Астанада қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайларға өткізу пункттерінде дайындықты қамтамасыз ету мәселелері бойынша тренинг өтті

Астанада қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайларға өткізу пункттерінде дайындықты қамтамасыз ету мәселелері бойынша тренинг өтті

2026 жылғы 3–5 қараша аралығында Астанада ҚР мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайларға дайындықты қамтамасыз ету мәселелері бойынша тренерлерге арналған оқыту семинары өтті.

Іс-шараны ДДСҰ Қазақстандағы елдік офисі Комитеттің қолдауымен ұйымдастырды. Оқытуға шаммен 40 маман, Комитеттің, Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының өкілдері, Халықаралық медициналық-санитариялық қағидалар (ХМСП) бойынша ұлттық үйлестірушілер, сондай-ақ өткізу пункттерінің қызметкерлері қатысты.

Қатысушылар санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тетіктерін, күнделікті жұмысты ұйымдастыру және қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайларға тиімді ден қою мәселелерін қарастырды.

Іс-шараның ашылуында Комитет төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы Айгүл Катренова құттықтау сөз сөйлеп, мемлекеттік шекарада жұмыс істейтін мамандардың әлеуетін арттырудың маңыздылығына тоқталды. «Ел аумағын санитариялық қорғау және өткізу пункттерінде санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізу – халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз етудің басым бағыттары. Мемлекеттік шекарада қызмет атқаратын мамандардың кәсіби әлеуетін арттыру ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ерекше маңызға ие», – деп атап өтті Айгүл Катренова.

Оның айтуынша, Қазақстанның мемлекеттік шекарасы бойында теміржол, әуе және су көлігі объектілеріне бақылау жүргізетін 26 санитариялық-карантиндік пункт жұмыс істейді. Сондай-ақ Пандемия қорының жобасы аясында аталған пункттерді қажетті жабдықтармен жарақтандыру және қадағалау жүйесін цифрландыру жұмыстары жүргізілуде.

Тренинг өткізу ұлттық сарапшылық әлеуетті нығайтуға, сондай-ақ Қазақстанның қоғамдық денсаулыққа төнетін қатерлерді уақтылы анықтау және оларға жедел ден қоюға дайындығын арттыруға бағытталған.

 

Жарияланған күні

05 қараша 2026

Жаңарту күні

05 қараша 2026