Қазақстан Республикасына кіруге арналған QazETA электрондық рұқсаты туралы

Көру саны:13
2026 жылғы 10 қазанда Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстанға кіруге арналған алдын ала электрондық рұқсатты енгізуді көздейтін № 890 қаулыны қабылдады.
Жаңа QazETA жүйесі Қазақстанға визасыз тәртіппен келетін шетел азаматтарына қолданылады және көші-қон рәсімдерін жеңілдетуге, шекаралық бақылауды жетілдіруге, сондай-ақ саяхатшылар үшін елге кіру тәртібін барынша ашық әрі қолайлы етуге бағытталған.
Қаулының толық мәтіні:
https://adilet.zan.kz/kaz/docs/P2600000890
Электрондық рұқсатты енгізу кезеңдері
QazETA электрондық рұқсат жүйесі кезең-кезеңімен енгізіледі:
· 2026 жылғы 1 қарашадан бастап – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасындағы мынадай өткізу пункттерінде: Ақтау халықаралық әуежайында, "Үрлітөбе" автомобиль өткізу пунктінде (Павлодар облысы), "Ауқатты" автомобиль өткізу пунктінде (Жамбыл облысы), "Атамекен" автомобиль өткізу пунктінде (Түркістан облысы) және "Нұрлы Жол" автомобиль өткізу пунктінде (Жетісу облысы), көшіп келушіні кіргізуден бас тартылмайды, рұқсат ресімдеу қажеттігі түсіндіріледі;
· 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасында: Астана және Алматы қалаларының халықаралық әуежайларында, көшіп келушіні кіргізуден бас тартылмайды, рұқсат ресімдеу қажеттігі түсіндіріледі;
· 2027 жылғы 1 наурыздан бастап – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасындағы қалған барлық өткізу пункттері арқылы кіру кезінде электрондық рұқсаттың болуын талап ету, бұл ретте көшіп келушіні кіргізуден бас тартылмайды, оған электрондық рұқсатты ресімдеу қажеттігі түсіндіріледі;
· 2027 жылғы 1 шілдеден бастап – кіруге электрондық рұқсаттың міндеттілігін ендіру, оның болмауы көшіп келушіні Қазақстан Республикасына кіргізуден бас тартуға негіз болады.
Маңызды: 2026 жылғы 1 қарашадан бастап 2027 жылғы 30 маусымға дейін QazETA рұқсатын рәсімдеу ұсынымдық сипатта болады. Осы өтпелі кезеңде электрондық рұқсаттың болмауы өздігінен Қазақстанға кіруден бас тартуға негіз болмайды.
2027 жылғы 1 шілдеден бастап электрондық рұқсат оны алудан босатылған адамдарды қоспағанда, белгіленген тәртіп қолданылатын шетел азаматтары үшін міндетті болады.
Электрондық рұқсатты рәсімдеу тәртібі
Өтініш Қазақстанға жоспарланған кіру күнінен кемінде 72 сағат бұрын QazETA мобильді қосымшасы арқылы беріледі. Қосымша App Store және Google Play платформаларында қолжетімді.
Электрондық рұқсат:
· тегін рәсімделеді;
· 180 күнтізбелік күнге беріледі;
· өтініште көрсетілген паспортқа байланыстырылады.
Қазақстан шекарасынан өту кезінде өтініш беру барысында деректері көрсетілген сол жарамды паспортты ұсыну қажет.
Электрондық рұқсаттың 180 күндік жарамдылық мерзімі шетел азаматына Қазақстан аумағында осы мерзімнің барлығында болуға құқық бермейді. Елде болудың рұқсат етілген мерзімі қолданыстағы визалық және көші-қон тәртібімен айқындалады.
Украина азаматтарының Қазақстанға кіру тәртібі
QazETA жүйесін енгізу Украина азаматтары үшін Қазақстан Республикасына кіру кезіндегі қолданыстағы визасыз режимді өзгертпейді.
Ұлттық паспорт иелері Қазақстан Республикасының аумағында 180 күндік кезең ішінде 90 күнтізбелік күннен аспайтын мерзімге визасыз болу құқығын сақтайды.
2027 жылғы 1 шілдеден бастап белгіленген жеңілдіктерге жатпайтын Украина азаматтары Қазақстанға сапар алдында QazETA электрондық рұқсатын рәсімдеуі қажет.
Электрондық рұқсат алудан босатылатын негізгі санаттар
QazETA рәсімдеу талабынан, атап айтқанда, мына санаттар босатылады:
· шет мемлекеттердің, үкіметтердің және халықаралық ұйымдардың басшылары мен олардың отбасы мүшелері;
· ресми мемлекеттік және үкіметтік делегациялардың мүшелері;
· дипломатиялық және қызметтік паспорт иелері;
· Қазақстан Республикасының жарамды визасы бар шетел азаматтары;
· Қазақстанда уақытша тұруға рұқсаты немесе тұруға ықтиярхаты бар шетел азаматтары;
· 16 жасқа толмаған балалар;
· 65 жастағы және одан асқан адамдар;
· Қазақстанның Мемлекеттік шекарасын кесіп өтпей, халықаралық әуежайдың транзиттік аймағында қалатын жолаушылар;
· халықаралық көлік экипаждарының жекелеген мүшелері.
