«ЖерЗЖМИ» РМК

Қызмет

«Жерлерге зерттеп-қарау жұмыстарын жүргізу мемлекеттік институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны

         Бейінді кластерлік топырақ қызметін құру мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 1 қыркүйектегі № 755 Қаулысымен «Жерлерге зерттеп-қарау жұмыстарын жүргізу мемлекеттік институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны құрылған (ЖерЗЖМИ).

Кәсіпорын қызметінің мәні топырақ, геоботаникалық, агрохимиялық зерттеп-қарау және топырақты бағалау арқылы олардың экономикалық бағалауы мен жер мониторингін жүргізуді қамтитын жер сапасын бірыңғай есепке алу бөлігінде мемлекеттік жер кадастрын жүргізу болып табылады.

Кәсіпорын жердің мониторингін республиканың бүкіл аумағында бірыңғай жүйе бойынша жүргізеді және мынадай міндеттерді шешуге бағытталған: жер түрлерінің жай-күйін және жер қоры құрылымының өзгерістерін уақтылы анықтау, оларды бағалау, болжау және теріс процестердің салдарының алдын алу бойынша ұсынымдар әзірлеу; мемлекеттік жер кадастрын ақпараттық қамтамасыз ету, жерді ұтымды пайдалану, жерді пайдалану мен қорғауды бақылау.

Кәсіпорын жүзеге асыратын топырақ және геоботаникалық зерттеп-қараулар жердің мемлекеттік мониторингі, жерді мемлекеттік кадастрлық бағалау мақсатында, оның ішінде салық салу мақсаттары үшін, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің паспорттарын және бүлінген жерлерді қалпына келтіру жөніндегі жерді пайдалану мен қорғауға байланысты жобаларды жасау, жерді ұтымды пайдалану және табиғи және егістік жем-шөп алқаптарының өнімділігін арттыру жөнінде ұсынымдар әзірлеу мақсатында жүргізіледі. Бұл зерттеулер жерді тұрақты пайдалану стратегияларын әзірлеуге, табиғатқа теріс әсерді азайтуға, тыңайтқыштар мен агрохимикаттарды қолдануды оңтайландыруға және т. б. мүмкіндік береді.

 Топырақ карталары, жердің санаттары мен сыныптарының картограммалары, жем-шөп алқаптары үлгілерінің картограммалары, олардың мәдени-техникалық жай-күйінің картограммалары, жерді ұтымды пайдалану жөніндегі ұсынымдарды қамтитын түсіндірме жазбалары бар топырақты бағалау картограммалары түріндегі топырақ, геоботаникалық іздестіру және топырақты бағалау материалдары облыстық және аудандық әкімдіктердің жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органдарына одан әрі пайдалану және іс шаралар қабылдау үшін беріледі.

Мемлекеттік тапсырманы тиімді және жедел орындау үшін кәсіпорынның бүкіл ел бойынша өз ғимараттары бар, жоғарыда аталған жұмыстарды орындауда үлкен тәжірибесі бар жоғары білікті мамандары бар 15 филиалы бар.

Кәсіпорынның әрбір филиалына республиканың белгілі бір аумағы бекітілген оның шегінде филиал іздестіру жұмыстарын орындайды және жұмыстардың сапалы орындалуына жауапты болады.