"Петицияларды тіркеу және есепке алу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2023 жылғы 6 желтоқсандағы № 490 бұйрық
Петицияларды тіркеу және есепке алу қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі
90-4-бабының үшінші бөлігіне сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
- Қоса беріліп отырған Петицияларды тіркеу және есепке алу қағидалары бекітілсін.
- Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мемлекет пен қоғам коммуникацияларын дамыту департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
- Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министріне жүктелсін.
- Осы бұйрық 2024 жылғы 4 сәуірден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
|
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі |
|
А. Балаева |
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Бас прокуратурасы
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар және
аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі
Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі
________ облысының/қаласының Әділет департаменті
Нормативтік құқықтық акті 07.12.2023
Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік
тіркеудің тізіліміне № 33734 болып енгізілді
|
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі 2023 жылғы 6 желтоқсандағы № 490-НҚ |
|
бұйрықпен бекітілген |
Петицияларды тіркеу және есепке алу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
- Осы Петицияларды тіркеу және есепке алу қағидалары
(бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі (бұдан әрі – Кодекс) 90-4-бабының үшінші бөлігіне сәйкес әзірленді және «Электрондық жолданымдар» ақпараттық-талдау жүйесі арқылы субъектілерге келіп түсетін петицияларды тіркеу және есепке алу тәртібін айқындайды. - Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) арыз иесі – Кодексте белгіленген тәртіппен петицияны берген Қазақстан Республикасының азаматы;
2) петиция – мемлекеттік органға, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органға электрондық құжат нысанында жіберілген және Кодексте белгіленген тәртіппен қаралатын ұжымдық хабар, үн қосу немесе ұсыныс;
3) субъект – олардың құзыретіне сәйкес петицияларды қарау жөніндегі өкілеттіктер берілген мемлекеттік орган, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы орган;
4) уәкілетті орган – мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган;
5) «Электрондық жолданымдар» ақпараттық-талдау жүйесі – арыз иесі сол арқылы петицияны беретін ақпарат жүйесі.
2-тарау. Петицияны тіркеу тәртібі
- Субъектінің атына келіп түскен петиция «Электрондық жолданымдар» ақпараттық-талдау жүйесінің «Е-петиция» модулінде тіркелуге тиіс.
- Петицияны тіркеу субъектіге келіп түскеннен кейін бір жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
- Петицияның тіркеу нөмірі бастапқы тіркеу кезінде тұтас тәртіппен тек бір рет беріледі және әріптік индекстен, сондай-ақ бірегей нөмірден тұрады.
- Петиция үшін «П» әріптік индексі беріледі.
- Бірегей нөмірде алғашқы төрт сан тіркелген жылды, келесі сегіз цифр реттік нөмірді білдіреді.
- «Е-петиция» модулінде петицияны тіркегеннен кейін арыз иесіне петицияның бірегей нөмірін қамтитын хабарлама жіберіледі.
3-тарау. Петицияны есепке алу тәртібі
- Тіркелген петицияларды есепке алу, сондай-ақ статистикалық ақпаратты қалыптастыру «Электрондық жолданымдар» ақпараттық-талдау жүйесінің «Е-петиция» модулінде автоматты түрде жүзеге асырылады
- Петициялар туралы мынадай мәліметтер міндетті есепке алынуға жатады:
1) тіркеу нөмірі;
2) тіркелген күні;
3) арыз иесінің тегі, аты, әкесінің аты (бар болған кезде);
4) петицияның нысанасы;
5) петицияны беру нысаны;
6) петицияны қарау мерзімі;
7) петицияны қарайтын субъект;
8) петицияны қарау нәтижелері бойынша қабылданған шешім.
Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі
________ облысының/қаласының Әділет департаменті
Нормативтік құқықтық акті 07.12.2023
Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік
тіркеудің тізіліміне № 33734 болып енгізілді
36
07 желтоқсан 2023 11:25
07 желтоқсан 2023