1) шет мемлекеттердің, үкіметтердің, халықаралық ұйымдардың басшылары және олардың отбасы мүшелері;
2) шет мемлекеттер парламенттерінің, үкіметтерінің, халықаралық ұйымдардың мүшелері және олардың отбасы мүшелері;
3) Қазақстан Республикасының құрметті консулдары және олардың отбасы мүшелері;
4) Қазақстан Республикасындағы шет мемлекеттердің дипломатиялық және оларға теңестірілген өкілдіктерінде, халықаралық ұйымдарда және (немесе) олардың өкілдіктерінде жұмыс істеу үшін Қазақстан Республикасына жіберілетін, дипломатиялық агенттерге теңестірілген мәртебесі бар дипломатиялық паспорттардың, қызметтік паспорттардың, сондай-ақ халықаралық ұйымдар паспорттарының иелері, сондай-ақ Қазақстан Республикасында аккредиттелген шет мемлекеттердің консулдық мекемелерінің қызметкерлері;
5) Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі берген аккредиттеу куәлігінің иелері;
6) курьерлік парағы болса, дипломатиялық поштаны алып жүретін дипломатиялық курьерлер;
7) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Құрылтайының, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппаратының, арнаулы мемлекеттік органдардың, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, сыртқы саяси қызмет саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның шақыруы бойынша Қазақстан Республикасына келетін шетел азаматтары;
8) он алты жасқа толмаған адамдар;
9) алпыс бес жасқа толған және одан асқан адамдар;
10) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өтпей халықаралық әуежайлардың транзиттік аймағында болатын транзиттік жолаушылар;
11) Қазақстан Республикасының қолданыстағы визасы бар шетел азаматтары;
12) Қазақстан Республикасында уақытша тұруға рұқсаты бар шетел азаматтары;
13) Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар шетел азаматтары;
14) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес босқын деп танылған адамдар;
15) баспана іздеуші адамдар; 16) бас декларацияда (ұшу тапсырмасында) тиісті жазбасы болса, әуе кемелері экипаждарының мүшелері;
17) кеме рөлінде немесе одан үзінді көшірмеде тиісті жазбасы болса, теңіз және өзен кемелері экипаждарының мүшелері;
18) әрбір рейске бекітілетін құрамдау тізімдері бойынша пойыз, рефрижератор және локомотив бригадаларының мүшелері;
19) Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары берген қызметтік және іссапар куәліктері (нұсқамалары) болса, үкіметаралық фельдъегерлік байланыс қызметінің қызметкерлері;
20) егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, қызметтік және іссапар куәліктері (нұсқамалары) болса, күдіктілерді, айыпталушыларды және сотталғандарды айдауылмен алып жүруді жүзеге асыратын құқық қорғау органдарының қызметкерлері;
21) мемлекеттердің ресми мемлекеттік және үкіметтік делегацияларының мүшелері және оларды ертіп жүретін адамдар;
22) қызметтік куәліктері (ұйымдар басшылығы мен (жергілікті атқарушы орган) куәландырған атаулы тізімдері) болса, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан трансшекаралық құрылыстарға қызмет көрсететін қызметкерлер;
23) Қазақстан Республикасының халықаралық әуежайларына мәжбүрлі (төтенше) қонған әуе кемелерінің жолаушылары;
24) Қазақстан Республикасының халықаралық теңіз порттарына мәжбүрлі (төтенше) кірген теңіз кемелерінің жолаушылары;
25) егер бұл Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделсе, іздестіру-құтқару операцияларына байланысты Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өтетін адамдар;
26) Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының шақыруы бойынша гуманитарлық миссияларға қатысу немесе төтенше жағдайлардың салдарын жою үшін келген адамдар;
27) шұғыл медициналық көмек көрсету мақсатында Қазақстан Республикасына келетін медициналық көмек бригадасының құрамындағы медицина ұйымдарының қызметкерлері;
28) халықаралық қатынаста жүк тасымалдауды жүзеге асыратын жүк көлік құралдарының (тіркемені қоса алғанда, рұқсат етілген жалпы салмағы 6 тоннадан асатын немесе тіркемені қоса алғанда, рұқсат етілген пайдалы жүктеме 3,5 тоннадан асатын) жүргізушілері, жолаушыларды халықаралық тасымалдауды жүзеге асыратын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен жүріп өтетін автобус жүргізушілері (жүргізушінің орнын қоспағанда, отыратын орындары 12-ден асатын);
29) жерлеу үшін қайтыс болған адамдардың мәйіттерін алып жүретін, оның ішінде транзитпен өтетін адамдар босатылады.
Қосымша ақпарат
QazETA рұқсатының болуы Қазақстанға кіруге автоматты түрде кепілдік бермейді. Қазақстан Республикасының шекара органдары заңнамада көзделген өзге де негіздер бойынша елге кіруден бас тарту құқығын сақтайды.
Электрондық рұқсатты рәсімдеу шетел азаматтарын Қазақстанға кіру және ел аумағында болуға қатысты өзге талаптарды сақтау міндетінен босатпайды.
Ресми сайт:
https://qazeta.kz
ETA рәсімдеу парақшасы:
https://qazeta.kz/ru/eta
Техникалық қолдау қызметі:
support@qazeta.kz
27 қараша 2026
27 қараша 2026