#тіл

КӨЗГЕ КӨРІНБЕЙТІН "ОҚЫТУШЫЛАР"
КӨЗГЕ КӨРІНБЕЙТІН "ОҚЫТУШЫЛАР"

…Баяғыдай тіл үйрену үшін том-том кітап арқалап жүретін немесе оқытушының алдында қаздиып отырып, қазіргі тілмен айтқанда офлайн сабақ алатын заман өтіп барады. Олардың орнын ақпараттық порталдар, сайттар мен мобильдік қосымшалар басып келеді. Яғни, тіл үйренуге құлықты адам керегін интернеттен оп-оңай тауып ала қоятындай жағдай туғызуымыз керек.
Соңғы жылдарда азаматтардың тілді оқып, үйренудегі заманауи сұранысын қанағаттандыру мақсатында ҚР Білім және ғылым министрлігі Тіл комитеті осындай 11 ІТ өнім әзірледі. Күн санап қаралымы артып келеді. Әрине, ондай аса қажетті дүниенің бар екендігінен біраз жұрт бейхабар болуы да мүмкін. Сондықтан бұл өнімдер кімге не береді, қайдан тауып, қалай пайдалануға болады деген сұрақтарға жауап бергенді жөн көрдік.
https://tilqural.kz — қазақ тілін өздігінше меңгеруге арналған портал;
https://emle.kz — емле ережелерінің дұрыс түзіліп, нормаланған нұсқалары берілген, сауатты дұрыс жазу тәртібі, дұрыс айту және ресми құжаттарда тыныс белгілерін дұрыс қою тәртіптері көрсетілген орфографиялық электрондық база;
https://tilmedia.kz — қазақ тілін өздігінше меңгеруге арналған портал;
https://balatili.kz — балаларға арналған қазақтілді танымдық сайт;
https://abai.institute – шетелдегі қандастарға қазақ тілін оқыту бойынша портал;
https://termincom.kz — ҚР Үкіметі жанындағы Республикалық терминологиялық комиссиясының базасы;
https://tilalemi.kz — тіл саясатын жүзеге асыру саласындағы жаңалықтар, лингвист ғалымдардың мақалалары, республикалық шаралардың ережелері және т.б. тоғыстырылған портал;
https://sozdikqor.kz — әртүрлі салалық сөздіктер мен энциклопедиялардағы сөздер мен тұрақты сөз тіркестерін, қазақ тіліндегі көне сөздерді, кірме сөздерді, аймақтық және ақпараттық технологиялардың даму кезеңіндегі жаңа технологиялық сөздердің мағынасын көруге мүмкіндік беретін платформа;
https://qazcorpora.kz — мəтіндерді электронды түрде жинауға негізделген ақпараттық-анықтамалық жүйе;
https://qujat.kz — барлық сала құжаттарының қазақша үлгісі мен қатесіз толтыру нұсқаулығы берілген сайт;
https://atau.kz — республика аумағындағы көше, мәдени мекемелер мен түрлі нысандарға берілген атаулар жинақталған электрондық база;
https://qazlatyn.kz/сайт — латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиін насихаттауға бағытталған ұлттық портал;
https://qazlatyn.kz/конвертер — кирилл графикасынан қазақ тілінің латыннегізді әліпбиіне жылдам көшіруге мүмкіндік беретін платформа;
https://tilqazyna.kz — тіл саясаты мәселелеріне қатысты танымдық сайт.
Порталдарды Android, iOS платформалары арқылы жүктеп алуға болады.
Порталдардың танымалдылығы тез артып келе жатқанын жоғарыда айтып өттім.
Былтырғы жылы балабақша, мектеп, жоғары оқу орындарының 20 мыңнан аса оқытушылары мен әдіскерлеріне аталған порталдардың таныстырылымы өткізілді. Пайдаланушылар санының күрт артуына осы таныстырылымның себі тигені анық.
Енді жоғары оқу орындары құнды контентті оқу процесіне қосымша әдістемелік құрал ретінде енгізіп, ресми сайттарына орналастыруда. Бүгінде порталдарды мекемелерінің ресми сайттарының басты парақшасына орналастырған білім ошақтарының саны 30-ға жуықтап қалды.
Мәселен Т.Қ.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясы порталдарды сынақтан өткізіп, қазақ тілі, кәсіби қазақ тілі, қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы, философия, мәдениеттану, шет тілі, кәсіби бағытталған шет тілі пәндері бойынша оқу процесіне бейімдеп енгізуде.
Қарағанды индустриалды университеті сайттарды оқу және ғылыми процесте пайдаланып, студенттерді «Серпін» бағдарламасы шеңберінде оқыту кезінде және 1 курс студенттеріне қазақ тілін оқыту барысында пайдалану үстінде.
Бүгінгі күні аталмыш мекеме «Termincom.kz», «Sozdikqor.kz» порталдарын «Мемлекеттік тілде іс жүргізу», «Еңбек экономикасы», «Өндірісті ұйымдастыру және жоспарлау», «Коммутациялық жабықтар» және т.б. пәндерге бейімдеу жұмыстарын жүргізуде.
Жалпы оқу процесіне жұртшылықтың тіл мәдениетін көтеру, қазіргі заманғы ғылым, білім, техника және экономика, қоғамдық-әлеуметтік бағыттар бойынша салааралық терминдерді біріздендіру, табиғи тілдік ресурстарды жинау, қалыпқа келтіру, ақпараттық технологиялардың даму кезеңіндегі жаңа технологиялық сөздердің мағынасымен танысу мақсатында құрылған «Sozdikqor.kz», «Emle.kz», «Termincom.kz» сайттарын оқу процесіне бейімдеп енгізуден ұтарымыз көп.
Былтыр қазақ тілі ұлттық корпусының публицистикалық мәтіндерінің кіші корпусы қолданысқа енгізілген болатын. Аталмыш жобаны «Qazcorpora.kz» сайтынан көріп, қолдана аласыз.
Аталған қолданыстағы IT өнімдер мемлекеттік органдардың интернет порталына (ИПГО), Қазақстан Республикасы бойынша бірыңғай білім беру порталы «kundelik.kz»-ке, орталық атқарушы органдардың (барлығы 32 мекеме) gov.kz ресми парақшаларына, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен ҚР Жоғарғы сотының, 30-ға жуық жоғары оқу орындарының, ҚР Ұлттық кітапханасы мен Әл-Фараби атындағы кітапхананың сайттарына орналастырылды.
… Қым-қуыт заман. Асыққан адам. Келе-келе тілді оқытушының алдына барып үйренетіндерден гөрі, құлақүншені (наушник) киіп алып, телефоннан тіл үйретуші порталдың сабақтарын қосып қойып, автобуста бара жатып, жұмыстан келе жатып, үйде ас даярлап жүріп үйрену дағдыға айналатын түрі бар. Сол кезде бұл порталдардың көзге көрінбейтін оқытушылар рөлін атқарары анық.

