Жетісу облысында қаржылық есептілік аудиті барысында анықталған бұзушылықтар жойылды

Жетісу облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті «Жетісу облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы» мемлекеттік мекемесінің 2025 жылғы қаржылық есептілігіне мемлекеттік аудит жүргізді.

Аудит барысында бухгалтерлік есепті жүргізу кезінде бұзушылықтар, қаржылық есептілікті бұрмалау, сондай-ақ бюджет қаражатын негізсіз жұмсаудың жекелеген фактілері анықталды.

Атап айтқанда, сатуға арналған жасыл желектердің жалпы құны 170 066,9 мың теңге болатын қорлар бухгалтерлік есепте көрсетілмегені анықталды. Сонымен қатар жалақыны негізсіз төлеу, лауазымдарды қоса атқарғаны үшін қосымша ақы төлеу, қызметкерлермен есеп айырысу кезінде бұзушылықтарға жол беру және іссапар шығыстарын аудару фактілері анықталды.

Ведомстволық бағынысты орман шаруашылығы мекемелерінің бірінде жылдық қаржылық есептілікті жасау алдында негізгі құралдарға түгендеу жүргізілмегені анықталды. Сондай-ақ көлік құралдарын тексеру барысында автомобильдердің нақты сәйкестендіру деректері мен техникалық паспорттарда көрсетілген мәліметтер арасында сәйкессіздіктер анықталды.

Аудит нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылданды. Жылдық қаржылық есептілікте құны 170 066,9 мың теңге болатын қорлардың дұрыс көрсетілуі қамтамасыз етілді. Бұдан басқа, негізсіз аударылған жалпы сомасы 5 669,6 мың теңге бюджет қаражаты жергілікті бюджет кірісіне қайтарылды.

Осындай бұзушылықтардың алдағы уақытта қайталануына жол бермеу мақсатында Басқармаға ішкі бақылауды күшейту, бухгалтерлік есепті жүргізу және қаржылық есептілікті жасау кезінде заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ орман шаруашылықтарында отырғызу материалдарын өсіру мен өткізу есебін жетілдіру ұсынылды.

Жүргізілген мемлекеттік аудит қаржылық есептіліктің анықтығын қалпына келтіруге, бюджет қаражатын қайтаруға және қаржылық тәртіпті нығайтуға, сондай-ақ мемлекеттік ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыруға бағытталған шараларды айқындауға мүмкіндік берді.

 

Жарияланған күні

13 қазан 2026

Жаңарту күні

20 қазан 2026

Жарияланымның авторы