жеткізу көзделген. Осы мақсатта жаңартылған 2023–2029 жылдарға арналған туристік саланы дамыту тұжырымдамасы алты бағыт бойынша 66 іс-шараны қамтиды.
Алдағы кезеңдегі негізгі басымдықтар – туристік бағыттарға көлік қатынасын жақсарту, инженерлік және туристік инфрақұрылымды дамыту, жеке инвестиция тарту, мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру, қызмет көрсету сапасын арттыру, білікті мамандар даярлау және туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.