БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ 2027 ЖЫЛДАН БАСТАП БИЗНЕСТІ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ БІРЫҢҒАЙ ЦИФРЛЫҚ МОНИТОРИНГ ЖҮЙЕСІ АРҚЫЛЫ КӨРСЕТІЛЕТІН БОЛАДЫ

Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын есепке алудың және мониторингтеудің бірыңғай цифрлық жүйесін қалыптастыру бойынша жұмысты жалғастыруда. Жаңа тәсіл бюджет қаражатын бөлудің ашықтығын арттыруға, бизнестің қолдау шараларына тең қол жеткізуін қамтамасыз етуге және олардың нақты тиімділігін бағалауға бағытталған.

Жүйені құру Мемлекет басшысының кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру және оны ұсынудың ашықтығын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмалары аясында іске асырылуда. Бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қолданыстағы қолдау шараларына тексеру жүргізу және бизнес үшін түсінікті жеңілдіктер мен преференциялардың бірыңғай тізбесін қалыптастыру қажеттігін атап өткен болатын.

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну екі деңгейлі жүйе шеңберінде жүзеге асырылатын болады. Өтінімдерді қабылдау және өңдеу салалық мемлекеттік және мемлекеттік емес ақпараттық жүйелер арқылы жүргізіледі, ал алушылардың базалық талаптарға сәйкестігін тексеру, сондай-ақ ұсынылған шаралардың тиімділігіне мониторинг жүргізу «Baqylauda» бірыңғай жүйесі арқылы іске асырылады.

Жаңа модельді енгізу мемлекеттік қолдау көрсетудің толық цифрлық көрінісін қалыптастыруға, деректердің қайталануын болдырмауға, көрсетілетін көмектің атаулы сипатын арттыруға және мәлімделген нәтижелерге қол жеткізуді бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Мұндай өзгерістердің қажеттілігі бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыру міндетімен негізделген. Жоғары аудиторлық палатаның деректеріне сәйкес, жекелеген жағдайларда қызметін тоқтатқан немесе бейінді қызметін жүзеге асырмаған субъектілерге мемлекеттік қолдау көрсетілген, бұл бақылау мен мониторингтің бірыңғай тетіктерін енгізу қажеттілігін көрсетеді.

Қазіргі уақытта «Baqylauda» жүйесінде субсидияларды, гранттарды, кепілдіктерді, кредиттерді, сақтандыру және қаржылық емес қолдау шараларын қоса алғанда, 172 мемлекеттік қолдау шарасы тіркелген. Оның ішінде 117 шара Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларының бекітілген тізіліміне енгізілген. Сонымен қатар оларды кезең-кезеңімен цифрландыру және салалық ақпараттық жүйелерді платформамен интеграциялау бойынша жұмыс жүргізілуде.

Процестің ашықтығын қамтамасыз ету үшін ҚР Қаржы министрлігі нақты уақыт режимінде мемлекеттік органдар мен қолдау шаралары операторларының «Baqylauda» жүйесіне қосылу деңгейін көрсететін жария дашборд мониторингті іске қосты.

Қаржы министрлігі мемлекеттік органдар мен мемлекеттік қолдау шараларының операторларын жаңа заңнамалық талаптар күшіне енгенге дейін өздерінің ақпараттық жүйелерін платформамен интеграциялауды аяқтауға шақырады.

«Baqylauda» жүйесі өтінім беруден бастап нәтижелерді талдауға және мемлекеттік ресурстарды пайдаланудың тиімділігін бағалауға дейінгі мемлекеттік қолдау шараларын сүйемелдеудің бірыңғай цифрлық құралына айналады.