Новости
Дата публикации: 09.02.2022
ПОЛЬШАДА ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТЫП, ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮРІМІЗДІ НАСИХАТТАП ЖҮРГЕН ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ
ПОЛЬШАДА ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТЫП, ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮРІМІЗДІ НАСИХАТТАП ЖҮРГЕН ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ

Польшадағы Адам Мицкевич атын­дағы Познань университеті­нің профессоры Гүлайхан Ақтай – Еуропа уни­­­верситеттерінде қазақ тілін оқыту үшін шақырту алған алғашқы лек­торлардың бірі. Факультет іші­нен қазақтану бөлімін ашып, қа­зақ-поляк сөздігін құрас­ты­рып шығарған білікті ма­ман поляктардың қазақ тілін үйренуге деген құлшынысы мол екенін айтады. Шетел­де қазақ тілінің насихат­талуы үшін қолымнан кел­генше жұмыс істеймін деп, ауқым­ды жоспар құрып отыр­ған Гүлайханға хабар­ласып, әңгімелескен едік.

– Халықаралық қазақ-түрік уни­вер­ситетінде жұмыс істеп жүргеніңізде қа­зақ тілі сабақтарының оқытылу әді­сін ұнатқан еуропалық ғалым сізді По­ль­шаға шақырған деседі. Солай ма?

