Мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік желілердегі мінез-құлық мәдениеті

 «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының лауазымды адамдары қызметтік және кәсіби әдеп талаптарын сақтауға міндетті.

Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы және әлеуметтік желілердің кеңінен таралуы жағдайында интернет-кеңістік азаматтардың өзара қарым-қатынасы мен мемлекет пен қоғамның байланыс орнатуы үшін маңызды алаңға айналды. Мемлекеттік қызметші әлеуметтік желілер мен басқа да интернет-платформаларды пайдалану барысында жеке тұлға ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік органның өкілі ретінде танылады. Оның мінез-құлқы, жарияланымдары, фотосуреттері, пікірлері мен айтқан сөздері мемлекеттік қызмет туралы қоғамдық пікірді қалыптастырып, азаматтардың мемлекеттік институттар мен қабылданатын мемлекеттік шешімдерге деген сенім деңгейіне ықпал етеді.

Осыған байланысты мемлекеттік қызметшілерге мынадай талаптарды сақтау ұсынылады:

  • жарияланатын контент сән-салтанатты өмір салтын, айналасындағыларға менсінбеушілік көзқарасты көрсетпеуге және қоғам тарапынан орынды сын туғызбауға тиіс;
  • кез келген тақырыптағы пікірталастарда, оның ішінде қызметтен тыс уақытта да, іскерлік және жалпыға ортақ әдеп нормаларын сақтап, қорлайтын сөздерді, бейәдеп лексиканы, сондай-ақ ұлтаралық, әлеуметтік, діни немесе өзге де алауыздықты қоздыруға бағытталған пікірлерді қолдануға жол бермеу қажет;
  • тексерілмеген немесе жалған ақпаратты таратудан, сондай-ақ мемлекеттік органдардың қызметіне қатысты негізсіз сын пікірлер айтудан аулақ болған жөн;
  • қызметтік ақпаратты, азаматтардың дербес деректерін, сондай-ақ мемлекеттік немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияларды жария етуге қатаң тыйым салынады.

Аталған талаптарды сақтау мемлекеттік қызметтің беделін нығайтуға, мемлекеттік органдарға деген қоғамның сенімін арттыруға және мемлекеттік қызметшінің оң имиджін қалыптастыруға ықпал етеді.