БАСПАСӨЗ-РЕЛИЗІ 2027 ЖЫЛДАН БАСТАП БИЗНЕСКЕ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ ТЕК ЦИФРЛЫҚ ПЛАТФОРМА АРҚЫЛЫ ҒАНА КӨРСЕТІЛЕТІН БОЛАДЫ
Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын (субсидиялар, жеңілдіктер, гранттар, кредиттер бойынша кепілдіктер және т.б.) есепке алу мен мониторингтеудің бірыңғай цифрлық жүйесін құруды аяқтауда. 2027 жылдан бастап «Baqylauda» цифрлық платформасынан тыс мемлекеттік қолдау шараларын ұсынуға тыйым салынады.
2026 жылдың басына қарай тіркелген 2,360 млн. шағын және орта кәсіпкерлік субъектісінің шамамен 2,176 млн-і жұмыс істеп тұр. Мемлекеттік қолдау шараларын барлық кәсіпкерлердің 10%-дан азы нақты пайдаланады. Негізгі нысаналы топ — қолдауды бұрын алып жүрген немесе алуды жоспарлап отырған шамамен 222–250 мың кәсіпкер.
Мемлекеттік органдар мен қолдау шаралары операторларының дайындығын бақылау үшін Қаржы министрлігі мемлекеттік ақпараттық жүйелердің «Baqylauda» платформасымен интеграциялану деңгейін нақты уақыт режимінде көрсететін публикалық дашбордты іске қосты. Интеграцияның болмауы мемлекеттік қолдау көрсетудің толық көрінісін қалыптастыруға кедергі келтіреді, бюджет қаражатын бөлудің ашықтығын төмендетеді және бизнес үшін қосымша тәуекелдер туғызады.
Бүгінгі күні жүйеде 169 мемлекеттік қолдау шарасы және 29 салықтық және кедендік жеңілдік тіркелген, оның 75-і электронды форматқа көшірілген.
Қаржы министрлігі мемлекеттік органдар мен қолдау шараларының операторларын өздерінің ақпараттық жүйелерінің «Baqylauda» платформасымен интеграциясын жаңа заңнамалық талаптар күшіне енгенге дейін жеделдетуге шақырады.
Қаржы министрлігінің «Ақпараттық-есептік орталық» АҚ әзірлеген «Baqylauda» сервисі қолдау шараларын өтінім беруден бастап қол жеткізілген нәтижелерді бағалауға және бұзушылықтарды автоматтандырылған түрде анықтауға дейінгі толық сүйемелдеу циклін қамтамасыз етеді.