– Солай. Жалпы, өзім Түркістан облы­сы­на қарасты Мақтаарал ауданының тума­сы­мын. Ұстазым Бижан Оразымбетов са­бақ­ты қызықты өткізіп қана қоймай, са­бақ­тан тыс уақытта да бағыт-бағдар беріп, тіл са­ласының маманы болуыма септігін ти­гізді. Десек те, бірінші жылы әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ-ге оқуға түсе алмай қал­дым, тіпті өз шығармамды тексеру үшін апелляцияға да бердім. Бірақ бұдан ештеңе өн­беген соң, бір жыл жұмыс істеп, келесі жы­лы қалай болғанда да филолог боламын деп Қыздар педагогикалық институтына оқуға түстім. Біз топта бес-алты қыз күні-түні кітапханадан шықпай, сабақты үздік оқып, оқуды қызыл дипломға бітірдік. Дип­лом жұмысын қорғайтын кезде комиссия қа­тарында отырған академик Сейіт Қас­қабасов бізді ауылға жібермей, қалада алып қалу керек екенін, жастарға осындай жа­лын­дап тұрған мамандар тіл үйрету қажет­тігін айтып, ауылға барып, ата-анамызға дипломымызды көрсетіп, қалаға қайта келуі­мізді сұрады. Бірақ әкем ата-анасыз өс­кен­діктен балаларының қасында болға­нын қалап, Алматыға жібергісі келмеді. Сөй­тіп, үлкендердің сөзінен аттап кете ал­маған мен ғылым жолын қуамын деп, құрыл­ғанына аз ғана жыл болған Ясауи атын­дағы халықаралық қазақ-түрік уни­верситетінің аспирантурасына оқуға түс­тім. Оны бітірген соң, тіл үйрету орталы­ғын­да оқытушылық жұмысқа тұрдым. Бір кү­ні сабаққа келсем әріптестерім оқу ор­ны­мызға Еуропадан арнайы қонақ келгенін, оның қазақ тілінің қалай үйретілетінін, са­бақтардың қалай жүретінін білу мақ­са­тында келгенін айтып, улап-шулап жүр. Сөйтсек, шығыстанушы, түркітанушы Адам Мицкевич атындағы Познань универ­си­тетінің профессоры Хенрик Янковски Қа­зақстанның түкпір-түкпірін аралап, әр өңір­дегі қазақ тілін оқыту әдістемелерін зерт­теп жүр екен. Арада екі жыл өтер-өтпес уа­қытта Познань университетінің өкілдері біз­дегі оқу жүйесін ұнатып, қазақ тілінің ма­маны қажет екенін айтып, ресми хат жол­дайды. Сөйтіп, орталық басшылығы мені таңдап, екі университет арасындағы ке­лі­сімшарт негізінде 2002 жылдың қыр­күйек айының жиырмаларында Польша­ның Познань қаласына қазақ тілі пәні бойынша оқытушы ретінде жұмысқа тұр­дым.

– Познань университетінің оқу бағ­дар­ламасына қазақ тілі пәнін енгізу про­фессор Хенрик Янковскидің идея­сы ғой сонда?

– Иә. Жалпы, бір мамандық ашу үшін ке­мінде бес-алты жыл дайындық жұмыс­тарын жүргізу керек. Профессор түркология бойынша бағдарлама жасақталып, оған қан­дай пән енгізілетінін жоспарлап жүрген кез­де Қазақстанға келіп, арнайы зерттеу жүр­гізген. Университеттен түркология фа­культетін ашуды мақсат етіп жүрген про­фессор оғыз тілдеріне кіретін түрік тілімен қа­тар, қыпшақ тілдері арасынан да бір тілді таңдау керек деп, таңдауы қазақ тіліне түс­кен. Зерттеу жүргізу барысында қазақ тіліне де­ген құштарлығы оянып, ана тіліміздің сон­шалықты бай екеніне көз жеткізген ол түр­кологтар түрік тілінен басқа тағы бір
тіл – қазақ тілін білуі керек деп, оқу бағ­дар­ламасына пән ретінде енгізуді көздеген.

