Қазақстан Республикасындағы жұмыс орнындағы қауіпсіздік және еңбекті қорғаудың негізгі талаптары

Қазақстан Республикасындағы жұмыс орнындағы қауіпсіздік және еңбекті қорғаудың негізгі талаптары

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 181-бабына сәйкес әрбір жұмыскер белгіленген қауіпсіздік және еңбекті қорғау талаптарын сақтауға міндетті.

Атап айтқанда, жұмыскерлер жұмыстарды қауіпсіз орындау жөніндегі нұсқаулықтарды сақтауға, берілген жеке және ұжымдық қорғаныш құралдарын дұрыс пайдалануға, міндетті оқытудан, нұсқама беруден және білімін тексеруден өтуге, сондай-ақ анықталған қауіптер, өндірістік жарақаттар және адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін жағдайлар туралы жұмыс берушіге уақтылы хабарлауға міндетті.

Биіктікте жұмыс істеу, өндірістік жабдықтарды пайдалану, жүк көтергіш механизмдерді қолдану және қауіптілігі жоғары басқа да жұмыстарды орындау кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуына ерекше назар аудару қажет.

Жұмыскердің өміріне немесе денсаулығына қауіп төндіретін жағдай туындаған кезде Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 181-бабында көзделген жағдайларда тікелей басшысын немесе жұмыс берушіні жазбаша хабардар ете отырып, жұмысты орындаудан бас тартуға құқығы бар.

Өндірістік жарақаттанудың алдын алу

Өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу жұмыскерлерді жүйелі түрде оқытуды, кәсіптік тәуекелдерді анықтау мен жоюды, жабдықтарды жарамды күйде ұстауды және қауіпсіздік талаптарының сақталуына тұрақты бақылау жүргізуді қамтитын кешенді тәсілді талап етеді.

Бұл ретте нұсқамаларды формалды түрде өткізу және тиісті құжаттаманың болуы жұмыскерлердің қауіпсіздігіне толық кепілдік бермейтінін түсіну маңызды. Ең бастысы – белгіленген талаптардың тікелей жұмыс орындарында іс жүзінде сақталуы.

Астана қаласы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің департаменті жұмыс берушілерді еңбек заңнамасының талаптарын тиісінше сақтауға, өндірістік жарақаттанудың алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстарды күшейтуге және анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде уақтылы шаралар қабылдауға шақырады.

Өз кезегінде жұмыскерлер өздерінің және айналасындағы адамдардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарап, белгіленген қағидаларды қатаң сақтауы және анықталған қауіпті еңбек жағдайлары туралы дереу хабарлауы қажет.

Еңбек қауіпсіздігі – жұмыс беруші мен жұмыскердің ортақ жауапкершілігі. Еңбекті қорғау талаптарын бүгін сақтау – ертеңгі өмір мен денсаулықты сақтаудың кепілі!