«Алтын виза»: шетелдік инвесторлар мен жоғары білікті мамандар үшін жаңа мүмкіндіктер

«Алтын виза»: шетелдік инвесторлар мен жоғары білікті мамандар үшін жаңа мүмкіндіктер

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитеті көші-қон заңнамасын жетілдіру жөніндегі заңнамалық түзетулер шеңберінде Қазақстанға шетелдік инвесторлар мен жоғары білікті мамандарды тартуға бағытталған жаңа тәсілдерді ұсынады. Олардың қатарында «Алтын визаны» алу тәртібін, шарттары мен критерийлерін заңнамалық тұрғыдан бекіту көзделеді.

Ұсынылып отырған өзгерістер шетел азаматтарының Қазақстанға кіруі мен онда болу шарттарын жеңілдетуді, қолданыстағы визалық режимдерді біріздендіруді, сондай-ақ «Алтын виза» тетігін енгізуді көздейді.

«Біздің негізгі міндетіміз – Қазақстанға қажетті жоғары білікті мамандар мен инвесторлар үшін түсінікті әрі қолайлы жағдайлар жасау. «Алтын виза» осы санаттағы тұлғаларға елде ұзақ мерзімді болу, еңбек және кәсіби қызметпен айналысу үшін қосымша мүмкіндіктер береді. Бұл ретте визалық режимдер мен талаптар шетел азаматының қызмет бағыты мен біліктілік деңгейін ескере отырып сараланатын болады», – деп атап өтті Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің Еңбек көші-қоны басқармасының басшысы Сабыржан Сейтжанов.

Шетелдік жұмыскерлерді санаттарға бөлу ұсынылады

Ұсынылып отырған заңнамалық өзгерістер шеңберінде Қазақстанға еңбек қызметін жүзеге асыру үшін келетін шетел азаматтарын бірнеше санатқа жіктеу жоспарлануда.

Оларға мыналар жатады:

– экономиканың сұранысқа ие басым салаларындағы жоғары білікті мамандар;

– білікті мамандар мен жұмысшылар;

– маусымдық шетелдік жұмыскерлер;

– үй шаруашылығында жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету үшін келетін еңбек иммигранттары.

Әрбір санат үшін шетел азаматының келу мақсаты мен біліктілік деңгейін ескере отырып, жеке визалық режим көзделеді.

«Алтын виза» иелері үшін ұзақ мерзімді резидент мәртебесіне ауысу мүмкіндігін көздеу ұсынылады. Алдын ала мұндай мәртебені 10 жылға дейінгі мерзімге беру жоспарлануда.

Сондай-ақ функционалдық тұрғыдан жеке куәлікке теңестірілетін сәйкестендіру құжатын беру көзделеді.

Шетелдік инвесторлар мен жоғары білікті мамандар үшін бірқатар салықтық, еңбек, көші-қон, әлеуметтік және басқа да преференциялар беру арқылы қолайлы жағдайлар жасау ұсынылады.

Атап айтқанда, «Алтын виза» иелері:

– Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең дәрежеде мемлекеттік және қаржылық көрсетілетін қызметтерді пайдалануға;

– белгіленген квотадан тыс және арнайы рұқсат алуды қажет етпестен, өз біліктілігіне сәйкес еңбек және кәсіби қызметті жүзеге асыруға;

– жеке мүлкін бажсыз әкелуге;

– жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының дипломдарын нострификациялау рәсімінен өтпестен автоматты түрде тануға;

– медициналық және білім беру қызметтерін пайдалануға;

– тиісті шетелдік сертификаттары болған кезде лицензияланатын қызмет түрлеріне қол жеткізуге мүмкіндік алады.

Ұсынылып отырған өзгерістер Қазақстанға инвестициялар мен жоғары білікті мамандарды тартуға, сондай-ақ олардың еңбек, инвестициялық және кәсіби қызметі үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған.

Сонымен қатар, жаңа тәсілдер көші-қон рәсімдерін жеңілдетуді, шетел азаматтарына қойылатын талаптардың түсініктілігін арттыруды және олардың елде ұзақ мерзімді болуына жағдай жасауды көздейді.

Осылайша, көші-қон заңнамасына ұсынылып отырған өзгерістер көші-қон саясатын одан әрі жетілдіруге, инвесторлар мен жоғары білікті мамандар үшін қолайлы орта қалыптастыруға, сондай-ақ олардың Қазақстанда жұмыс істеу және кәсіби қызметпен айналысу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.