–Факультетте қазақтану бөлімінің ашылуы­на мұрындық болыпсыз. Кейін түсінгенімдей, бұл бөлім жабы­лып қалған секілді…

– Иә, осында жұмысқа тұрғалы бері сол мақ­сатты көздеп, ақыры 2009 жылы Қазақ­тану бөлімі ашылды. Сол кезде «Жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың үні шықпас» де­­гендей, асықпай, үнсіз жүріп те біраз жұмыстың бетін қайыруға болатынына кө­зім жетті. Қазақтану бөлімінде өте көп шаруалар атқарылды: қазақ тілі мен әде­биеті туралы ғылыми еңбектер жазылып, ғы­лыми конференциялар өткізілді, көп­теген ғылыми еңбектер жарыққа шықты. Ғылыми еңбек демекші, әр оқулық шыққан сайын ең алдымен Қазақстанға, соның ішін­де ұлттық кітапхана мен А.Байтұр­сын­ұлы атындағы тіл білімі институтына жіберіп отырамын. Одан бөлек, қазақтілді оқулықтар әзірлеп, қазақ-поляк сөздігін құрас­тырып шығардық. Әдепкіде оқулық­тар мен сөздіктер жеткіліксіз болды. Сту­денттер алдымен поляк тілінен орысшаға, сосын орыс тілінен қазақшаға аударып жүр­ді. Ескіріп қалған қазақ-ағылшын сөз­дігі болды, бірақ оны пайдалану мүмкін емес еді. Сөйтіп, 2002-2011 жылдар ара­лы­ғында сөздікті әзірлеп шығардық. Бұл тек сөз­дердің аудармасы ғана емес, ішінде түрлі мы­салдар мен түсініктемелер берілген, сон­дай-ақ грамматика ережелері кіріктірілген. Со­дан не керек, он жылдығымызды атап өте­міз деп жүрген кезде 2019 жылы Поль­ша­­ның білім жүйесіне енгізілген құры­лым­дық өзгерістер себебінен қазақтану бөлімі жабылып қалды. Он жылдық мерейтойды атап өте алмасақ та, осындай бөлімнің бол­ғаны ұмыт қалмасын деген мақсатпен 2020 жылы «Қазақтану бөлімінің он жылдығына арналған жинақты» жарыққа шығардық. Десек те, біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Біз­дің университетте жалпы саны қырық төрт­тен астам тіл оқытылады. Мен бака­лав­риат бөліміндегі студенттерге қазақ тілі, қа­зақ тілінің грамматикасы, Орта Азия қо­ғамы, кәсіби қазақ тілі секілді сабақтар жүр­гіземін. Ал магистранттарға биылдан бастап жаңадан ашылған қазақ тіл білімі мен Орта Азиядағы тілдік байланыстар курс­тарынан дәріс бермекпін. Жоғарыда мен айтып өткен өзгерістерге байланысты көп тілдің оқытылу жүйесі қайта қарас­тырыл­ды. Бір бөлім ашу үшін оқытушылық құрамда кемінде үш доктор болуы керек де­ген секілді университеттің ішкі нор­ма­тивті қағидалары бар. Осы және өзге де шарт­тарға сай болып, болашақта Қазақтану бө­лімін қайта жандандырсақ деген жос­пары­мыз бар.

– Бір сұхбатыңызда 2002 жылдары сту­денттердің қазақ тілін үйренуге де­ген құлшынысының жоғары бол­ға­нын, алайда Қазақстаннан келген түр­лі деңгейдегі шенеуніктердің орыс ті­­­лінде сөйлеуі олардың қарқынын бә­сеңдетіп тастағанын айтыпсыз. Қа­зір бұл жағдай өзгерді ме?

– Ал сіз қалай ойлайсыз, қазақ тілінің қол­­данылу аясы 2000 жылдармен салыс­тыр­ғанда өзгерді ме? Мен сол сұхбатта қа­лай айтсам, қазір де сол ойдамын. Тіпті Қа­зақстанның өзінде қазақ тілінің қол­данылу аясы тарылып барады. Алысқа бар­май-ақ, бүгін болған бір жайтты мысалға кел­тіре кетейінші. Жаңа ғана Қазақстан мен Польша өкілдерінің арасында онлайн форматта өткен форумға қатыстым. Оған бір ғана қазақ қатысты, қалғандары – өзге ұлт өкілдері болды. Форум кезінде пікір ал­масып жатқанда Қазақстанда тұратын өз­ге ұлт өкілдерінің бірі «Егер Қазақстанға ке­лемін дейтін болсаңыздар, орыс тілін бі­ліп келіңіздер» дейді. Бастапқыда «Бұл – ақыл­ға қонбайтын нәрсе ғой» деп ашуға бу­лығасың. Бірақ кейіннен оның айтқаны рас екенін амалсыз мойындауға тура келеді. Өздері Қа­зақ­станда өмір сүріп отырып, «орыс тілін біліп кел» деп тұрса, Қазақстанға барғанда орысша сөйлеп-ақ өздеріне керегін сұрай алатынын түсінген шетел азаматтары «Сон­да қазақ тілінің не кере­гі бар?» деп ойлауы әбден мүмкін ғой. Осы жайт жаныма қатты батты. Бірақ қан­ша ауыр болса да, бұл – шын­дық. Осын­дай­да Ахмет Байтұрсынұлы­ның көрегендігі таң­ғалдырады. Сонау жиырмасыншы ға­сыр­дың басында Ахаң «Егер­де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тіле­сек, қарнымыз аш­пас қамын ойла­ған­дай, тіліміздің де сақ­талу қамын қатар ой­лау керек» деп айтып кет­кен. Егер біз тек қар­нымыздың ашпауын ға­на ойласақ, біз­дің ұлт ретінде әлем сах­насынан лайық ор­нымызды алуымыз екі­та­лай. Бұған жо­ғарыда мен мысал келтірген өзге ұлт өкіл­дерін кінәлаудың қажеті жоқ, бар­лығына өзіміз кінәліміз. Көпке топырақ ша­шудан аулақпын, қазақ тілін насихаттау үшін мүл­де жұмыс істеліп жатқан жоқ деп айта ал­маймын, бірақ осылай баяу қар­қын­мен жұ­мыс істейтін болсақ, келесі отыз жыл­дан кейін де қазақ тіліне деген сұраныс осы күйін­де қалады. Сұраныс пен ұсыныс – бір-бірімен тығыз байланысты ұғым. Тілге сұраныс болса, ұсыныс та болады. Ал сұра­ныс болмаса, ұсыныс күтпеңіз. Демек тілге сұранысты арттыруға күш салуымыз қажет. Бекжан Тұрыстың «Ұлым саған айтамын» деген моноспектаклінде «Ертең елу жас ке­ліп, есігімді қаққанда еліме не деп есеп бере­мін?» дейтін тұсы бар. Сол секілді әр қа­зақ «Ертең ұрпағыма мен не деп жауап бере­мін?» деп, орысша шүлдірлеп жүрген бала-шағасының қазақ тілінде сөйлеуіне мүмкіндік жасап, дастарқан басында ана тілімізде сөйлеуді әдетке айналдырып, өз тіліміздің қолданылу аясын кеңейтуге үлес қосса екен.

– Шетелдегі лекторлар мажар­лар­дың қазақтармен туыс халық екенi та­­­рихтан белгiлi болғандықтан оларға қазақ тілін үйрену оңай дейді, ал қазақ тілі кәріс тілі секілді алтай тілдерінің то­бы­на кіретіндіктен корейлерге қа­зақ­ша сөйлеу қиындық тудырмайты­нын айтады. Ал поляктар бұл жайында не дейді?

