«Пробация қызметінің жұмысын ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 15 тамыздағы № 511 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі бұйрығының жобасына баспасөз-релизі
Құқықтық мониторинг жүргізуге сәйкес пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандардың мінез-құлқын бақылау нысандары мен әдістерін жетілдіру үшін ведомство «Пробация қызметінің жұмысын ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы» ҚР Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 15 тамыздағы № 511 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізеді.
Сотталғандардың тұрақты тұрғылықты жерін ауыстырған және әкімшілік-аумақтық бірліктен тыс уақытша кеткен кезде олардың мінез-құлқына бақылауды күшейту, жазасын өтеуден қасақана жалтарған сотталғандарға қатысты жазаны ауыстыру мәселесі бойынша материалдарды сотқа жіберу мерзімін қысқарту ұсынылады.
Бұдан басқа, пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандардың жаңа қылмыстар жасауының алдын алу мақсатында бас бостандығын шектеуге және шартты түрде барлық сотталғандарға қатысты электрондық бақылау құралдарын қолдану ұсынылады.
Жобаны қабылдау әлеуметтік-экономикалық және/немесе құқықтық салдарға әкеп соқпайды.