«Елорда» мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубының аудит нәтижелері

Астана қаласы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті 2026 жылға арналған мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесі шеңберінде «Елорда» мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубында аудиторлық іс-шара өткізді.

Тексеру нәтижелері бойынша бюджет және өзге де заңнама талаптарының жалпы сомасы 7 млн теңгеге бұзылғаны анықталды, оның ішінде:

  • қаржылық бұзушылықтар – 0,7 млн теңге;
  • рәсімдік бұзушылықтар – 6,3 млн теңге.

Аудит барысында мекеме тарапынан өнім берушілер алдындағы өтелмеген кредиторлық берешек болғанына қарамастан, сыйлықақылар төлеу фактілері анықталды.

Сонымен қатар, еңбек міндеттеріне спортшыларға практикалық көмек көрсету көзделмеген қызметкерді іссапарға жіберу фактісі анықталды, соның салдарынан іссапар шығыстары негізсіз өтелген.

Осыған байланысты, Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдарын орындау шеңберінде ағымдағы жылы ҚР Туризм және спорт министрлігі спорт делегацияларын қалыптастырудың нормативін бекіткенін атап өткен жөн. Аталған норматив спортшыларды даярлау мен сүйемелдеуді тікелей қамтамасыз ететін мамандарды басым тәртіппен енгізуді көздейді. Қабылданған шара бюджет қаражатын жұмсаудың ашықтығын арттыруға және іссапарларға негізсіз шығындар тәуекелін азайтуға бағытталған.

Сондай-ақ мекеме қызметкерлеріне, оның ішінде жаттықтырушылар мен спортшылар болып табылмайтын қызметкерлерге спорттық киім-кешек беру және кейіннен оларды шығысқа есептен шығару фактілері анықталды.

Мемлекеттік сатып алу саласында мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды мемлекеттік сатып алу веб-порталына уақтылы орналастырмау фактілері анықталды.

Бұдан басқа, мекеме бір көзден тікелей шарт жасасу арқылы жүзеге асырылған мемлекеттік сатып алулар туралы есептерді мемлекеттік сатып алу веб-порталына орналастырмаған.

Аудит нәтижелері бойынша мекемеге анықталған бұзушылықтарды жою және бұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі мәселесін қарау туралы нұсқама жолданды.

Кәсіпорын жергілікті бюджет кірісіне 0,7 млн теңгені өтеді.

Жол берілген бұзушылықтар үшін 1 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, ал 3 жауапты тұлғаға ескерту түрінде тәртіптік жаза қолданылды.

Жарияланған күні

23 қазан 2026

Жаңарту күні

23 қазан 2026

Жарияланымның авторы
Қызмет бағыты