– Негізі, Еуропада тіл үйренуге деген көз­қарас басқаша. Мысалы, поляктардың тү­сінігіне салсақ, сіз қанша тіл білсеңіз, мы­на әлем соншалық сізге жарқын көрінеді әрі жолыңыз ашық болады. Одан бөлек, олар әрбір тіл жаңа табыс көзі деп есеп­тей­ді. Олар арамыздағы кейбір қазақтар секіл­ді «басқа тілді үйрен де, өз тіліңді жайына қал­дыр» деген «ұстанымды» ұстанбайды. По­ляк­тардың өз тілі мен тарихына деген құр­меті ерекше. Кейде «Әттең-ай, бізде де осын­дай құрмет болсайшы» деп арман­дай­мын. Бүгін өткен форумнан тағы бір мысал ай­тайын. Форум кезінде техникалық ақаулықтар себебінен поляктардың сөйлеген сөзі естілмей қалып, орыс тіліндегі синхронды аударма ғана естіліп тұрды. Сонда поляктар «біздікілердің сөйлегені естіл­мей жатыр» деп, барлығы реттелгенше тыным таппай кетті. Әйтпесе, олар орыс тілін білмейді емес, біледі. Тілге деген құр­метін осыдан-ақ аңғара беріңіз. Жоғарыда айтып өткенімдей, студенттер бастапқыда қазақ тілін үйренуді табыс көзі деп қара­ғандықтан ерекше қызығушылықпен үйренді. Бірақ технология дамыған заманда ешкімнен ештеңені жасыра алмайсың, олар қазақ тіліне деген сұраныс тіпті Қазақ­стан­ның өзінде төмен екенін, қазақ тілін мең­герген аудармашы маманның мардымды та­быс таба алмайтынын естіп-білді. Қазір олар қазақ тілін табыс көзі ретінде емес, білік­ті түрколог маман болу үшін үйреніп жүр. Әсіресе, түркі тілдерінде жазылған қол­жазбаларды түсіну үшін қазақ тілінің пай­дасы зор екенін біледі. Жалпы, поляк хал­қы – қазақтар секілді өте қабілетті ха­лық. Жұмыста бірнеше ұлт өкілдерімен жұ­мыс істедім, салыстыра келе, олардың ішінде поляктардың кез келген тілді тез меңгеріп, аз уақыттың ішінде емін-еркін сөйлей алатын қабілетіне тәнті болдым. Айта кетерлігі, олар қазақ тілін түрік тілі­мен салыстырып отырып оқиды. Жал­пы, түркі тілдерін енді үйреніп жүрген студенттерге түрік тілінде сөйлеу әлдеқайда оңай. Қазақ тілінде дыбыс үндестігіне қа­рай көптік жалғаудың лар, лер, дар, дер, тар, тер секілді алты нұсқасы болса, түрік тілін­де лар, лер жалғаулары ғана қолданылады. Сосын түріктерге «Meraba, nasılsın?» десеңіз, олар «Ой, жаным, күнім, қандай керемет жансың, саған қандай көмек керек?» деп жаныңа жылу беретін сөздер айтып, өзіне баурап алады. Ал бізге сұрақ қойса, «Жақсы, сен қазақ тілін не үшін оқып жүрсің?» деп, тіке айта саламыз ғой (күліп). Сол себепті алды­мен түрік тілін меңгерген оларға қазақ тілін үйрену оңайға соғады. Сосын сабақ­тардың көпшілігі салт-дәстүрімізбен сабақ­тастырылып оқытылатындықтан, біздің мә­дениетке, салт-дәстүрімізге қызығушы­лық танытып жатады. Әсіресе, шілдехана, бесікке салу секілді дүниелерді оқу кезінде олардың көздері оттай жанып, ерекше ықы­ласпен тыңдап отырғанын байқап, іш­тей қуанасың, жаның жадырап, көңіл күйің көтеріліп сала береді. Арагідік студент­тердің қоятын сұрақтарын естіп, кейде өзің де ойға шомып кетесің. Танысу барысында ең алдымен руын сұраймыз, руымыз бір болып шықса, туысқандай көріп, бауыр тартып, араласатынымызды айтып жатсаң, «Қалай сонда? Қыз бен жігіт руын сұрамай тұрып, бір-біріне бір көргеннен ғашық бо­лып қалса ше?» деп сұрайды. Жеті атаға дейін қыз алыспайтын салтымыз жайлы әңгімелеп жатқанда олардың таң-тамаша қалғанын байқайсың.

– Факультетте сізден басқа қазақ тілі­нен сабақ беретін поляк маманы бар екен. Жоғарыда қазақтану бөлімін ашу үшін кемі үш доктор болу керек еке­нін айтып қалдыңыз. Үшінші ма­ман­ды Қазақстаннан шақырасыздар ма әлде?

