Қарағанды облысында 70 ауылда жаңа ветеринариялық пункт ашылады

Ауыл шаруашылығы министрлігі өңірлердегі ветеринариялық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарын жалғастыруда.
Биыл Қарағанды облысының 70 елді мекенінде заманауи модульдік ветеринариялық пункт ашу жоспарланған. Оның алғашқысы Нұра ауданына қарасты Құланөтпес ауылында жұмысын бастады.
Жаңа нысан қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, пункт жанынан мал ұстауға арналған арнайы қаша салынған. Мұның бәрі ветеринариялық шараларды ауылдың өзінде жүргізуге мүмкіндік беріп, мамандардың жұмысын жеңілдетеді.
Ветеринариялық пункт меңгерушісі Серік Жапаровтың айтуынша, жаңа нысанның ашылуы ауыл тұрғындарына қызмет көрсетуді едәуір жеңілдеткен.
«Бұрын ветеринариялық шараларды жүргізу үшін әр үйдің ауласына жеке-жеке баруға тура келетін. Қазір тұрғындар малын тікелей ветеринариялық пунктке әкеледі. Мұнда барлық қажетті жағдай жасалған. Бұл уақытты үнемдеп, көбірек шаруашылыққа қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Арнайы жабдықталған бөлме мен мал ұстауға арналған қаша да бар», – деді ол.
Жыл соңына дейін Нұра ауданында осындай тағы 10 ветеринариялық пункт пайдалануға беріледі. Ал келесі жылы облыста қосымша 70 модульдік ветеринариялық пункт, 28 мал қорымы және бес ветеринариялық станция салу жоспарланып отыр.
Ветеринариялық нысандар желісін кеңейту – Ауыл шаруашылығы министрлігі жүзеге асырып жатқан саланы жүйелі жаңғырту жұмыстарының бір бөлігі. Бұл 2026–2030 жылдарға арналған ветеринария саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспар аясында жүргізілуде. Құжатта эпизоотиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, зертханалық диагностика жүйесін дамыту, саланы цифрландыру, кадрлық әлеуетті нығайту және ветеринариялық фармацевтиканы дамыту сияқты сегіз негізгі бағыт қамтылған.
Басым міндеттердің қатарында ауыл шаруашылығы жануарларын уақтылы вакцинациялау және бірдейлендіру, мал қорымдарын түгендеу, олардың қоршауларын талапқа сай реттеу жұмыстары бар. Оның барлығын 2026 жылғы қазан айының соңына дейін аяқтау көзделген.
2026–2027 жылдары ветеринариялық қызметтің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 66,2 млрд теңге қарастырылған. Республика бойынша барлығы 2 399 ветеринариялық нысан салу және сатып алу көзделген.
Аталған шаралар ауылдық жерлерде ветеринариялық көмектің қолжетімділігін арттыруға, жануарлардың денсаулығын бақылауды күшейтуге және еліміздің эпизоотиялық қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді.