Тексеру барысында Астана қаласы бойынша ІМАД аудиторлары 143,7 млн теңге көлемінде қаржылық бұзушылықтарды анықтады

Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында Астана қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті 12 аудиттік іс-шара өткізді. Тексерулер барысында 7,8 млрд теңге көлеміндегі бюджеттік қаражат қамтылды. Бұзушылықтар осы соманың басым бөлігін, яғни 7,4 млрд теңгені немесе тексерілген көлемнің 94,9%-ын құрады.

Департамент мемлекеттік аудит объектілеріне бұзушылықтарды жою туралы 11 нұсқама жолдады, оның 4-і толық көлемде орындалды, ал 7 нұсқаманың орындау мерзімдері өтпеген немесе түрлі объективті себептермен ұзартылған.

Қаржылық бұзушылықтардың жалпы сомасы 143,7 млн теңгені құрады, ол жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету, тауарлар жеткізу және есепке алу бойынша, сондай-ақ бюджетке қайтару үшін орындауға жатады.

Осы бұзушылықтарды жою бойынша қабылданған шаралардың сомасы 55,6 млн теңге болды, бұл анықталған бұзушылықтардың 38,7%-ын құрайды.

Ең көп бұзушылықтар мемлекеттік сатып алу саласында тіркелді — 5,46 млрд теңге. Сондай-ақ, мемлекеттік мүлікті басқаруда (1,17 млрд теңге), ағымдағы шығындарды жүргізуде (454,2 млн теңге), инвестициялық жобаларды және концессиялық жобаларды іске асыруда (379,6 млн теңге), сондай-ақ бухгалтерлік, бюджеттік есеп жүргізу және қаржылық, бюджеттік есептілік жасау салаларында елеулі ауытқулар анықталды.

Әкімшілік жауапкершілікке 5 лауазымды тұлға тартылды, оларға жалпы сомасы 2,47 млн теңге айыппұл салынды. Аталған сома толық көлемде бюджетке түсті. Дисциплинарлық жауапкершілікке 13 қызметкер тартылды.

Жарияланған күні

09 сәуір 2025

Жаңарту күні

09 сәуір 2025

Жарияланымның авторы