– Қуантарлығы сол, университетте қа­зақ тілінің мамандары көбейіп, аямыз кеңейіп жатыр. Бастапқыда менен басқа қазақшаға судай Король Войчехович есімді азамат сабақ берген. Қазір оның орнына келген түркология бөлімінің түлегі, менің шәкіртім, Қазақстанның Ата Заңы туралы ма­гистрлік жұмыс жазған Якуб Якусик де­ген оқытушы біраз уақыттан бері бірінші курс студенттеріне қазақ тілінің грам­ма­тикасы, практикалық қазақ тілі, сондай-ақ Орта Азия мәдениеті секілді сабақтарды жүргізіп жүр. Сосын жуырда тағы бір тіл ма­маны қатарымызға қосылуы әбден ық­тимал. Осылайша, қазақтану бөлімін қайта ашу үшін қазақ тілін насихаттау мақса­тын­да қолымыздан келгенше жұмыс істеп жүрміз. Осы ретте бір ұсыныс айтқым келеді, бізге түріктердің Yunus Emre атын­дағы орталығы, поляктардың Мицкевич орталығы секілді Ахмет Байтұрсынұлы атын­дағы институт ашу керек. Негізгі кең­сесі Қазақстанда ашылып, сосын шетел­дерде филиалдары жұмыс істесе, қолдан келген көмегімізді аянып қалмай, тынбай жұмыс істеуге әзірміз. Осындай бір орталық немесе институт ашылып, шетелде қазақ тілі мен тарихын, мәдениеті мен әдебиетін оқы­тып жүрген азаматтардың басы бірігіп, орт­ақ іс-шаралар атқарылса ғана еңбегіміз же­місті болмақ.

https://turkystan.kz/article/155732-155732/

Мерзімді БАҚ
Дата публикации: 24.09.2021
"ҚАЗАҚ ТІЛІ СӘНГЕ АЙНАЛЫП ЖАТЫР". ПОЛИЛИНГВИСТ ТӨЛЕУ АЙМАҒАНБЕТОВАДАН КЕҢЕСТЕР
"ҚАЗАҚ ТІЛІ СӘНГЕ АЙНАЛЫП ЖАТЫР". ПОЛИЛИНГВИСТ ТӨЛЕУ АЙМАҒАНБЕТОВАДАН КЕҢЕСТЕР

2021 жыл болса да, қазақ тілін үйренудегі қиындықтар туралы пікірталас әлі де өзекті. Неге? Қазақ тілін үйренуде нені ескеру керек? Бұл сұраққа I-BALAQAI шығарылымында 50 жылдық тәжірибесі бар полилингвист, лингвокоуч, инновациялық әдістемелердің авторы Төлеу Аймағанбетова жауап берді. Tengrinews.kz тілшісі сұхбаттан үзінді дайындады.

Төлеу Аймағанбетованың айтуынша, қазақ тілін үйрену трендке айналды.

"Қазақ тілі сәнге айналып жатыр. Бұл - өте жағымды, қолдайтын, жақсы үрдіс. Қазір қазақша үйрену трендке айналды, бұл, шын мәнінде, қатты қуантады. 

Біздің республикамызға биыл 30 жыл толады. Егер тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде көшеде тек орысша сөйлейтіндерді көрсек, қазір көшеде жүргенде, бұл тілдік фон өзгергенін байқайсыз. Бұл нені білдіреді? Яғни тіл дамып келеді. Адамдар оны үйреніп жатыр", - дейді спикер.

Қонақтың айтуынша, қазақ тілін меңгеру баяу жүзеге асу қаупі бар.

"Қазақ тілі небір қиын кезеңнен өткен. Егер алғашында араб тілінде жазса, кейін латынға көшті. 1949 жылы кирилше меңгере бастадық. Көп жыл өткен соң, біз латын әліпбиіне ораламыз. Бірақ біз оралмаймыз. Жаңа латын әліпбиі енгізіледі. Егер халық қазақ тіліне көшсін десек, кеңсе жұмысын мемлекеттік тілге аударғымыз келсе, ең алдымен, тілді  шын мәнінде үйретуіміз керек. Ал енді бұған латын әліпбиі араласса, қандай  абракадабра болатынын түсінесіз бе? Бұл тағы да қазақ тілін меңгеруді баяулататынын білдіреді", - деп түсіндірді ол.

