Қызылордада аудит департаменті Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасына қарасты ұйымнан 6,8 млн теңгеге бұзушылықтарды анықтады
Көру саны:15
Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасына қарасты ұйым – «Кәсіби велоспорт түрлері бойынша спорт клубы» КММ-де жүргізілген тексеріс барысында бірқатар қаржылық заңбұзушылықтар анықталды.
Аудиторлық іс-шара Қызылорда облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментімен шағым негізінде жүргізді. Шағым иесі аталған мекемеде орын алуы мүмкін заңбұзушылықтарға назар аударып, тиісті мемлекеттік органдарға жүгінген.
Департаменттің мәліметінше, аудит барысында тексеруге қамтылған қаржының жалпы сомасы 10,2 млн теңге. Негізгі назар 2023–2025 жылдар аралығындағы кейбір қызметкерлерге еңбекақы, еңбек демалысы және іссапар шығындарын негізсіз есептеу мәселелеріне аударылды.
Аудит нәтижесінде анықталғандар:
- 5,2 млн теңге — нақты жұмыс істелмеген уақыт үшін жалақы төленген;
- 0,7 млн теңге — жыл сайынғы еңбек демалысын төлеу кезінде бұзушылықтар;
- 0,8 млн теңге — іссапар шығындарын өтеу кезінде заң бұзушылықтар;
Анықталған бұзушылықтардың жалпы сомасы 6,8 млн теңгені құрады. Аудит барысында бұл сома толығымен бюджетке қайтарылды.
«Қаржылық тәртіп пен еңбек заңнамасын сақтау – мемлекеттік ресурстарды тиімді басқарудың негізгі шарттары. Біз азаматтардың әрбір өтінішін мұқият қараймыз, бұл жағдай қоғамдық қатысудың мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығын қамтамасыз етудегі маңыздылығын көрсетті», — деп Қызылорда облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті атап өтті.
Тексеру нәтижелері бойынша Департаменттің бұзушылықтарды жою туралы нұсқамасына сәйкес, Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасына қарасты «Кәсіби велоспорт түрлері бойынша спорт клубы» КММ-нің кінәлі лауазымды тұлғалары тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Аудиторлардың айтуынша, мұндай тексерістер жүйелік мәселелерді анықтап қана қоймай, азаматтардың мемлекеттік билік институттарына деген сенімін арттыруға да септігін тигізеді.
04 қыркүйек 2025
20 қазан 2025