Мүгедектігі бар адамдарға қандай әлеуметтік төлемдер қарастырылған?
1. Мүгедектігі бар адамдарға қандай әлеуметтік төлемдер қарастырылған?
Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдаудың бірнеше деңгейі бар. Оларға мемлекеттік жәрдемақылар, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдер және еңбек жарақаты немесе кәсіптік ауруға байланысты сақтандыру төлемдері жатады.
Төлемнің түрі мен мөлшері мүгедектіктің себебіне, әлеуметтік аударымдардың жүргізілуіне және заңнамада көзделген талаптарға қарай анықталады.
2. Жәрдемақы мөлшері мүгедектік тобына қарай қалай белгіленеді?
Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшері мүгедектік тобы мен оның белгілену себебіне қарай анықталады. Жалпы ауруға байланысты мүгедектігі бар адамдарға ай сайын I топ бойынша 111 873 теңге, II топ бойынша 89 498 теңге, III топ бойынша 61 022 теңге төленеді.
Сонымен бірге, I топтағы мүгедектігі бар адамдарға және 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға күтім жасайтын азаматтарға жеке мемлекеттік жәрдемақы қарастырылған.
3. Қанша адам мүгедектік бойынша мемлекеттік жәрдемақы алады?
Қазіргі таңда 544 мыңнан астам мүгедектігі бар адам мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақымен қамтылған. Бұдан бөлек, азаматтардың өмірлік жағдайына қарай әлеуметтік төлемдер мен зейнетақының басқа да түрлері қарастырылған.
4. Мүгедектік бойынша төлемдерді қалай алуға болады?
Мүгедектік бойынша төлемдерді ХҚКО, eGov.kz порталы арқылы немесе проактивті форматта алуға болады.
Проактивті форматта мүгедектік белгіленгеннен кейін азаматқа жәрдемақы тағайындауға келісім беру туралы SMS-хабарлама жіберіледі. Төлемді алу үшін хабарламаға жауап беріп, келісімін растау жеткілікті.
Қажетті мәліметтердің басым бөлігі мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алынады. Бұл азаматтардың жеке жүгінуін және құжат жинау қажеттілігін барынша азайтуға мүмкіндік береді