Баласына тіл үйренуге көмектескісі келетін ата-аналарға тіл маманы қандай кеңес береді?

  • Баланы қазақ сыныбына беріңіз.

Төлеу Аймағанбетова атап өткендей, егер бала бірінші сыныпқа барса, бұл нәтижелі болады.

  • Оқыту тілін өзгертпеңіз.

"Бұлай жасамаңыз. Егер оған бұл тілдер қажет болса, өмірде оған осы тілдерді меңгеру қажеттігі туындаса, ол меңгереді. Өйткені ол қазірдің өзінде өмірдегі жағдаяттардан мотивация алады", - деп түсіндірді қонақ.

  • Өзіңіз үлгі көрсетіңіз.

Маман қазақ тілінде көбірек сөйлеуге, үйренуге қолайлы орта жасауға кеңес береді. 

Қонақтың айтуынша, балаларға үйрету әдістемесімен айналысу қажет.

"Тіл өздігінен дамитынын ескеруіміз керек. Ғалымдар үш жасар балада 2500, тіпті 3000 сөзден тұратын сөз қоры жиналатынын есептеді. Ол оқи да, жаза да алмайды. Сонда сөйлеуді қалай үйренді? Ол есту арқылы білді. Тыңдау арқылы. Сөйлеудің 47 пайызы тыңдауға арналған".

Төлеу Аймағанбетова балаларға арналған әдістемемен қатар, мұғалімдер біліктілігін арттыру қажет екенін де атап өтті.

"Біз тәуелсіз мемлекет болғандықтан, мемлекеттік тіліміз болуы керек, демек, бұл курстарды жүргізуге бюджеттен көп мөлшерде қаржы бөлумен шектелмеуіміз қажет. Иә, көп нәрсе жасалып жатыр: әлем әдебиеті аударылып жатыр, кітаптар шығарылып жатыр. Бірақ бұл жерде, менің ойымша, мемлекеттік тілінде оқытатын мұғалімдердің біліктілігін көтеру мәселесі назардан тыс қалды. Белгілі бір мөлшерде мұғалімдерді заманауи әдіспен үйрету керек, оларға тереңдетілген әдіснамаларды меңгерту қажет. Содан кейін тілді үйренгісі келетін көпшілікке жіберу керек".

Эфир қонағы мұғалімнің жеке тәжірибесі тіл үйренуде маңызды фактор екенін айтты.

"Біз мұғалімдердің біліктілігін арттырғанда, екінші тілді меңгергендерді таңдап алуымыз керек, түсінесіз бе? Ол біреуге сабақ бергенде, өз тәжірибесіне сүйенеді.  Мұғалім оған мәліметті қай жолмен түсіндіру керегін жақсы біледі", - деді спикер.

Қазақ тілін орыс тілінде оқытуды алға тарту әдістемесінің ерекшелігі қандай?

"Мен орыс тілі мемлекеттік тілді енгізу құралы болуын жақтаймын. Неге? Өйткені 100 жыл бойы ел орыс тілінде сөйледі. Барлық мәліметті, білімнің барлық жиынтығын қазақ тілінде жеткізу мүмкін емес. Түсіндіру теориясын орыс тілінде беру керек, сосын оны қазақша қолдану керек" - дейді спикер.

Эфир бейнежазбасын және сұхбат үзінділерін I-BALAQAI YouTube арнасынан тамашалай аласыздар.

Жоба туралы толығырақ Instagram-дағы I-BALAQAI ресми парақшасынан қарай аласыздар.

Подкаст түрінде Anchor.FM , Яндекс.Музыке, сондай-ақ ВКонтакте әлеуметтік желісінен тыңдай аласыздар.

https://kaz.tengrinews.kz/kazakhstan_news/kazak-tl-sange-aynalyip-jatyir-polilingvist-toleu-327246/

Мерзімді БАҚ
Дата публикации: 17.09.2021
  • 1