«Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында уақытша және тұрақты тұруға рұқсат беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 4 желтоқсандағы №992 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» жобаға баспасөз хабарламасы
Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы», «Халықтың көші-қоны туралы» заңдарға түзетулер енгізілді.
Тиісті жоба халықтың көші-қоны саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған.
Аталған заң негізінде шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беруден бас тарту не оның күшін жою себептері кеңейтілді («Халықтың көші-қоны туралы» Заңның 49-бабы), атап айтқанда:
- кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс жасағандар;
- олардың экстремистік немесе террористік қызметке қатысуы немесе Қазақстан Республикасында экстремистік немесе террористік деп танылған ұйымға қатысуы туралы мәліметтер болған жағдайда;
- «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 38-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, тұрақты тұруға рұқсат берілген күннен бастап кез келген кезекті он екі айлық кезең шегінде тұрақты тұруға рұқсат алған және Қазақстан Республикасының аумағында күнтізбелік жүз сексен үш күннен кем тұратындар;
- Халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен сұранысқа ие кәсіптер тізбесі негізінде тұрақты тұруға рұқсат алған және тұрақты тұруға рұқсат берілген күннен бастап кез келген қатарынан он екі айлық кезең шегінде күнтізбелік жүз сексен үш күн ішінде көрсетілген тізбеде көзделген кәсіп бойынша жұмыс істемейтіндер;
- жыл ішінде халықтың көші-қоны, Қазақстан Республикасының Салық және еңбек заңнамасы саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғандар рұқсат беруден бас тарту себептеріне жатады.
Бұрын «Халықтың көші-қоны туралы» Заңға сәйкес, Қазақстан Республикасына кіруге қарсы көрсетілім болып табылатын аурулары бар барлық шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға, соның ішінде әрекетке қабілетсіз адамдарға ҚР-да тұрақты тұруға рұқсат беруден бас тартылған болатын.
Осы олқылықты жою мақсатында аталған заңда әрекетке қабілетсіз адамдарды осы нормадан босату қарастырылған, яғни Қазақстан Республикасында ресми заңды өкілдері болған жағдайда оларға Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат берілетін болады.
Көші-қон қызметі комитеті