Әлемдік тәжірибе: әлеуметтік қолдау шаралары барған сайын мұқтаждық деңгейін ескере отырып көрсетілуде.

Әлемдік тәжірибе: әлеуметтік қолдау шаралары барған сайын мұқтаждық деңгейін ескере отырып көрсетілуде.

Әлемдік тәжірибеде әлеуметтік қолдаудың атаулылық қағидаты кеңінен қолданылуда. Бұл жекелеген көмек түрлерін тағайындау кезінде азаматтың немесе отбасының материалдық жағдайын ескеруді білдіреді. Мұндай тәсілдің негізгі мақсаты – заңнамада белгіленген өлшемшарттарды ескере отырып, мемлекеттік көмекті оған шын мәнінде мұқтаж азаматтарға көрсету.

 

Мұқтаждықты бағалау тетіктері әр елде әртүрлі. Кейбір мемлекеттерде жәрдемақы алуға құқықты айқындау кезінде отбасының табысы мен мүліктік жағдайы тікелей ескеріледі. Басқа елдерде төлем мөлшері табыс деңгейіне байланысты белгіленіп, табыс өскен сайын біртіндеп азаюы мүмкін.

 

Мұндай тәсілдер Қазақстанға жақын елдерде де қолданылады.

 

Ресейде балалы отбасыларға бірыңғай жәрдемақы тағайындау кезінде отбасының табысы мен мүліктік жағдайын қоса алғанда, мұқтаждықты кешенді бағалау жүргізіледі.

 

Қырғызстанда «үй-бүлөгө көмөк» жәрдемақысы балалары бар аз қамтылған отбасыларға отбасының жиынтық табысын ескере отырып тағайындалады. 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап елде мұқтаждықты айқындау кезінде атаулылық өлшемшарттары да кеңейтілді.

 

Өзбекстанда мұқтаждықты бағалау әлеуметтік қорғау жүйесі шеңберінде жүргізіледі және азаматтардың тиісті әлеуметтік қолдау шараларына құқықтарын айқындау кезінде қолданылады.

 

Қазақстанда да атаулылық қағидаты әлеуметтік саясаттың негізгі құралдарының бірі болып табылады. Атап айтқанда, атаулы әлеуметтік көмек табысы белгіленген кедейлік шегінен төмен отбасыларға көрсетіледі, ал оның мөлшері отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы мен кедейлік шегінің арасындағы айырма негізінде айқындалады.

 

Сонымен қатар Қазақстанның әлеуметтік саясаты мемлекеттік төлемдер мен жәрдемақылардың кең ауқымын қамтиды.

 

Материалдық жағдайды бағалау тәжірибесі басқа елдерде де қолданылады. Мысалы, Ұлыбританияда Universal Credit әмбебап кредитін тағайындау кезінде отбасының табысы, жинақтары мен инвестициялары ескеріледі. Капиталдың белгілі бір деңгейіне жеткен кезде төлем мөлшері азаяды, ал белгіленген шектен асқан жағдайда төлем алу құқығы тоқтатылады.

 

Австралияда бірқатар әлеуметтік төлемдер үшін табыс пен мүлікке қатысты талаптар қатар қолданылады. Мысалы, JobSeeker Payment төлемін тағайындау кезінде алушының және оның жұбайының немесе серігінің табыстары мен активтері ескеріледі.

 

Осылайша, халықаралық тәжірибе әлеуметтік қолдаудың атаулылығы әлеуметтік саясаттың кең таралған құралы екенін және оның әр елде ұлттық заңнама мен ерекшеліктерге сәйкес әртүрлі нысандарда қолданылатынын көрсетеді.

 

Бұл ретте азаматтарды әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету маңызды басымдық болып қала береді. Халықаралық еңбек ұйымының деректеріне сәйкес, әлемде 4 миллиардтан астам адам әлеуметтік қорғаудың ешбір түрімен қамтылмаған, ал жұмыссыздық бойынша жәрдемақыны жұмыссыздардың бестен бірінен азы алады.

 

Қазақстан әлеуметтік қорғау жүйесін кезең-кезеңімен дамытып, заңнамада көзделген мемлекеттік кепілдіктерді сақтауда. Әлеуметтік қолдау тәсілдерін жетілдіру оның атаулылығын, тиімділігін және мемлекеттік ресурстардың әділ бөлінуін арттыруға бағытталған. Бұл ретте көмек бірінші кезекте оған объективті түрде мұқтаж азаматтар мен отбасыларға жетуі тиіс.