СҚО-да спорт инфрақұрылымы кеңейіп, бұқаралық спорт дамып келеді

Әкімдік отырысында бұқаралық спортты дамыту және спорт инфрақұрылымының қолжетімділігін арттыру мәселелері қаралды. Бұл бағыттағы жұмыстар Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес жүргізілуде. Бүгінде өңірде 227,4 мың тұрғын дене шынықтырумен және спортпен айналысады. Бұл - облыс халқының 44,2%-ы.
✅ Соңғы үш жылда саланы қаржыландыру көлемі 26%-ға өсті. Осы кезеңде бөлінген қаражаттың жалпы көлемі 42 млрд теңгеден асты. 128 спорт нысаны салынып, тағы 28 нысан жөнделді. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 2022–2025 жылдары облыс аудандарында 7 спорт залы жабдықталды. Биыл екі модульдік спорт залы ашылды.
✅ Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қатысуымен шағын футбол алаңдарын салу жұмыстары жалғасуда. Биылға жоспарланған 52 алаңның 44-і салынды.
✅ Петропавлда көпфункционалды мұз аренасының құрылысы басталды. Жобада конькимен жүгіруге арналған 400 метрлік жол, халықаралық стандарттарға сай екі хоккей корты және керлингке арналған үш жолақ қарастырылған.
✅ Сондай-ақ 50 метрлік жүзу бассейні мен сегіз мамандандырылған залы бар 7 мың орындық әмбебап спорт кешенін салу жоспарланған. Футбол академиясы бар 5 мың орындық жабық стадионның жобасы әзірленуде.
✅ Спорт инфрақұрылымын дамытуға жеке бизнес те тартылуда. «Харвест Агро Холдинг» компаниясы дзюдо орталығы бар қонақүй кешенінің жобасын іске асыруда. Инвестиция көлемі - 7,5 млрд теңге. Бұдан бөлек, инвестормен бірлесіп, Береке шағын ауданында «Қызылжар Жеңіс Дзюдо» спорт орталығын салу мәселесі пысықталуда.
✅ «Самұрық-Қазына» қорының қаражаты есебінен бассейні мен спорт залдары бар Инклюзивті спорт орталығы салынып жатыр. Құрылысты 2027 жылы аяқтау жоспарланған.
✅ Облыста спорттың 20 басым түрі белгіленген: 6 жазғы, 4 қысқы және 10 ұлттық спорт түрі. Отырыс қорытындысында Ғауез Нұрмұхамбетов ұлттық спорт түрлерін дамыту жөніндегі үш жылдық жол картасын және бизнесті тарта отырып, аудандарда бассейндер салу жоспарын әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ мектептердегі шаңғы жабдықтарына түгендеу жүргізіп, қажеттілікті анықтау және дене шынықтыру мұғалімдерінің кәсіби даярлығын жетілдіру тапсырылды. Облыс әкімі спорт нысандарының толық пайдаланылуын және балалар мен ауыл жастары үшін спортпен шұғылданудың қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.